Жаңақала ауылында жібек құрты қаптады

Жаңақала ауылында жібек құрты қаптады

Жаңақала ауылында жібек құрты қаптады
ашық дереккөзі
Орманшылар Григорьевка ауылдық округіне қарайтын Жаңақала ауылында жібек құрты қаптағанын айтып дабыл қағуда деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. Бұл туралы Жаңақала ауылындағы орманшы Серік Бакриденов мәлім етті.
- Ауылымызда жібек құрты қаптап кетті. Ағаштарды, жапырақтарды жеп жатыр. Көп жапырақты жеп қойды. Көбіне терек пен көктеректердің жапырағын жеуде. Біздің орманшылар жергілікті әкімдікке, тиісті басқармаға хабарлады. Құрттарды бір апта бұрын анықтай бастадық. Олар үйге де, шарбақтарға да шығып кетеді, - деді Серік Бакриденов.
Григорьевка ауылдық округінің әкімі Виталий Бруцкийдің айтуынша, жібек құрттары ауылдағы жайылмада тұрған теректер мен жол шетінде өсіп тұрған қайыңдарды жеуде. Павлодар орман қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов қыс жылы болғандықтан жібек құртының көп шыққанын айтты.
- Жаңбырдан кейін жаңа жапырақтар өсіп шығады. Фитосанитария қызметі бұл жібек құртына қарсы өңдеу жүргізеді. Олар бізге сараптама жасап береді. Қыс жылы болды. Сондықтан көп шығып жатыр. Жібек құрттарының дернәсілдері қатты аязда ғана өледі, - деді Аждар Жүсіпов.
Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы бұл құрттардың еш зияны жоқ екенін айтуда.
- Бұл сыңар жібек құртының екі түрі бар: карантиндік саналатын азиялық түрі және карантиндік саналмайтын еуропалық түрі. Павлодар облысында карантиндік емес түрі жүр. Олар мамырда пайда болады. Құрттар есейген сайын ағашта жоғары өрмелей алады. Ауыл шаруашылығына, егінге ешқандай зиян келтірмейді. Құрттар қаптап кеткен кезде ағаштың ұшар басын ғана жейді. Олар жыл сайын болады, - деді орталықтағылар.
Аталған орталықтың хабарлауынша, бұл құрттарға қатысты Ресейде ПТР сараптама жасалған. Сараптама нәтижесі карантиндік емес түрі екенін анықтады. Орталық өкілі Жасұлан Кенжебаев күнде ауданды аралап шығатындарын атап өтті. Павлодар ауданы арқылы Тереңкөл ауданына шығатын жолдың бойында жапырақтардың 90 пайызын жеп қойған. Жаңаауыл орман шаруашылығының орманшысы Валерий Зоричевтің айтуынша, Жаңақаладан бөлек, Набарежное ауылында да жібек құрттары қаптаған. Сондай-ақ Черноярск, Мичурин, Чернорецк ауылдарында аздаған жібек құрттары анықталған.