Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтеді - Президент

Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтеді - Президент

Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтеді - Президент
ашық дереккөзі
Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтеді, оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеуінде мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
«Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі.
«Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын», - деді Қ.Тоқаев.