«Шымкент барысы» анықталды

«Шымкент барысы» анықталды

«Шымкент барысы» анықталды
ашық дереккөзі
Шымкентте  қазақша күрестен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу бәсекесі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Ереже бойынша балуандардың жасы 18 жастан асқан, салмағы 90 келіден жоғары болуы тиіс. Дүбірлі доданы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тамашалап, бұл турнирдің ұлтымызға жігер беретін игі бастама екенін атап өтті.
«Ұлттық спорт түрлері -  ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпазы, әлем барысының күміс жүлдегері, Евразия барысының жеңімпазы - Ерсұлтан Мұзаппаров және әлем чемпионатының жеңімпазы, Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы - Әділжан Истабаевты айтып өтуге болады. Бүгінгі жарыс барысында балуандарға сәттілік тілеймін», - деді әкім.
Жарыс Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренасында өтті. Сайдың тасындай іріктелген 27 палуан осы боз кілемде күресті. Шым шаһардың барысы болуға таласқандар – кіл мықты. Әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер. 30 белдесу өткізіп, топ жарған 1-орын үшін - Daewoo Nexia автокөлігі. 2-орын үшін 500 мың теңге, үшінші орынға 300 000 теңге сыйақы қарастырылған. 19 жастағы Мейіржан Әбдімәлік әбжіл қимылдайды. Техникалық айла-тәсілдері сүйсінтеді. Ұлттық спортты ұлықтаған шарада алғашқа кездесуде-ақ қарсыласының жауырынын жерге тигізді. Салмағы 147 келілік палуан 10 жыл бұрын Қазақстан барысы атануды мақсат еткен.
«Қазақ күресін дамытқым келеді. Мақсат - Шымкент барысын ұту. Қазақстан барысы болу - бала күнгі арманым. Қарсыластар осал емес», -  дейді  Қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионы Әділжан Әбдімәлік.
Жарыста Ерсұлтан Мұзаппаров жеңімпаз деп танылып, «Шымкент барысы» атанды. Ал Нұрсұлтан Қожагелді - екінші, Әл-Фараби Бекұлы үшінші орынды иеленді. Осындай форматтағы жарыстар еліміздің басқа да өңірлерінде өткізіліп жатыр. Кейін топ жарғандары шілденің басында елордада жиналып, Қазақстан барысы атағына таласады. Жалпы, Шымкентте қазақ күресі қарқынды даму үстінде. 4 спорт мектебінде 466 спортшы қазақ күресімен кәсіби айналысады.