25 жылдың 25 белесі
25 жылдың 25 белесі
Тәуелсіздігінің ширек ғасырында жаһан жұртына жақсы танылып, әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп үлгерген, стратегиялық мақсаттарына қарай нық қадамдар жасап, дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мұрат еткен Қазақстан 25 жылда талай белесті бағындырып, қаншама асудан сүрінбей өтті. Егемендік жылдары еліміздің жеткен жетістіктері мен халықаралық деңгейде атқарған абыройлы істері том-том кітапқа арқау боларлық. Алайда біз мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырып, еңсемізді тіктеген жемісті кезеңнің жарқын естеліктерін ел тарихындағы ең елеулі 25 оқиғаның шеңберіне топтастыруды құп көрдік!
Тағдыршешті құжат
1991 жылы 16 желтоқсан күні – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл – Қазақ елі тарихындағы ақжарылқап сәттің туғанын күллі әлемге айғақ еткен ұлы күн. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған сол шақ ел шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Тарихи құжатқа қол қойылған сәттен 45 минут өткен соң, Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Қазақстан атты тәуелсіз жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сөйтіп Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім Қазақ елінің тағдырын түбегейлі өзгертті.
Достық көпірі
Осыдан дәл 25 жыл бұрын, 1991 жылғы 8 желтоқсанда КСРО халықаралық құқық субъекті және геосаяси шындық ретінде өмір сүруін тоқтатты. Сол күні Минскідегі Беловеж тоғайында Беларусь КСР, РСФСР және Украина «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге» қол қойды. Қалыптасып отырған жағдайда туысқан республикалармен одақтық қатынастарды сақтау үшін күресудің мағынасы жоқ екенін түсіне отырып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Республиканың тәуелсіздігі және мемлекеттік егемендігі туралы заң қабылдады. Алайда бөлек отау құрған мемлекеттердің алдында бұдан да күрделі міндеттер тұр еді.
Алда тұрған түйткілдердің ауқымдылығын сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда бұрынғы одақтық республикалар көшбасшыларының кездесуін өткізу жөнінде бастама көтерді, онда достық, тату-көршілік және елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тарихи тамырларын тиісті құжатпен қуаттап, бекіту, сондай-ақ бұрынғы кеңестік кеңістікте басқа да біріктіруші жобаларды дамыту үшін векторларды іздестіру көзделді. Қазақстан басшылығының белсенді жұмыстарының нәтижесінде 1991 жылдың 21 желтоқсанда кеңестік 11 республиканың басшылары Алматыда бір үстелдің басына жиналды. Өткізілген келіссөздердің қорытындысында «ТМД-ның Алматы декларациясы» қабылданып, онда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғандығы жарияланды, оның тең құқылы бірлестікке ұмтылысы айқындалып, мақсаттары мен ұстанымдары нақтыланды.
Қауіпсіздік қалқаны
Мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдарының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 25 қазанда шыққан «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. 2 айдан кейін, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, ол «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықтады. Сол заңды басшылыққа ала отырып 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал-полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ. Нұрмағамбетовті тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып тарихқа енген 7 мамыр елімізде «Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Қауіпсіздігіміздің кепілі болып отырған тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі армиясы – ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы.
Азаттықтың айғағы
«Тәуелсіздік – алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар. Оның біріншісі – көк байрақ, екіншісі – Елтаңба, үшіншісі – әнұран, төртіншісі – қазақ тілі», – деген еді Елбасы Н.Назарбаев. Елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын – осы рәміздеріміз. Егемен Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері тәуелсіздігімізді алғаннан кейін алты айдан соң, 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлихановтың суретшілік шеберлігінің жемісі – Елтаңбамыз, бірегей бейнесі Шәкен Ниязбековтің қылқаламымен өрілген Көк Туымыз, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтей біртуар дарын иелері мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың шалқар шабытынан туған рухты Әнұранымыз – азаттығымыздың айғағы. Тәуелсіздікті қалай қастерлесек, оның қасиетті белгілерін де солай қадірлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның елдік нышандарын тұмардай қасиет тұтуы шарт. 2007 жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес 4 маусым «ҚР Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні» болып бекітілуінің мәнісі осында.
Бауырларға жайылған құшақ
Осыдан 24 жыл бұрын, 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтті. Алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия және басқа 33 елден 800-ден астам адам қатысты. Ата жұртты аңсап жеткен қандастар туған елмен сағына қауышты. Құрылтай жұмысын насихаттауға 200-ден астам журналистер, 50-ден аса телерадиокомпаниялар атсалысты. Құрылтай қорытындысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Сөйтіп, әлемнің әр шалғайындағы қазақ диаспорасымен жұмыс істейтін іргелі ұйым шаңырақ көтерді.
«Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі исі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс – Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!» – деймін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайға жиналған қауымға.
Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихының жаңа парағын ашқан бұл құрылтайда және одан кейін де шетелде тұратын қазақтар үшін қабылданған арнайы заңдар өз күшіне енді. Сол арқылы әлемнің 40-қа жуық елінде өмір сүріп жатқан қандастар Қазақстанға ағылды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта республикамызға 263 913 отбасы немесе 964 465 қазақ көшіп келіпті. Қазіргі қоғамда олардың сегменті 5,5 пайызды құрайды. Ел аман, жұрт тыныш болса, атажұртқа қарай әлі талай көштің бет бұрары анық.
Тәуелсіздік қарлығашы
Кеңес Одағы құлаған жылы бұрынғы одақтас елдер жаппай өз валютасын шығара бастады. Ресейдің өзі жаңа рубліне көшіп кетті. Бума-бума құнсыз қызыл ақша қазақтың қолында қалып қойды. Бұл ақша жас мемлекеттің экономикасына кері әсерін тигізді. Араға бірер жыл салып, 1993 жылдың 15 қарашасында төл валютамыз – теңге дүниеге келді. Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл ақшамыз қолданысқа енгізілді. Ескі үлгідегі ақшаларды Қазақстанның жаңа теңгесіне айырбастау 20 қараша күні кешкі сағат 8-де аяқталды. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті.
Халықаралық мамандар пікірінше, теңге – ТМД аумағындағы тұрақты валюталар қатарында. Бүгінде төл ақшамыз тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Ұлттық валюта осы жылдар ішінде түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды.
Құқықтық бағдаршам
Сонау тағдыршешті жылдары Мемлекет басшысының алдында қадау-қадау міндеттер тұрды. Олар: биліктің негізгі институттарын құру, іргелі реформалар жүргізу үшін кәсіби аппарат қалыптастыру, мемлекеттің саяси рәміздерін қабылдау, әлем елдерімен дипломатиялық байланыс орнату, жоспарлы өндірістен нарықтық экономикаға көшу, ұлттық валютаны айналымға енгізу, елде жұмыс орындарын ашу, құлдыраған өнеркәсіп саласын қалпына келтіру, қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтап, заңсыздықпен күрес, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. Міне, осындай ауқымды мемлекеттік мәселелерді ойдағыдай шешу үшін, әрине, елімізге ең бірінші кезекте Конституцияны қабылдау қажет еді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында ХІІ шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Конституция кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тарау мен 131 баптан құралды. Онда мемлекеттің тәуелсіздігі, билік тармақтарын бөлу, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, сот органдарының құрылымы секілді бірқатар нормалар қамтылды. Алайда бұл Конституция арада екі жыл өтпей жатып, күшін жойды.
1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңы қабылданды. Жаңа Конституция 9 тарау, 98 баптан құралды. Референдумға қатысқан ел азаматтарының 90 пайызға жуығы, яғни қатысуға құқығы бар жеті миллионнан астам азамат Ата Заңымызды қабылдауға бірауыздан дауыс берді. Бүгінде бұл құжат елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып қаланды.
Егемендіктің ескерткіші
1994 жылдың 6 шілдесінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. «Менің тапсырмам бойынша, мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті…», – деді Мемлекет басшысы сол бір тарихи сәтте.
1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Бірқатар басылымдар жаңа астанаға жол тартқан ұлы көштің шырқау шегін дәл осы күнмен байланыстырады. Алайда ол сәл ертеректеу, 1997 жылдың 8 қарашасындағы Қазақ елінің мемлекеттік рәміздерін Алматыдан жаңа астана – Ақмолаға әкелуден басталған еді. Ал егемендіктің ескерткіші – еңселі елордамыздың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді.
Білім көкжиегі
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылындағы баға жетпес жетістіктеріміздің бірі – «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаның құрылуына уақыт талабы ықпал етті. Мемлекетіміз тәуелсіздігін енді алып, экономикада еркін нарықтық қатынастар жолына, демократия және әлемдік қоғамдастыққа толық ену жолына шыққанда кез келген реформаны дөңгелетіп, өзіне жүктелген жауапты міндетті орындауға қабілетті білікті кадрлар қажет болды. Сөйтіп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы № 1394 қаулысы бойынша ел жастарына «Болашақ» шәкіртақысы тағайындала бастады.
1994 жылы шетелге білім алуға аттанған бағдарламаның алғашқы 187 стипендиатын Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп шығарып салды. «Болашақ» аясында оқып келген 8 855 маман бүгінде мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда. Бағдарлама түлектерінің әрбір екіншісі жекеменшік және мемлекеттік сектордағы Қазақстан компанияларында жұмыс істейді. 19 пайызы – ұлттық компаниялар менеджерлері. 4 пайызға жуығы – халықаралық ұйымдарда, сондай-ақ, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарында еңбек етеді. Жалпы, түлектердің төрттен үші экономиканың нақты секторында және азаматтық қоғам институттарында қызмет атқарады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» 25 пайызға жуығы еңбек етуде.
Шегенделген шекара
Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Елбасы Үкіметке, Сыртқы істер министрлігіне, басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволарға елдің қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін шекаралас мемлекеттермен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды түрде рәсімдеу үдерісін бастауды тапсырды. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен танылды. 1995 жылдың қыркүйегіндегі Елбасының Қытайға барып қайтқан үш күндік сапарында екі ел басшылары Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу хаттамасына қол қойды. 1999 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді. 1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды. Өзбекстанмен арадағы шекара да екі елдің тарихи мүдделеріне сай реттелді. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды.
Сарабдал стратегия
Мемлекет басшысы ұсынған маңызды саяси құжаттар болашаққа бағдаршам болды. Бұл – еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, халықаралық деңгейін жоғарылатып, үлкен белестерді бағындырудың нақты қадамдары. «Қазақстан – 2030» стратегиясында жоспарланған 50 ел қатарына мемлекетіміз мерзімінен бұрын аяқ басып, өз алдына жаңа міндеттерді айқындады. Ол туралы Президент Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанында ұсынған «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан – 2050» Жолдауында: «Сол бағдарламада межелеген 7 бағытты толық орындадық. Ең бастысы ұлттық қауіпсіздігімізді қорғай отырып, мыңдаған шақырымдық еліміздің шекарасын анықтап, дербес мемлекеттік қауіпсіздігімізді сақтап отырмыз. Экономикамыз өркендеп, дүние жүзіндегі алдыңғы қатардағы 144 елдің ішінен 50-ші орынға ендік. Алтын-валюта қорымыз 87 миллиардқа жетіп, халықтың табысы 16 есеге көтерілді. Денсаулық сақтауға, ғылым мен білімге 9 жарым есе қаржы бөліп 240 мектеп, 708 аурухана салдық. Халықаралық стандартпен білім беретін Назарбаев университетін ашып, жастарымызға білім бере бастадық. Қорытып айтар болсақ, ұзақ мерзімге бағытталған 2030 стратегиялық бағдарлама толығымен, мерзімінен бұрын орындалды. Осының бәрі соңғы 20 жылда жеткен жетістіктеріміз. Біз осы жетістіктермен шектеліп қоймай одан әрі даму жолдарын жоспарлауымыз керек. Сондықтан ұлтымыздың дамуының жаңа саяси бағыты 2050 стратегиясын дайындадық», – деп Қазақстан Республикасының жетістіктерін ерекше атап өтті.
2014 жылдың 17 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының жаңа Жолдауы да тарихи маңызы зор құжаттардың бірі екендігі даусыз. Мемлекет басшысының сөзімен сабақтар болсақ: «Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы».
Ауыл ажары
Ауыл – қазақтың негізгі күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да содан бастау алады. Қазақстан халқының 47% ауылдық жерлерде тұрып жатқандықтан, мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, оған дәлел ретінде 2002-2005 жылдардағы «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламаларды атауға болады. Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға» жобасы да – жас мамандарды ауылға тартып, орталықтан шалғай елді мекендерді көркейтудің бірден-бір жолы. Ұлттық халық санағының ресми дерегі бойынша, соңғы 10 жылда ауыл халқының саны 12 пайызға өскен. Бұл, әрине, көңілге жұбаныш ұялататын дерек. Салыстыру үшін айта кетсек, 1999 жылы ауыл тұрғындары республика халқының 43,6 пайызын құраған болатын. Ауылдық жерлердегі тұрғындар санының артуы сөзсіз мемлекет атқарған істердің оң нәтижесі деп айтуға әбден болады.
Егер ауыл – республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы – еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығының факторы болып есептеледі», – деген болатын Елбасы. 2002-2005 жылдары жобаланған «Ауыл жылдары» аясында жүргізілген кешенді жұмыстарға дейін кейбір орталықтан шалғай елді мекендердің жағдайы ауыр деңгейде болды. Елбасы бастамасымен қолға алынған ауқымды еңбектер нәтижесінде біраз мәселе оң шешім тапты. Ауыл жылдарында – жол, ауыз су, мектеп, аурухана құрылыстарын жүргізуге – 2003 жылы шамамен – 40 млрд, 2004 жылы – 50 млрд, 2005 жылы – 55 млрд теңге мемлекет қазынасынан бөлініпті. Ауыл жылдары мемлекет тарапынан атқарылған істің бас аяғы бұл ғана емес. Халықтың амандығы әрқашанда алдыңғы орында тұратыны айтпаса да түсінікті. Ауыл тұрғындарының дені сау, салауатты өмір кешуі үшін де жоспарлы жұмыстар межеленуде. Мәселен, республикалық бюджеттен 28 денсаулық сақтау объектісін салуға 5,7 млрд теңге, оның ішінде «100 аурухана» жобасының шеңберінде 22 объектіге 5,1 млрд теңге бағытталды. Бұл цифрлар қордаланған көп мәселені түгелдей дерлік шешіп тастамағанымен біраз жұмыстың атқарылғанынан хабар береді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын заманға лайық технологиямен жасақтап, жаңғырту ісінің мықтап қолға алынуы да ауылдардың дамуына тың серпін беріп, ел экономикасын ілгерілете түсті.
Діндер арасындағы дәнекер
Қазіргі уақытта Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы – Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді. Осы орайда, 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде ұйымдастырылған І Съездің маңызы ерекше. Содан бері елордамыз Астана қаласында дәстүрлі түрде 3 жылда бір рет өткізіліп келе жатқан ауқымды жиын арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.
Түп-тұқиянды түгендеген жоба
Бүкіл бір ұлттың мәдениетінің, тарихының, білімі мен ғылымының, рухани қазынасының кішкентай көрінісі болған мәдени мұралар – кешегі күннің бір белгісі ғана емес, бүгінгі дамудың қозғаушы күші, оның негізгі бастауы, әрі нық қаланған негізі. Сондықтан да осынау баға жетпес мұраларымызды қайта түлетіп, жаңғырту, елге танытып, келер ұрпаққа жеткізу міндетін арқалаған бағдарлама – «Мәдени мұраның» ел өмірінде айрықша маңызға ие болуы заңдылық.
«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы түзілді. Бағдарламаны жүзеге асыру 2004 жылы басталған болатын және екі жылға есептелген. Кейін тағы екі кезең қамтылды: 2007 жылдан 2009 жылға дейін және 2009 жылдан 2011 жылға дейін. Мұншалықты үлкен жобаны іске асыруды ТМД елдерінің ішінде алғаш бастаған – біздің мемлекет.
2004 жылдан, яғни бағдарламаны жүзеге асыра бастаған кезден бастап тарих пен мәдениеттің 78 ескерткіші қайта өңделді. Біздің түп-тұқияндарымыз туралы көптеген мәлімет беретін ғылымды мыңдаған артефактылармен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің масштабты инвентаризациясы өткізілді және республикалық (218 нысан) және жергілікті (11 277 нысан) маңызы бар Тарих пен мәдениет ескерткіштерінің тізімі қабылданды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения, сонымен қатар АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде құнды тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты 5 мыңнан астам мұрағаттық құжаттар, қолжазбалар мен баспа шығарылымдары алынды. Орта ғасырлардағы әуендерді терең зерттеулер жүргізілді, оның ішінде күйлер, тарихи өлеңдер. Қазақтың дәстүрлі әндерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы шығарылды. «Қазақфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы 20 деректі фильм түсірді. Жоба аясында жыл сайын елімізде және шет елдерде тарихи-мәдени мұрамызды дәріптеу бағытында шамамен 200 шара ұйымдастырылады. Сондықтан қазақ халқының ұлттық рухани байлығын әлемге әйгілі еткен «Мәдени мұра» бағдарламасы тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен жоба деуге толық қақымыз бар.
Ғарышқа қадам
Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш саласына қатысты тарихының басты беті 2006 жылдың 18 маусымы күні ашылды. Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық тұңғыш «KazSat» Жер серігі ұшырылды. Қараша айында «KazSat» жер бетіне жиілетіп телехабарлар таратып, жедел интернет-коммуникациялық қызмет үлгілерін көрсете бастады. 2007 жылдың аяғында да қазақстандық Жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 пайызы жүктеліп, ақаусыз әрі қалыпты жұмыс істеп тұрды. Алайда 2008 жылдың 10 қаңтарында «KazSat» аппараты алғаш рет жүрісінен жаңылып, коммуникациялық байланысында іркіліс пайда болып, Қазақстан операторлары Жер серігімен он сағат бойы байланысқа шыға алмай қалды. Қазақтың өзі-өз болғалы тұңғыш деп жария еткен Жер серігі ғарыштағы қызметімен аяқ астынан осылайша қош айтысты. Үкіметтік дәрежеде құрылған арнайы комиссия Жер серігінің бойындағы бар техникалық кінәратын зерттеп қана қоймай, халықаралық сақтандыру компанияларынан өтемақы қайтарып алу жайын табанды түрде талап етті. Ұзаққа созылған дәлелдеулер мен ақиқаттар айқасының ақырында Лондонда өткен ақтық мәжілісте, яғни 2011 жылдың тамызында, тиын санаған сақтандырушылардан Қазақстан жағы 40 миллион АҚШ долларының үстінде Жер серігінің шығыны үшін өтемақысын қайтарып алды.
2011 жылдың 16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «KazSat-2» Жер серігі ұшырылды. Араға үш жыл салып, яғни, 2014 жылдың 28 сәуірі күні «Байқоңыр» космодромының №81 алаңынан «Протон-М» зымыран тасығышына тиелген «KazSat-3» Жер серігі аппараты орбитаға шығарылды. Қазақстандық ғарыштық бұл аппарат 176 миллион долларға сақтандырылған еді. Бүгінгі таңда әлемдік әйгілі ғарыштық 25 елдің қатарынан ойып тұрып өз орнын тапқан Қазақстан Республикасы өз Жер серіктерінің қызметін де, қызығын да көріп отыр деуге толық негіз бар.
Жұлдызды шақ
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі – елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі. Еліміз – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Төрағалықтың басты нәтижелі түйіні – ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен Астана саммиті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Сол жылы Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «11 жылдың ішінде осынау беделді халықаралық ұйымның жоғары деңгейдегі басқосуын өткізу ешбір елдің қолынан келмеді. Қазақстан ғана бұл мақсатты іске асырды. Астана саммиті ЕҚЫҰ-ның барлық елдерін біріктірген айтулы оқиға болды. Осыдан 19 жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы – Астана әйгілі «Хельсинки рухының» лайықты ізбасары болатыны ешкімнің ойына келмеген еді. Бүгінгі күні бұл мақсатты біз жүзеге асырдық. Астана Саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы», – деді.
Азияны елеңдеткен дүбір
2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығы өміріндегі спорт саласының қайнаған орталығына айналды. Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары болып өтті. Әлемдік қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін республиканың негізгі екі қаласында арнайы әрі бірегей спорт кешендері салынды. Бой көтерген ол ғимараттар бүгінде елдің спорт инфрақұрылымының маңызды элементтері бола отырып, азаматтарды саламатты өмір салтына кеңінен тарту ісіне қызмет етуде.
Дүбірлі додаға әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына 11 спорт түрі енгізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл қысқы Азиада тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Қазақстан осы ойындарда алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орыннан көрінді. VII Қысқы Азиада ойындарының салтанатты жабылуында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Азиада барысында достықтың ізгі жалауы желбіреп, құрлық елдерінің әнұрандары шырқалды. Бұл спорт мерекесі тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттеріне айналады деп сенемін. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған спортшыларға айрықша алғыс айтамын. Біздің атлеттеріміз жоғары жетістіктеріне қол жеткізіп, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту жасады», – деді. Осылайша Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және әлемдік спорттағы жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскені тағы бір дәлелденді.
Игілікке айналған метро
2011 жылы 1 желтоқсанында ашылған Алматы метросы – әлемдегі ең жаңа, бұрынғы Кеңестер Одағындағы Қазан қаласынан кейінгі және Орта Азиядағы екінші, Азия құрлығындағы іске қосылған соңғы метро. Егер Ташкент метросын бүкіл КСРО республикалары жабылып салса, Қазан метросын бүкіл Ресей Федерациясы асарлап салды. Ал Алматы метросы Тәуелсіздігіміздің алып ескерткіші ретінде және өз күшімізбен салған ғажайып құндылық болуымен де бізге аса қымбат.
Құрылысы сонау 80-ші жылдары басталып, Мемлекет басшысының жеке қолдауы арқасында тәуелсіз Қазақстанда пайдалануға берілген метро 5 жыл ішінде 40 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Жыл сайын жолаушылар легі 20 пайызға артуда.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтарының игілігіне айналған метрополитен 9 бекеттен тұрады. Оның 8-інің атауы ұлттық тарихи даму дәстүрімен сабақтастырылып қойылған. Ал Мәскеу бекеті екі елдің негізгі қалаларының достық қарым-қатынасын дамытуды көздеген ойдан туындаған. Алдағы уақытта Алматы метросын Абай даңғылынан Яссауи көшесіне дейін одан әрі дамыту жобасын жүзеге асырылмақ. 2020 жылға дейін «Сарыарқа» , «Достық» бекеттері іске қосылатын болады. Алдын ала болжам бойынша күн сайынғы жолаушы легі 85 мың адамға жетеді. Ал «Қалқаман» және «Батыс» бекеттері салынса, тәулігіне метро қызметін пайдаланатындар саны 120 мың адамға жетпек.
Париждегі мерей
Келер жылы еңселі елордамыз – Астана төрінде EXPO-2017 халықаралық көрмесі өткелі отыр. Осы жаһандық шараны өткізу барысында егеменді еліміздің халықаралық кеңістіктегі беделі сынға түсетін болады. Қазақ елі төрткүл дүниеден келген қонақтарға өзінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени жетістіктерін танытып, әлемдік мәртебесін шегендей түспек.
Осыдан төрт жыл бұрын халықаралық көрмені өткізу мүмкіндігі еншімізге тиген ақжарылқап сәт күні кешегідей жадымызда. 2012 жылы қарашаның 22-сінде Франция астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясы өтіп, қатысушы мемлекеттер жасырын дауыс беру арқылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын Астанаға сеніп тапсырды. Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-мемлекеті Астананы қолдап, 44-і қарсы дауыс берді. Осылайша Белгияның Льеж қаласымен бәсекеге түскен Қазақ елінің астанасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Орталық Азия өңіріндегі ғана емес, ТМД аумағында өткізілетін алғашқы халықаралық көрме болмақ. 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылатын ауқымды шара әлемнің 100-ге тарта елі мен 10 халықаралық ұйым қатыспақ. Көрме барысында елімізге 5 миллионға жуық адам қонаққа келеді деп болжануда.
Жаһандық нарыққа жол
Егеменді елдің тәуелсіздік жылдары жеткен тағы бір жарқын жеңісі – жаһандық сауда элитасына кіруі. Әлемнің 160-тан астам мемлекетін біріктіретін алып экономикалық бірлестік – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу үшін Қазақстанға талай сынақты еңсеруге тура келді. Мемлекет ДСҰ-ға кіруге 1996 жылдың 29 қаңтарында өтініш берген еді. Қазақстанның ұйымға мүше болу жөніндегі келіссөздері арада 19 жыл өткен соң ғана аяқталды. Ұйымның жұмыс тобының мүшелері 2015 жылдың 10 маусымдағы отырысында бірлестіктің 20 жылдық қызметінде «ең күрделі сын» болған келіссөз жүргізу процесінің аяқтау туралы шешім шығарды. Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы туралы жобасы 22 маусымда ресми түрде бекітіліп, ұйымның 161 мүшесі ресми түрде шешім қабылдауы үшін Бас кеңеске жіберіледі. «ДСҰ мүшелері мен Қазақстан Республикасының үкіметін осы тарихи оқиғамен құттықтаймыз – бүгін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздері аяқталды. Қазақстанның ДСҰ-ға кіргенін тағатсыздана күтемін», – деді ұйымның бас директоры Роберту Азеведу.
Араға бір ай салып, 27 шілдеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо республиканың ДСҰ-ға мүше болуы жөніндегі хаттамаларға қол қойды. Осылайша Қазақстан ДСҰ құрамына ресми түрде кірді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол тарихи сәтте Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде: «ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады», – деді.
Қазір әлемде жасалатын сауданың 95 пайызы дәл осы ұйым арқылы жүзеге асады. Ал сауда жүрген жерде пайда қатар жүреді. Сондықтан, Қазақ елі үшін ең алдымен сыртқа өнім шығарып, тауарлар мен қызмет түрлерін таңдауға мүмкіндік туды. Әрі шетелден инвестиция тартып, жаңа өндірістерді өркендетуге жол ашылды.