Елордада ат жарысының жазғы маусымы ашылды

Елордада ат жарысының жазғы маусымы ашылды

Елордада ат жарысының жазғы маусымы ашылды
ашық дереккөзі
Дәстүрлі іс-шара елорданың маңында орналасқан «Қазанат» атшабарында бәйгенің төрт түрінен және жамбы ату мен теңге ілу жарысының ашылуымен өтті деп хабарлады turkystan.kz Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Атшабарда өткізіліп жатқан ұлттық спорт түрлерінен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден аса спортшы мен 60-қа жуық келісті жылқы қатысты. Дүбірлі дода алдымен Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
«2022 жылғы жазғы спорттық маусымның ашылуына арналған ат спорт жарыстары өз бастауын алды. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде, халқымыздың ежелгі дәстүрлерімен бірге ұлттық спорт түрлері де жаңғыра бастады. Оларға қазіргі таңда ерекше назар аударылуда. Спорт түрлері ішінде ұлттық спорт басымдыққа ие. Олар – қазақ халқының рухы. Спортшыларға жоғары нәтиже көрсетіп тілеймін. Ат спорт түрлерінің жарыстарын ашық деп жариялаймын», - деді вице-министрі Серік Жарасбаев.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін үш шақырымдық тай жарысы, артынша жеті шақырымда құнан бәйге өтті. Ат жарысының көркін 18 шақырымдық аламан бәйге қыздырды. Бас жүлде Нұр-Сұлтан қаласының «Алғыр» атты қаракеріне бұйырды. Екінші орынды Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан келген бес жасар «Қанатықара» қара айғыр еншіледі. Үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысынан келген таза қанды бес жасар «Ақмаңдай» торы табан тіреді. Үздік шабандоздар мен ең жүйрік аттардың иелеріне Нұр-Сұлтан қаласының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының демеушілігі есебінен ақшалай және бағалы сыйлықтар, сондай-ақ медальдар табысталды. Айта кетейік, жамбы ату мен теңге ілуден ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты 19 маусымға дейін жалғасады. Яғни, жамбы ату және теңге ілуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты 3-6 маусым күндері, жастар чемпионаты маусымның 9-13, жасөспірімдер чемпионаты 15-18 маусымға дейін «Қазанат» атшабарында өтеді.