Мәжіліс спикері ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесті

Мәжіліс спикері ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесті

Мәжіліс спикері ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесті
ашық дереккөзі
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы миссиясының байқаушыларымен кездесті. Басқосуға Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер, Әзербайжан Республикасы Милли Меджилисінің депутаты Хикмет Мамедов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Султанбекова және ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр қатысты. Мәжіліс Спикері бұл кездесудің Қазақстан үшін жауапты әрі тарихи кезеңде өтіп жатқанын атап өтті.
«Екі күннен кейін өтетін үлкен саяси науқан – республикалық референдум барысын байқауға арнайы келген ТүркПА делегациясына шын жүректен алғысымды білдіремін. 5 маусымда сіздердің миссия халық белсенділігіне куә болып, әділ бағасын береді деп ойлаймын», – деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде, байқаушылар Конституциялық реформалар Қазақстанның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Демократия – үнемі дамып отыратын процесс. Осы орайда Мәжілістің рөлі ерекше. 1995 жылдан кейін өткізіліп отырған референдумның да маңызы зор деп ойлаймын. Жексенбі күні өтетін науқан Қазақстан халқы және жалпы түркі жұрты үшін жақсылықтың нышаны болады деген сенімдіміз. Бауырлас қазақ елі жарқын болашаққа нық қадам жасайды деп білеміз», – деді Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Реджеп Шекер.
Кездесу соңында Ерлан Қошанов көпжақты байланыстарды нығайтуда парламентаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін айтты.