Мемлекет басшысы Ішкі істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрін қабылдады
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап. Президентке еліміздегі криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы есеп берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарақшылық, мал ұрлығы, алаяқтық, оның ішінде интернет алаяқтығы, сондай-ақ бұрын сотталғандардың мас күйінде, отбасылық-тұрмыстық салада және топтасып жасаған қылмыстарының саны айтарлықтай төмендегені туралы баяндалды. Министр Мемлекет басшысына ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Президент кәмелетке толмағандарға қатысты және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстың алдын алу жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Марат Ахметжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі істер органдарының қызметін бюрократиядан арылту, жұмыс үдерістерін цифрландыру және автоматтандыру, ішкі рәсімдерді, соның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласын оңтайландыру жөнінде баяндады. Мемлекет басшысына криминогендік жағдайға мониторинг жасайтын ІІМ Ахуалдық талдау орталығының мүмкіндіктерін кеңейту туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Президентке Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатындарды анықтауға бағытталған жаңа жүйе жұмысының алдын ала нәтижелері туралы айтылды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрге еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Осы ретте интернет алаяқтығы мен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жандандыру қажеттігі атап өтілді.