Биыл 5,6 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Биыл 5,6 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
1 маусымдағы жағдай бойынша 5 679 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды деп хабарлады turkystan.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, нақтырақ айтқанда, 68,7%-ы Өзбекстаннан, 10,4% – Қытайдан, 8,8% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 9,5% басқа елдерден қоныс аударған. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31,1%), Маңғыстау (18,8%), Түркістан (10,3%) және Жамбыл (6,2%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (6%), Нұр-Сұлтан (6,9%) және Шымкент (7,9%) қалаларына қоныстанды», - делінген министрлік мәліметінде.
Ведомствоның сараптауынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар - 63,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар - 22,8% және зейнеткерлер - 14%. Ал, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 11,4%-ы – жоғары, 40,3%-ы – орта кәсіби, 46,6%-ы – жалпы орта білімді және 1,7%-ның білімі жоқ.
Айта кетсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 93,5 мың этникалық қазақ оралған. Бұған дейін хабарланғанындай, Қазақстан Республикасының аумағына бұрын тұрған және қайта келген этникалық қазақтар eGov.kz порталында қандас мәртебесін алуға немесе оны ұзартуға өтінім бере алады.