Еділ Жаңбыршин: Конституциялық реформаны халық қолдады

Еділ Жаңбыршин: Конституциялық реформаны халық қолдады

Еділ Жаңбыршин: Конституциялық реформаны халық қолдады
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Президенттің Конституциялық реформасына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Кеше Қазақстан тарихында мәңгілік із қалдыратын саяси шара өтті. 27 жылдан кейін Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар бүкілхалықтық референдумға шығарылды. Ел арасында бұл шараға қатысты біраз дискуссия болып, алуан түрлі ой-пікірлер айтылды. Сенім мен сенімсіздіктің «майданы» болды десек те артық айтпаспыз. Олай болуы - заңдылық. Өйткені, неше жыл, ескі билік елдің еңсесін басып, қоғамға үрей ұялатып, демократиялық үрдістерді тежеп келді. Бірақ, қанша дегенмен адам баласы жақсылықтан үмітін үзген емес. Қазақстандықтарда болашақта еліміздің оң бағытта дамуына зор үміт артып отыр. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің барлық Үндеулерінде ел үшін қызмет жасайтынын, саяси трансформацияларды қолға алатынын және демократиялық өзгерістерді іске асыратынын ашық айтып келді. «Ер айтты, ер жасады» деген ұстаныммен Президент саяси модернизацияны Конституциядан бастады және оны бүкіл халықтың шешіміне салды», - деп жазды халық қалаулысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар жазбасында Референдум легитимді болуы үшін орындалуы керек талаптарды тізіп шықты.
«1. Референдум туралы заң бойынша референдумға 50%-дан астам сайлаушы қатысу керек еді, ол көрсеткіш ресми мәліметтерге сәйкес 68,06% болды. 2. Қатысқан сайлаушылардың 50%-дан астамы «Ия» деп дауыс беру керек еді, бұл көрсеткіш 77,18% болды. 3. Қазақстанның 14 облысы мен республикалық деңгейдегі 3 қаласының 2/3, яғни 12 әкімшілік-территориялық бірлігі жоғарыдағы екі көрсеткіштен өтуі керек еді, ол 16 болды. Тағы бір мәселе. Референдумда өрескел заңбұзушылықтар орын алған жоқ. Барлық сайлау процесі ашық өтті, оны отандық және халықаралық байқаушылар да мойындады. Үшінші айтып кететін жәйт, бірнеше тәуелсіз ұйымдардың сайлаушылармен жүргізген exit poll нәтижелері де ресми мәліметтерден көп айырмашылық берген жоқ. Осы жағдайларды ескерсек, Референдум-2022 толық заң талаптарына сай өтті. Референдум қорытындысы бойынша, жалпы халықтың 18,66%-ы қарсы дауыс берді. Бұл да - заңдылық. Өйткені болып жатырған процестерге күмәнмен қарайтын, сенбейтін азаматтарымыз да бар және осы саяси трансформацияларды қаламайтын күштердің де әлі де арамызда бар екенін ескерген жөн. Дегенмен қоғам мен биліктің арасында консенсунс орнады және қоғамдық келісім-шарт қабылданды деп айтуға болады. Халықтың көпшілігі билікке сенім білдіріп, дауыс берді. Енді негізгі «әрекет» - биліктің жағында. Электорат биліктен, әсіресе Үкіметтен нақты өзгерістер мен шешімдерді күтеді. Президент мықтылығын, Парламент ықпалдылығын, Үкімет тиімділігін іске асыратын Конституциялық реформаны халық қолдады! Ендігі жерде ескі шаблондар мен стильдерді ысырып тастап, жаңа әдістер мен көзқарастарды қолға алып, бәрімізге бірлесіп Жаңа Қазақстан үшін жұмыс істеу қажет»  деп жазды Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.