Жаңалықтар

AMANAT партиясы референдумды қолдау Республикалық штабының жұмысын қорытындылады

ашық дереккөзі

AMANAT партиясы референдумды қолдау Республикалық штабының жұмысын қорытындылады

Бүгін AMANAT партиясы ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау Республикалық партия штабының жұмысын қорытындылады деп хабарлады turkystan.kz. Партия жанынан ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Штабқа Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет, спорт, жастар өкілдері және т.б. кірді. Аймақтарда облыстық және аудандық деңгейдегі штабтар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді. Партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов пен Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев ақпараттық-түсіндіру науқанының нәтижелері туралы айтты. «12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің аймақтарындағы 1 204 елді мекенге барып, барлық сала өкілдерінен тұратын 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Кездесулер бейресми, сенімді түрде, ашықтық пен айқындық жағдайында өтті. 6 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс қаралып, партия мен Үкімет тарапынан пысықталғаннан кейін азаматтарға баяндалатын болады»,- деді Павел Казанцев. Жалпы, Республикалық партиялық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді мекендердің, ауылдардың, қалалардың тұрғындарымен, жастармен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Дауыс беру күні AMANAT партиясының 28 мыңға жуық өкілі еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру барысы заңдылығының сақталуын қадағалады.