Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
ашық дереккөзі

Оңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік - Тұғырым» атты салтанатты шарасы өтті.Шымкенттегі «Көрме» орталығында ұйымдастырылған жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, саяси партия филиалдарының жетекшілері мен үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар жетекшілері, түрлі сала қызметкерлері және БАҚ өкілдері, жалпы саны 1 мыңнан астам адам қатысты.

Салтанатты думанда сөз бастаған облыс әкімі Ж.Түймебаев ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың ұлық мерекесімен құттықтап, Тәуелсіздік ұғымына кеңінен тоқталды.

«Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Тарихтан алар тәлім мол. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлшегі ретінде Тәуелсіз ел атану тек биік мәртебе ғана емес. Сонымен қатар, орасан зор жауапкершілік жүгін артатындығын да біз жақсы түсінеміз», - деді облыс әкімі.

Мұнан соң, аймақ басшысы мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік наградалар тапсырды. Атап айтқанда, өңіріміздегі 42 азамат «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Сонымен бірге, аймағымыздағы білім беру (50 жолдама), денсаулық сақтау (50 жолдама) және мәдениет (10 жолдама) саласының қызметкерлері – жалпы саны 110 адамға Түркияға барып, тәжірибе алмасу үшін облыс әкімінің жолдамасы тапсырылды.

Сонымен қатар, шара барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке «Қазақстан мен Түркия достығын және ынтымақтастығын нығайтқаны үшін» медалін табыстады.

Өз кезегінде, барша Оңтүстік жұртшылығын Егемендіктің мерейлі тойымен құттықтап, алдағы уақытта да осынау қастерлі мерекені мәңгілікке сақтауға шақырған Асқар Исабекұлы еліміздің барлық салаларда жеткен жетістіктеріне жеке-жеке тоқталып, республикамыздың осынау даму белесінде Оңтүстік Қазақстан облысының үлесі орасан екенін жеткізді.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуда толағай табыстарға жетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы мерзім ішінде әлеуметтік саладағы жұмыссыздық деңгейі 3 есеге қысқарып, халықтың жан басына шаққандағы кірісі 10 есеге ұлғайды. Жалпы ішкі өнім көлемі 300 АҚШ долларынан 11 мың АҚШ долларына жетіп, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін жетіп отыр», - деді А.Мырзахметов.

Мерекелік думан барысы «Тәуелсіздік тұғырым» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымымен жалғасып, «Айбары мықты Қазақстан», «Нұрын шашқан - Оңтүстік», «Әсем қала Астана», «Ел бірлігі – Тәуелсіздік тірегі» және «Бірлігі жарасқан – Мәңгілік ел» сазды-хореографиялық қойылымдарына ұласты. Сондай-ақ, мерекеде түркиялық композитор, әнші, бүгінгі салтанатты іс-шараның қонағы Орхан Чакмактың орындауында «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ» әні мен Б.Оралұлының «Қазақ елі осындай», А.Асановтың «Мәңгілік ел үшін» әндері орындалды.

Мерекелік шараның қорытынды сәтінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің ықылас гүлі тапсырылды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шын мәніндегі бүкілхалықтық ұлық мерекеге айналды.