Білім үздіктері марапатталды

Білім саласы қызметкерлері үшін бүгін қуанышты күн болды. Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы армандап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында олар мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл марапаттар мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлестері үшін тапсырылды, деп хабарлайды BAQ.kz.

 Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиынды ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ашты. Оқу-ағарту саласында тер төгіп жүрген әріптестерін құттықтап, зор табыстар тіледі.

Мерекелік басқосуға бұған дейін, тіпті, кеңестік заманда оқу-ағарту саласын басқарғандар, оның ішінде Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Ағарту министрі қызметін 13 жыл атқарған Қожахмет Балахметов, 90-жылдарда министрлікті басқарған Мырзатай Жолдасбеков қатысты.

Олар еңбегімен елеулі болған қызметкерлерге «Парасат», «Құрмет» ордендерін тапсырса, академик Кенжеғали Сағадиев бір топ қызметкердің кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медальдарын тақты. Сондай-ақ тағы бірнеше маманға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріліп, ҚР Құрмет грамоталары тапсырылды. Сахна төрінде бірқатар үздік қызметкерге наградалар тапсыра отырып, құтты болсын айтқандардың арасында қоғам қайраткері, әйгілі ғалым Жабайхан Әбділдин де болды.

Біз өз кезегімізде «Құрмет» орденімен марапатталған Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласындағы №24 орта мектебінің мұғалімі Раушан Жұмажанқызы Нұрды сөзге тарттық.

«Қазіргі кезде білім саласы қарыштап дамып келеді. Мұғалім кадрларын дайындауда да ілгерілеушілік бар. Облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі және үйлестіру орталықтары бірігіп қызмет жасап отыр. Бүгінде балалардың дамуына барлық жағдай жасалған. Интернетке кіруге мүмкіндік бар қазірде, оқушылар түрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндай жағдайда балалардың ештеңеге алаңдамай, тек білім алуға мүмкіндіктері бар деп есептеймін. Өзіме келер болсам, еңбегімнің бағаланғанына сондай риза болып отырмын. Маған қолдау білдірген ұжымыма, марапатқа ұсынған басшылығыма рахметімді айтамын», – деп ағынан жарылды ұстаз.

 

 

Back to top button