Тәуелсіздікке тарту: "Егемен Қазақстан" газеті екі кітаптың тұсауын кесті

Тәуелсіздікке тарту: "Егемен Қазақстан" газеті екі кітаптың тұсауын кесті

Тәуелсіздікке тарту: "Егемен Қазақстан" газеті екі кітаптың тұсауын кесті
ашық дереккөзі
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Егемен Қазақстан» республикалық газеті ҚР Президенті Әкімшілігінің баспасөз қызметімен бірлесе шығарған кітаптардың тұсауын кесті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған кітаптар «25 жылдың 25 сəті», «Жиырма бес жыл: жеңістер мен жемістер» деп аталады.
Бұдан бөлек, жұртшылыққа «Егемен Қазақстан кітапханасы» сериясымен жарық көрген Əбіш Кекілбаевтың «Дəуір дауысы» жəне «Етжеңді» Егемен Қазақстан» жинағы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынды ашқан басылым басшысы Дархан Қыдырəлі əр кітаптың мазмұны, маңызы жайлы қысқаша əңгімеледі. Оның айтуынша, «Жиырма бес жыл: жеңістер мен жемістер» кітабы тəуелсіздік үшін аса маңызды жылдардың əрбіріне егжей-тегжей тоқталады. Ондағы мақалалардың авторлары қатарында Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Жабал Ерғалиев, Нұрлан Оразалин сияқты есімі елге белгілі тұлғалар бар. «Бүгінгі кітаптарды шығару барысында дәстүр сабақтастығын сақтауға ерекше ден қойдық деп едім. Бұлай дейтініміз, дәл осындай «Егемен Қазақстан» газетімен бірлескен жобалар бұған дейін де атқарылып келген болатын. Ал төл Тәуелсіздік мерекесіне орай шыққан өнімнің мазмұны бай, көркемдік публицистикалық деңгейі жоғары болып отыр», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі Баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров.
Жиынға Мырзатай Жолдасбеков, Ақан Бижанов, Сұлтан Оразалин, Серік Қирабаев, Бауыржан Омаров, Несіпбек Айтұлы сияқты мемлекет, қоғам жəне мəдениет қайраткерлері қатысып, лебіздерін білдірді. Жалпы «Егемен Қазақстан» газеті алдағы уақытта кітаптар сериясын шығаруды жалғастырады. Онда ел газетінде еңбек еткен қаламгерлердің жинақтарын басу жоспарланған. Соның ішінде жазушы əрі публицист Шерхан Мұртазаның жақында жарық көретін кітабы «Намыс найзағайы» деп аталмақ.
Бұдан бөлек, шара аясында «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Тәуелсіздік: тұлға, тағылым, тағдыр» атты арнайы шығармашылық байқау қорытындысы шығарылып, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Конкурстың ақылдастар алқасы шешімімен белгілі журналист Қайсар Әлім 1-ші орынға лайық деп танылса, Жақсыбай Мұсаев 2-ші орынды иеленді. Ал 3-ші орын Кенжеболат Жолдыбай мен Ахмет Өмірзаққа берілді. Айтқадыр Тілеуовке арнайы ынталандыру сыйлығы табыс етілді.