Жаңалықтар

Қазақстандық оқушылар ХХІІ Азия олимпиадасында үздік үштікке енді

ашық дереккөзі

Қазақстандық оқушылар ХХІІ Азия олимпиадасында үздік үштікке енді

Қазақстандық оқушылар физика пәнінен ХХІІ Азия олимпиадасында 5 медаль жеңіп алып, үздік үштікке енді деп хабарлады turkystan.kz Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.   Ұлттық құрама қоржынында 1 күміс және 4 қола медаль бар. «Білім және ғылым министрлігі оқушыларымызға басқа елдердің жасөспірімдерімен жарысқа түсу мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Жақында ғана оқушыларымыз химия пәнінен 56-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасында 8 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, оқушыларымыз алғаш рет Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, үздік үштікке енді. Физика пәнінен Азия олимпиадасы - ең қиын олимпиадалардың бірі болып есептелетінін айта кеткен жөн. Ал, біз әлемдік пәндік олимпиадаларда дәстүрлі түрде көшбасшы саналатын елдерді де басып оздық. Оқушыларымыз 5 медальмен қоса 2 құрмет грамотасына ие болды», - дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының орынбасары Нұрлан Жұмагелді. Ел намысын әлемдік аренада Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Атырау және Ақтөбе қалаларынан 10-11-сыныптардың 8 оқушысы қорғады. Олардың барлығы республикалық физика олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Биыл зияткерлік сайыстар 24-31 мамыр аралығында қашықтық форматында өтті. Оған Қытай, Малайзия, Румыния, Ресей, Сингапур, Сауд Арабиясы, Түркия, Таиланд, Оңтүстік Корея, Қырғызстан және басқа әлемнің 27 елінің өкілдері қатысты.