«Референдумнан кейін өрлеу жолының алғашқы баспалдағына аяқ бастық» – Ринат Кертаев

«Референдумнан кейін өрлеу жолының алғашқы баспалдағына аяқ бастық» – Ринат Кертаев

«Референдумнан кейін өрлеу жолының алғашқы баспалдағына аяқ бастық» – Ринат  Кертаев
ашық дереккөзі
AMANAT партиясының хатшысы Ринат Кертаев 5 маусым күні болған референдумға байланысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Ел болып жұмылып референдумды да өткіздік. Халқымыз кеше бірлік пен жасампаз болмысын тағы бір көрсетіп, салиқалы шешім шығарды. Азаматтардың көп бөлігі конституциялық реформаны қолдап дауыс берді.  Алдын ала мәліметтер бойынша, дауыс берушілердің 68,06%-ы референдумға қатысты. Бұл - 8 млн-ға жуық азамат. Референдумның қорытындысын Президенттің стратегиялық бағытына халықтың көрсеткен қолдауы деп бағалауға болады», - деді Ринат Думанұлы.
Оның айтуынша, бұл қоғам мен мемлекеттің бет алған бағытының дұрыс екенін көрсетеді.
«АMANAT - елдегі жүйелі реформалар мен трансформацияны қолдаушы саяси күш. Сол себептен де партия алғашқы күндерден бастап-ақ референдумның мән-мазмұнын халыққа түсіндіру жұмысына бел шешіп кірісті. Ол үшін 1 Республикалық және облыс пен аудан деңгейіндегі 217 аймақтық штаб құрылды. Штаб мүшелері 6 мамыр мен 3 маусым арасында 12 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырып, халықпен кездесті. Түсіндіру жұмыстары бүкіл елімізді қамтып, алыс шалғайдағы ауылдарға дейін жетті. Бұл аманаттықтардың елдегі оң өзгерістерге қосқан тағы бір сүбелі үлесі», -  деді ол.
Сондай-ақ Ринат Кертаев референдумнан кейін еліміз өрлеу жолының алғашқы баспалдағына аяқ басты деп санайды.
«Алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұр. Референдум ел ішінде жаңа саяси конструкция жасау мен тарих дәптеріндегі жаңа парақты ашу кезеңі. Саяси трансформация ұлттық жаңаруға, кешенді модернизацияға және мемлекеттің нығаюына ықпал ететіні сөзсіз. АMANAT партиясы осындай тарихи өзгерістердің жүзеге асуына ұйытқы болып, бұл істің алдыңғы шебінде жүр. Референдумнан кейін бұл жұмыстың келесі, жаңа кезеңі де келіп жетті. Алда жаңа белестер тұр», - деді Ринат Кертаев.