Жаңалықтар

Елордада Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Open Air концерт өтті

ашық дереккөзі

Елордада Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Open Air концерт өтті

3 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толуына орай ЭКСПО көрмесінің аумағында «Менің Елім» мерекелік концерті өтті деп хабарлады turkystan.kz.

Сахнада елімізге әйгілі жұлдыздар Роза Рымбаева, Ұлықпан Жолдасов, «Жігіттер» тобы, Айқын, Raim, Қуандық Рахым, Садраддин, Мансұр және Қобыланды, «Алашұлы» тобы тағы басқа әншілер өз өнерлерімен қуантты.

Іс-шарада отандық белгілі әншілер әннен шашу шашып,  елордалықтардың көңіл күйін көтерді. Жастар Мәслихатының депутаты, Еркеғали Рахмадиев атындағы филармониясының солисі Алтыншаш Мұқатаева мерекеге орай тыңдармандарға өзінің авторлық әнін шашу ретінде орындады. 

«Бұл әнім негізі өзімнің өмір жолым туралы өрбиді. Жалпы мен қаладағы барлық қоғамдық іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Өйткені мемлекеттің өзгеруі әрбір адамның алға қойған мақсатына байланысты деп ойлаймын. Барлық отандастарды мерекемен құттықтаймын! Туымыз әрқашан желбіреп,  Әнұранымыз асқақтай берсін!» ,- деді Алтыншаш Мұқатаева. 

Сондай-ақ ол алдағы референдумнан үлкен үміт күтетінін жеткізді. «Біз секілді мүмкіндігі шектеулі адамдардан «мүмкіндігі шектеулі» деген тіркесті алып тастауын қалаймын. Себебі адамның қолынан келмейтін іс жоқ деді сөзінің соңында.