«Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатысады» – Тоқаев

«Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатысады» – Тоқаев

«Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатысады» – Тоқаев
ашық дереккөзі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Бас хатшысы Чжан Минді қабылдады деп хабарлады  turkystan.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесуде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту сияқты басым бағыттар бойынша Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастығына қатысты мәселелер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Чжан Минге ілтипат білдіре отырып, оның ШЫҰ-ның Бас хатшысы қызметіне геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында, яғни Ұйымның ерекше рөл атқаратын кезінде кіріскенін атап өтті. – Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының белсенді мүшесі. ШЫҰ-ның Бішкекте өткен саммитінде сөйлеген сөзімде оның халықаралық аренадағы ұйымдардың ішіндегі ең табыстысы екенін атап өттім, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның кең ауқымды проблемаларды қамтитын күн тәртібінің бірегейлігіне баса мән берді. – ШЫҰ, шын мәнінде, қайшылық туғызатын ұйым емес. Оның қызметі конструктивтілікке, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл Ұйым халықаралық жағдайды жақсартуға зор үлес қосуды көздейді. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатыса береді және оның әлеуетін нығайтуға өзінің елеулі үлесін қосады, – деді Қазақстан көшбасшысы. Чжан Мин ШЫҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің көшбасшыларымен бірге өзін Ұйымның Бас хатшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Дипломат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістіктерін, Президенттің басшылығымен іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Чжан Мин Ұйымның әлеуетін арттыруға еліміздің қосқан елеулі үлесін және оны дамытуға белсенді атсалысатынын айтты.