Меркель неден сескенді?
Меркель неден сескенді?
Ресей–Еуроодақ текетіресін тоқтатуды Меркель ханым өз қолына алған сыңайлы. Бұған дейін Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форумда Еуроодақ экономикалық санкцияларының әзір күшінде болатынын мәлімдесе де, енді ол тығырықтан шығаратын жол табуға әзір. Бұл текетірестің аяқталуы Украинада тыныштық пен тұрақтылық орнауына тікелей байланысты екені түсінікті. Сондықтан Батыс саясаткерлері осы бағыттағы келіссөздерді қайта жаңғыртты.
Сонымен, 5 ақпанда Ангела Меркель мен Франсуа Олланд Киевте Петр Порошенкомен кездессе, 6 ақпанда олар Мәскеуде Владимир Путинмен көзбе-көз сөйлесті. Осыдан соң Ангела Меркель 7 ақпанда Мюнхенде өткен Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі конференцияда сөз сөйлеп, 9 ақпанда Ақ Үйде Барак Обамаға арнайы жолықты. Мұндай алашапқын сапардың мақсаты – Украинадағы қақтығысты тоқтатып, Еуроодақ-Ресей текетіресін аяқтау. Бірақ осы оқиғалар барысында белсенділік танытып жүрген Меркель ханымның өзі араағайындық миссиясын сәтті орындай алатынына сенімсіз сияқты.
Мәскеу сапарынан соң Германия канцлері «Украинада бейбітшілікті қалпына келтіру күмәнді» екенін мәлімдеді. Оның үстіне, канцлер ханымның айтуынша, ол Путиннің қақтығысты тоқтатуға қатысты өз уәдесінде тұратынына сеніңкіремейді. Меркель Мюнхен конференциясында: «Мәскеу келіссөздерінің нәтижесі қандай болары әзірге белгісіз», – деді.
Ресей баспасөз қызметінің хабарлауынша, Германия, Франция, Ресей президенттерінің үшеуара кездесуі оңаша өткен, оған ешқандай делегация өкілдері, сарапшылар қатыстырылмаған. Бұған дейін Меркель мен Олландтың Петр Порошенкомен Киевтегі оңаша әңгімесі аттай төрт сағатқа созылған еді.
Президенттер арасындағы пікірталастың өзегі – АҚШ Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз ете ме деген мәселе. Бұл тақырып батыстық саясаткерлер арасында ашық талқыға түсті. Германия мен Франция президенттері ресейлік әріптесіне осындай жайттың алдын алу қажеттігін ескертуге барғандай. Ал Меркель ханым бейбіт келісімге келу үшін, яғни Мәскеуді Минск шарттарын орындауға көндіру үшін Батыстың Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етуіне жол бермеу керек деп санайды.
Қыркүйек айында Минскіде қол қойылған бейбіт келісімде екі жақтан да оқ ату тоқтатылып, Украинадағы шетелдік әскер шығарылып, Киевтің Ресей-Украина шекарасындағы бақылауды өз қолына алуы, бүлік шығарған аймақтарға автономиялық құқықтар беру мәселелері қамтылған еді. Бірақ бұл шарттар әлі толық орындалған жоқ. Меркель ханым Олландпен тізе қосып, Мәскеу мен Киевті осы келісім-шартты жүзеге асыруға үгіттеп қайтты. Бірақ бұл келіссөздердің жемісті боларына уәде бере алмай отыр.
Анығын айтқанда, Германия канцлері Украинаға қару-жарақ беру кикілжіңді одан әрі шиеленістіреді деп санайды. Ол Мюнхен конференциясында айтқан сөзінде Германияның тағдырын мысалға келтіріп, кешегі қырғи-қабақ соғысты аяқтаудың қаншалықты ұзаққа созылғанын халықаралық қауымдастықтың есіне салды. «Бұл кикілжіңді әскери күшпен шешуге болмайды. Ащы шындық осы. Халықаралық қауымдастық тығырықтан шығар қандай да бір басқа шешім табуы керек», – деді ол.
Меркель ханым: «Ресейдің Украинадағы іс-қимылы оның халықаралық міндеттеріне қайшы келеді», – деп ашық айтса да, Кремльмен келісімге келуге болатынына үмітті.
Мюнхенде Меркель ханым Петр Порошенкомен тағы да кездескен. Ал 8 ақпанда Ресей, Украина, Франция президенттері мен Германия канцлері телефон арқылы жасырын конференция өткізді. Жасырын дейтініміз – төртеуара телефон әңгімесінің желісі Украинадағы қақтығысты тоқтату екені айтылса да, бұл әңгіменің тоқетер түйіні құпия ұсталып отыр. Сол күні кешке Меркель Вашингтонға ұшып кетті.
Дүйсенбі күні АҚШ президенті Барак Обама мен Германия канцлері Ангела Меркель бірге жасаған мәлімдемеге сәйкес, Ресейге қарсы бағытталған санкциялар сол күйі қалады. Бірақ Украинаға қару-жарақ беру мәселесіне қатысты әлі шешім қабылданбаған.
Ендігі сөз – Ақ Үйде, шамасы. Еуроодақтың лауазымды өкілдері Ресеймен текетіресті шиеленістірмеуге барын салуда. Бірақ кейбір батыстық басылымдар қырғи-қабақ соғыстың елесін көргендей, қара аспанды төндіріп жатыр...
Гүлбиғаш Омар, Ұлыбритания