Менің миссиям – Омбыдағы 100 мың қазақтың рухын көтеріп, санасын серпілту – Торғын Әшенова
Менің миссиям – Омбыдағы 100 мың қазақтың рухын көтеріп, санасын серпілту – Торғын Әшенова
Көпшілік «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалап, осымен аттас газет шығарып отырған Торғын Әшенованы жақсы біледі. 100 мыңға жуық қазақ тұратын Омбы өлкесінде туып-өскен Торғын жолдасы Қуаныш екеуі негізгі жұмысынан бөлек, қоғамдық маңызды жұмыстарға баса мән береді. Қоғамдық ұйым ашылғалы бері 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырған олар алда атқарар шаруа әлі де көп екенін айтады. Омбы қазақтарының арасында төл мәдениетімізді насихаттауға өлшеусіз үлес қосып жүрген Торғынға хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Көпшілік сізді Қазақстаннан Омбыға оқуға барып, сонда газет ашқан тіл жанашыры деп ойлайды екен. Ал негізінен сіз... – Ал негізінен мен Омбы облысына қарасты Назвай ауданындағы Байымбет ауылында дүниеге келгенмін. Тарихшылардың сөзіне сенсек, ХХ ғасырдың басында Омбы жерінде орналасқан қазақ ауылдарының саны 800 болған. Сол 800-ден қазір 40 шақты ауыл қалды. Негізі, менің арғы атам – Көкшетау облысының перзенті. 1938 жылы репрессияға ұшырап, Омбы жақта тұратын нағашыларына қарай қашып келген екен. Кейін ол тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Ал оның балалары Байымбет ауылына қарай қашқан. Сол кезде атам мен оның інілерін ауыл тұрғындары жылы қарсы алып, қолдау көрсеткен. Сол ауылға тұрақтаған атам оқу оқып, үйлі-баранды болып, көп жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарды. Әкем Мұхамедияр Омбыда жоғары білім алғанымен, атамның қасында болу үшін ауылға қайтып барған. Көкшетау облысында туып-өскен анам екеуі бас қосып, төртеуімізді тәрбиелеп жеткізді. Қазір екеуі сол Байымбетте тұрады. Ауылда қазақ мектебінде оқыдық, бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлестік. Қазақ әдебиетінен хабардар болдық. Қазақша өлең жаттап өстік, тіпті мектепте Бауыржан-шоудың қойылымдарын қойып, көпшілікті күлкіге қарық қылатынбыз. Мектепті алтын медальмен бітірген соң Омбы мемлекеттік педагогикалық университетіне түсіп, құқық және тарих мұғалімі мамандығын алып шықтым. Әкем «Оқу бітірген соң Қазақстанға көш, қызым. Мында орыстар сені көтермелемейді. Ал сен – білімің бар қызсың. Саған өсу қажет» деп айтатын. Сондай-ақ ол Омбыдағы ең беделді оқу орны саналатын ІІМ академиясында білім алғанымды қалады. Кейіннен әкемнің сол арманын орындап, академияның аспирантура бөліміне оқуға түстім. Оқи жүріп, Омбы заң академиясында сабақ бердім. Қазір ІІМ академиясында аға оқытушы болып жұмыс істеймін. [caption id="attachment_182941" align="alignleft" width="388"] «Омбы қазақтары» ұйымының белсенділері[/caption] – Омбы өлкесінде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігін насихаттаушы ретінде сіз бен жолдасыңыз Қуаныштың есімін жиі естиміз. Қазақ көп шоғырланған сол аймақта сіздерге дейін де белсенділер болған шығар? – Әрине, болды. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстаннан келген студенттер жиі бас қосатын болған. Сосын 90-жылдары Кеңес үкіметі ыдыраған кезде олардың ұлттық сана-сезімі оянып, «Мөлдір» атты ұйым құрған. Содан соң Ресейде ұлттық автономиялар туралы заң шықты, сол заңға сәйкес «Аймақтық қазақ автономиясы» деген атпен екінші ұйым жұмыс істеді. Бірақ ол ұйымдағы белсенділердің көбі үлкендер болды. Оған қоса, бірі мәдениетке көңіл бөлсе, екіншісі әлеуметке баса назар аударып, екі түрлі саланы бағдар еткен. Бірақ жастардың басын қосып, ешкім жинаған емес. Біз «Омбы қазақтары» ұйымын үлкендер біздің пікірімізді тыңдамайды» деген мақсатпен ашқан жоқпыз. Бұл – кездейсоқ туындаған идея. Әлеуметтік желі жоқ, интернет енді дамып келе жатқан сол заманда kazakh.ru атты қазақстандық сайтта Қазақстан туралы жаңалықтарды оқып, сондағы чаттар арқылы бір-бірімізбен хат жазысып жүретінбіз. Бірде сол сайтқа осындағы қазақтар «Омские казахи откликнитесь?» деп жазады. Барлығымыз бас қосып жиналған кезде қалада өскен қазақтар «Мен қазақша білмеймін. Қазақтармен араласпаймын. Қазақ достарым да жоқ» дейді. Олардың сөзіне қарасақ, қазақтармен тығыз қарым-қатынас орнату керек емес секілді. Бұл менің намысыма тиіп «Қараңдар, қазір мұнда он қазақ отырмыз. Барлығымыз – жоғары білім алып жатқан көкірегі ояу жастармыз. Сендер «қалайша қазақпен араласқым келмейді, достарым жоқ» деп айтасыңдар? Қазақ тілі де, мәдениеті де өте бай. Ата-аналарымыз салт-дәстүрімізді сақтап, әлі күнге дейін жер үстелде отырып, қазақша ет әзірлеп, нан илейді. Олай айтуға болмайды. Жиі жиналып тұрайық» дедім. Содан соң «Вконтакте» желісінде «Омбы қазақтары» деген топ аштық. Бірге футбол, волейбол ойнайтынды шығардық. Кішігірім іс-шаралар ұйымдастыра бастадық. Бірінші рет қыздарға арналған «Ару қыз» байқауын өткіздік. Салт-дәстүрімізбен таныссын, ұлттық киімдерімізді көрсін деген мақсатпен жергілікті әкімшілік, «Достық үйінің» өкілдерін шақырдық. Сол кезде елден «Хабар», «Қазақстан» арналарының тілшілері келіп, сюжет түсірген. Осындай ауқымды іс-шара өткізе алатынымызға көзіміз жеткен соң бір айдан кейін «Омбы қазақтары» деген атпен газет шығара бастадық. Негізі, оның алдында «Атамекен» газетін шығарған болатынбыз. 1000 рубль болатын стипендиямыздың 500-ін осы газетті шығаруға жұмсап отырдық. Ал біз үшін бұл көп ақша, сол үшін қаражатымыз 5-ақ нөмірге жетіп, ақырында ол газет жабылып қалды. Сосын 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге қазақша концерт ұйымдастырдық. Ақша жинап, оларға қажет түрлі құрылғы, манеж сатып әпердік. Осы үш іс-шараны абыроймен өткізген соң бізге ресми ұйым ретінде тіркелу керек екенін түсіндік. Сол кезде жолдасым Қуаныш Екатеринбургтегі оқуын бітіріп, Омбыға келген болатын. Бізге заңгерлік көмегін ұсынған ол құжатқа байланысты барлық машақатты өз мойнына алды. Сөйтіп, 2014 жылдың шілде айында «Омбы қазақтары» деген атпен қоғамдық ұйым болып ресми түрде тіркелдік. Содан жұмысымыз басталып кетті. [caption id="attachment_182942" align="alignright" width="488"] «Омбы қазақтары» газетінің ұжымы[/caption] – Қазіргідей газет шығару ісі қиындай бастаған уақытта «Омбы қазақтары» басылымын тұрақты шығару оңайға соқпайтын шығар? –Есептеп қарасақ, бүгінге дейін «Ару қыз», «Суперкелін», «Лига Дружбы», «Алтын адам» секілді 50 шақты жоба ұйымдастырыппыз. Соның ішінде ең қиын жоба ретінде осы газетті шығару ісін айтар едім. Айта кетерлігі, біздің газетте істейтін журналистер жалақы алмайды. Олар – негізгі жұмыстары болса да, уақыт тауып, намысқа тырысып, тегін жұмыс істеуге келіскен керемет жандар. Барлығына ризамын. Газет шығарудың қандай қымбат екенін өзіңіз білетін боларсыз. Машақаты көп газет неліктен бізге керек деп ойлайсыз? Біздің тарихымызды жазатын, Омбы қазақтарының ХХІ ғасырда қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар ететін, қазақ ауылдарында не болып жатқанынан хабар тарататын – осы газет. Бізге мақала жазатындарға «Ертең 100 жылдан соң артыңызда қалған ұрпағыңыз Пушкин атындағы кітапханаға келіп, сіз жазған материалдарды оқып, сізді танитын болады» деп айтамыз. Жалпы, басылымның түпкі мақсаты – Омбы қазақтарының рухын көтеру. Омбы облысында 32 аудан бар, газетіміз соның 22-сіне таратылады. 2018 жыл біз үшін қиын жыл болды. Газетті басып шығаруға қаражатымыз жетпей, бұл істі тоқтата тұрайық дедік. «Дұрысы, жауып тастаңдар» дегендер де болды. Бірақ жауып тастасақ, заң жиі өзгеріп жатқандықтан, газетті қайта ашу қиын болатынын түсініп, уақытша тоқтата тұрдық. Сол кезде Максим Споткай бастаған бір топ еріктілер осында «Замандас» газетін шығарып жүрді. Мен оларға «Екі бірдей газет шығару қиын. Жазатынымыз бір нәрсе. Бәріміз бірігіп, бір газет шығарайық» деп ұсыныс айтқанмын. Бірақ олар бұған аса мән бермеді. Бір жылдан соң біздің газетті қайта ашып, олар редакциялық кеңесіне кіретіндермен кездесіп, тағы ұсыныс білдірдім. Бірақ «Замандас» жабылып, онда істегендер біздің редкеңеске кіріп, жұмысымыз жандана түсті. Сөйтіп, басында 4 бет болып шыққан газетіміз айына бір рет, 16 беттен шығатын болды. [caption id="attachment_182939" align="alignnone" width="1920"] Қазақ тілі курсына қатысушылармен бірге[/caption] – Журналистермен өткен Zoom конференцияда «бізде қазақ тілінде жазатын авторлар жоқтың қасы» деп айтқаныңыз есімде. – Бізде расымен үнемі қазақ тілінде жазатын журналист жоқ. Ақсақалдар «Редакцияға хат» айдарына хат жібереді. Қазақстанда біз туралы естігендер де ара-тұра мақала жіберіп тұрады. Мысалы, мамыр айында шыққан нөмірге Қазақстанда тұратын бір апаның Омбыда тұрып жатқан, жасы 100-ге келген анасы туралы мақаласы жарық көрді. Бақытнұр атты корреспондентіміз спорт айдарын жүргізеді. Қуаныш екеуіміз Омбы өлкесінде қазақтармен байланысты жаңалықтарды жазамыз. Аманкелді ата «Атадан қалған сөз» айдарына түрлі қызық материал жариялайды. Мұғайра тәте болса «Менің ауылым» айдарын, ал Қазақстанда тұратын Тұрар тәте «Қара шаңырақ» айдарын шығаруға жауапты. Сондай-ақ Нәзия «Балдырған» айдарын жүргізеді. Байқағаныңыздай, барлығымыз бір-бір айдарды бөліп алғанбыз. Қазір Қуаныш бас редактордың міндетін атқарушы болып жұмыс істейді. Газетті қайта шығара бастағанда редкеңестегілермен ақылдасып, Нәзияны бас редактор етіп тағайындаған едік. Бірақ негізгі жұмысын ауыстырған соң оның газетке уақыты жетіңкіремей қалды. Тегін жұмыс істеп жатқандықтан, оған ештеңе дей алмаймыз. Сондықтан қазір бас редактор іздестірудеміз. [caption id="attachment_182943" align="alignnone" width="2048"] «Алтын адам» сыйлығын табыстау кезінде[/caption] – Осыдан 4 жыл бұрын Ресей елінің тарихында алғаш рет өткен, сіз ұйымдастырған «Алтын адам» атты аймақтық деңгейдегі сыйлық жөнінде қазақстандық БАҚ жарыса жазды. Бұл сыйлықты алдағы уақытта тағы өткізу ойда бар ма? – Студент кезімде Мәскеуде форумға барғанда Ресейдегі немістердің басын қосатын ұйымда жұмыс істейтін Юлия есімді қызбен танысып, екеуміз жақын араласып кеттік. 2016 жылы Мәскеуге этникалық БАҚ-қа қатысты тағылымдамадан өтуге барғанда Юлиямен кездескенімде «Омбы қазақтарының» жұмысын бақылап жүрмін. Көп шаруа атқарып жүрсіңдер. 10 жыл бұрын кездескенде ондай ойың болмап еді ғой» деп таңданғаны бар. Сол кезде ол Ресейдегі немістерге арналған сыйлық бар екенін айтып қалды. Бұл жоба туралы естіген мен «Омбыда тұратын 100 000 қазақтың арасында да осындай жоба өткізсе ғой. Бізде қоғам өміріне етене араласып жүрген қаншама жан бар. Олардың есімін елге танытып, «Оскар» сыйлығы секілді бір сыйлық ұйымдастырсақ қалай болар екен?» деп ойландым. Командамен жиналғанда бұл ойымды ортаға салдым. Сол уақытта Қуаныш Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Графпен сұхбаттасқанда ол жоғарыда айтқан Ресейдегі немістердің сыйлығын ұтып алғанын, оны Олимпиада жүлдесімен тең санайтынын айтқан еді. Сөйтіп, осындай ерекше сыйлық ұйымдастыру туралы ойымыз бір жерден шыққан жастармен ақылдасып, оны 2018 жылы ұйымымыздың құрылғанына 10 жыл толуына орайластырып ұйымдастыруды көздедік. Грант алу үшін байқау өткізу туралы ереже жазып, Үкіметке тұңғыш рет «Алтын адам» атты жобаны ұйымдастыратынымызды айтып, хат жаздық. Берілген қаражатқа үлкен залды жалға алып, алдына қызыл кілем төсеп, мейлінше жоғары өткізуге тырысып-бақтық. 100-ге жуық өтініш келіп түсті. Олардың арасынан кіл мықтыларды таңдайтын қазылар алқасын да мұқият іріктедік. Омбыда барлығы бір-бірін танитындықтан, ертең «жүлделерді өз адамдарына берді» деп айтпас үшін Қазақстанда араласып жүрген тоғыз бауырымызды, сондай-ақ Омбыдан 9 орыс азаматын қазылар алқасының мүшесі етіп сайладық. Олар жеңімпаздарды әділ таңдауға тырысты. Ертең арамыздан ренжитін адам табылатынын біліп, сайысты барынша объективті түрде өткізуді ғана ойладық. Биыл ерекше ұйымдастырылған «Ару қыз» байқауын өткізгенде де барлық кезеңнің видеоға түсірілуін, ұпайлардың дұрыс саналуын қатты қадағаладық. Айтпақшы, «Алтын адам» сыйлығын табыстау кезінде бір қызық болды. Әр номинация бойынша үш адамды онлайн дауыс беру, тағы үш адамды қазылар алқасының шешімімен таңдап, сол алтаудың ішінен ең мықтысын анықтау қажет болды. «Ауыл адамы» номинациясы бойынша сынға түскен бір ағамыз онлайн дауыс беру бойынша бірінші орында тұрған соң ауылдан 40 шақты туысын ертіп келіп, қой сойып, сайыс біткен соң дүркіретіп атап өтпек болған. Бірақ қазылар алқасы 11 жасында ата-анасынан айырылған, соғыс кезінде трактор айдаған, 11 баланы дүниеге әкелген, қазірге дейін сиыр сауатын 86 жастағы апаны жеңімпаз деп танып, жүлдені сол кісіге табыстады. Ал әлгі аға қазыларға ренжіп, бір қызық болды. Десе де, барлығы риза болды. Қазақстаннан табылған «Алтын адам» пішініндегі мүсіншеге тапсырыс берейін десем, қымбат тұрады екен. Сөйтіп, дизайнерге Алтын адамның макетін сыздырып, гравировка жасаттық. Бұл сайысты бес жылда бір өткізіп тұратын болып келістік. Келесі жылы біздің ұйымның құрылғанына 15 жыл, соған байланысты «Алтын адам-2» сыйлығын өткізуді жоспарлап отырмыз. [caption id="attachment_182944" align="alignnone" width="2048"] «Ару қыз» байқауында Омбыдағы қазақ қызының салт-дәстүрді сахналау сәтінен[/caption] – Бір сөзіңізде «Ару қыз» байқауы биыл ерекше форматта ұйымдастырылғанын айтып қалдыңыз. Биылғы байқаудың ерекшелігі неде? – «Ару қыз» биыл бесінші рет өткізілді. Жыл сайын осы байқауды ұйымдастырар кезде «Былтырғысынан қалай асып кетсек болады?» деп бас қатырамын (күліп). Алғаш рет ұйымдастырғанда қатысушылардың салт-дәстүр, ұлттық киім туралы білімін тексергенімізбен, шығармашылық нөмірге еш шектеу қоймадық. Бірі қазақша, енді бірі ағылшынша, келесі бірі орысша, испанша ән айтып, би биледі. Ақыр соңында қазақша би билеген қызға 1-орын бұйырды. Ал ағылшынша ән айтқан қызға қазылар алқасы «Бұл – «Голос» емес, «Ару қыз» сайысы» деп ескерту жасап, төмен ұпай берді. Сосын әлгі қыз қазақша бір әнді жаттап, «Мәскеу көктемі» вокалистер конкурсына қатысып, жақсы өнер көрсетіп қайтты. Сосын «Аманат» ұйымына кіріп, қазақша әндер айта бастады. Бірінші жылы әлгіндей ескерту жасалған соң келесі жылы шығармашылық сайыста қазақша ән-би болу керек екенін талап етіп қойдық. Екінші жылы бір қыз «Балқадиша» әнін бұрыннан айтқысы келіп жүргенін, бірақ реті келмей қойғанын айтып, осы әнді біздің байқауда нақышына келтіріп орындады. Биыл біз байқаудың басынан аяғына дейін қазақ мәдениетіне қатысты элементтерді енгізуге баса назар аудардық. Бұрын біз онлайн дауыс беру арқылы 10 аруды іріктеп алатынбыз. Ал қазір байқауға қатысуға өтініш бергендерге арнайы кастинг ұйымдастырып, олардың бұл байқауға неліктен қатысқысы келетінін, қандай мақсатпен келгенін сұрастырамыз. Содан соң 10 қызды іріктеп алып, ұлттық киім кигізіп, фотосессия жасаймыз. Екі ай бойы шеберлік сабағына қатыстырып, дәріс оқимыз. Қазақша ет пісіріп, нан илеуді үйретеміз. Биылғы қатысушыларға 10 шеберлік сабақтың 5-еуі дәстүрге, ал қалғаны мәдениетке байланысты болатынын ескерттік. Олар екі ай бойы қазақ тілі курсына барып, білімін жетілдірді. 10 қыздың біреуі ғана қазақша сөйлей алады, ал қалған тоғызы сахнаға шыққанда өзін-өзі таныстыруды жаттап қана қоймай, сөздерін түсіну қажет болды. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі, Омбы өлкесімен байланысты қазақ қайраткерлері туралы не білетінін тексердік. Байқау алдында Омбыда әр жылдары тұрған Мұқан Әйтпенов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Сәкен Сейфуллин және тағы басқа қоғам қайраткерлері туралы дәріс оқып, экскурсия өткіздік. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушылар жыл сайын арнайы видеовизитка жасайтын, ал биыл олардан қазақ шежіресі, өз әулетінің шығу тегі туралы видео әзірлеп келуін сұрадық. Бір қыз шежіре туралы ештеңе білмейді екен. Сөйтіп, ол ата-әжесі тұрған ауылға барып, бесінші атасына дейін деректер жинап қайтты, сосын Қазақстандағы туыстарынан сұрастырып, ақырында он үшінші атасына дейін мәлімет жинап әкелді. Ал келесі бір қыз мектеп қабырғасында жүргенде бүкіл ауылдың шежіресін зерттеген екен. Сол кезде бесінші атасына дейін деректерді тауып алған. [caption id="attachment_182946" align="alignnone" width="2048"] «Ару қыз» байқауына қатысушы қыздарға қамыр илеуден шеберлік сабағы кезінде[/caption] Біздің сайысқа дайындалу кезінде оқыған мектебіне барып, мұғалімімен осы туралы сөйлесіп отырғанда қалған аталары туралы мәлімет тауып алғанын айтады. Одан бөлек, оларға біздің салт-дәстүр туралы дәріс оқыдым. Сосын олар финалда жеребе арқылы дәстүр түрлерін таңдап, оны сахна төрінде сахналап, бар өнерін ортаға салды. Байқауды көруге келгендердің барлығы таң-тамаша болды. 1-орынды иеленген қыздың бесікке салу дәстүрін керемет сахналап шыққанын айтып, талантын ерекше атап өтті. Осы ретте айтарым, біз көптен бері көздеген басты мақсатымызға жеттік. Әу баста бұл байқаудың концепциясын құрастырғанда «Осы арқылы қазақ қыздары мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз арқылы барлық әдемілікті жеткізсе ғой» деп ойлаған едім. Сол ойлағаным биыл іске асты. Алғаш рет ұйымдастырған кезде қала әкімшілігінен грант беруін сұраған едім, бірақ ондағылар «Мұның әлеуметтік ықпалы қандай? Біз сұлулық байқауына қолдау көрсетпейміз» деп қипалақтағаны бар. Сосын оларға біздің байқауда қыздар подиумға шығып, жүріп өтпейтінін, бұл сайыстың маңызы мүлде басқада екенін түсіндіріп, «Келіп көріңіз. Сосын түсінесіз» деп қонақ ретінде қатысуға шақырдым. Тіпті, басында байқау өткізетін зал директоры да түсінбей, көпшілік өткізіп жүрген байқаулардың біріне теңеген еді. Байқауды соңына дейін отырып тамашалаған ол қасыма келіп «Бұрын-соңды мұндай байқаулардың өткені есімде жоқ. Сіздерге риза болып отырмын» деді. Байқауға көрермен ретінде бақылаған әкімшілік өкілдері де «Келесі жылы грант алу туралы ұсыныс беріңіз» деп жылы лебізін білдірді. Сөйткен олар биыл үшінші жыл қатарынан грант беріп отыр. Биыл ерлерге арналған «Джигиты Омска» байқауын өткізбек ойымыз бар. 35 жасқа дейінгі ерлерді іріктеп, қой сою, етті жіліктеу, садақ ату сайыстарынан мүдірмей өткен мықтыны анықтамақпыз. [caption id="attachment_182947" align="alignleft" width="427"] «Абай» мәдени-іскерлік үйінің ашылу сәтінен[/caption] – Пандемияға байланысты шетелдегі көп қауымдастықтың жұмысы қазір бәсеңдеп тұр. Бірақ сіздерде жағдай басқаша сияқты. – Иә, алда біз өткізетін іс-шара көп. Қазір ғана Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының көмегімен Қазақстандағы «Балдәурен» лагеріне баратын 10 баланың тізімін жинап келдім. Омбыға қарасты аудандарда 10 шақты мәдени орталық жұмыс істейді. Олармен тығыз байланыс орнатып, ауылдағы балалардың лагерьге барып, тынығып қайтуын қадағалаймын. Жуырда Жезқазған филармониясының концертін өткізуге атсалыстық. Кеше біздегі екі би тобының қорытынды концертін өткіздік. «Казахский след в истории Омска» деген атпен экскурсия ұйымдастырып, дәріс оқимыз. Одан бөлек, үш топ қатысатын қазақ тілі курстары бар. Былтыр бізде «Отандастар» қорының қолдауымен «Абай мәдени-іскерлік үйі» ашылды. Сонымен қатар қор өкілдері қазақ тілінен курсты өткізу бойынша әдістемелер беріп, мұғалімдерді даярлауға көмектеседі. Биыл «Жас ұрпақ» атты балалар байқауын ұйымдастырамыз, оның алдында ашық аспан астында музыкалық фестиваль өткіздік. Одан бұрын қазақ мәдениетінің апталығын ұйымдастырдық. 2019 жылы «Алға!» деген атпен Ресейдегі қазақ жастарының алғашқы форумын өткіздік. Бұл айтулы іс-шараға Ресейдің 15 өңірінде жұмыс істейтін 22 ұйым өкілдері, сонымен қатар Қазақстаннан 5 облыста белсенділік танытып жүрген бірнеше ұйымның жастары қатысты. Кейін Максим Споткай айтқандай, 1917 жылы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин «Жас қазақ» деген ұйым ашып, «Бірлік» деген атпен дәл осы Омбыда қазақ жастарының бірінші съезін ұйымдастырған екен. Араға бір ғасыр салып, біз жастар форумын өткізіп тұрмыз. Ол форумның жоғары деңгейде өткеніне риза болған министрліктегілер «Торғын, биыл «Алға-2» форумын қашан өткізбекшісіңдер?» деп сұрап жүр. Байқап тұрғаныңыздай, жұмысымыздың ауқымы кең. [caption id="attachment_182949" align="alignright" width="458"] «Супер келіншек» байқауы кезінде[/caption] Алдағы уақыттамузей ашуды ойластырып жүрміз. Жуырда кітапхана ашсақ па дейміз. Бізге Қазақстаннан келген, өзіміз сатып алған кітап көп. Омбы жастарының қазақтың тарихы, жазушыларының өмірімен танысатын бір орта керек екенін жақсы түсінеміз. Мамыр айының ортасында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев біздің губернатордың кеудесіне «Достық» орденін таққан болатын. Сол кезде «Омбы жерінде үлкен жұмыс істеліп жатыр. Мәскеуде отырып «Омбы қазақтары» ұйымының жұмысын қараймыз. Ресейді түгел алып қарағанда «Омбы қазақтарынан» асып кеткен ұйым таппадық» деп айтқанын естідім. Соған қарағанда, біз дұрыс жолда келе жатқан секілдіміз. Бағана сіз де үнемі біздің ұйымның аты аталады деп айтып қалдыңыз. Оныңыз рас. Себебі біз – жаспыз, ештеңеден қорықпаймыз. Максималистпіз. Барлық іс-шараның әділ өткенін қалаймыз. Екіншіден, біз осы 15 жыл ішінде бір-бірімізді жақсы танып-білдік. Әлеуетіміздің қандай екенін жақсы білеміз. Қандай істі қолға алсақ та, соңына дейін жеткізуге әрекет етеміз. Жастармен тығыз байланыстамыз. – Омбы жастарының басын бір арнаға тоғыстырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырғаныңыз бізді қуантпай қоймайды. – Осы ретте айта кететін бір мәселе бар. Қазақта «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Үлкенді сыйлау көргенділіктің белгісі екенін жастайымыздан білеміз. Десе де, осындағы көп ұйым өкілдері қазақша сөйлей алмасаң, оны бетіңе басып, айтады. Ал тіл білмегенін бетіне басқан бала ұйымның жұмысына атсалыспайды, қанша айтсаң да, қазақ тілін үйренбейді. Басқа қалада тұратын апайлар «Өздерің ұйымдастыратын іс-шаралардың көбінде орысша сөйлейсіңдер» деп ренішін айтады. «Ару қызға» қатысқан, «Сәлем, жақсы» дегеннен басқа қазақша сөз білмейтінін көп қыздың тіл үйренуге деген қызығушылығын ояттық. Жоғарыда айтып өткен «Балқадиша» әнін орындаған қыз дайындық кезінде маған келіп «Мына әріпті дұрыс айтып тұрмын ба? Тыңдап көріңізші» деп қайта-қайта сұрап, қобалжығаны бар. Сол конкурстан соң Айжан ұлттық киім тіктіріп, «Студенческая весна» алаңында қазақша ән айтты. Мен үшін біздің жобаларымыздың басты нәтижесі – осы. Қуаныш екеуіміздің жасымыз 35-те, біздің ұйымдағы ең үлкені – бізбіз. Ал біздің қатарымызда 14 жастан жоғары жастар бар. Қуаныш бас қосқан кезде «Әркімнің пікірін тыңдағым келеді. Идеяларың болса, ортаға салыңдар» деп әркімге сөз береді. Мен кешкі бес жарымға дейін академияда жұмыс істеймін, сосын кеңсеге барып, жастармен ақылдасып, алда атқаратын шаруаларды бір пысықтап аламын. Мен үлкендерді сөкпеймін. Олар 30 жыл бұрын ешкім ойламаған дүниені іске асырып, қазақ мәдениетін ілгерілету үшін жанын берді, еңбегі сіңді. Десе де, қазіргі жастар да жаман емес. Тек олардың көзқарасы өзгешелеу. Қазір олар біреудің дүрсе қойып айтқанына шыдамайды, ұнамаса кетіп қалады. Оларды қамшымен ұрғылап, «қазақша үйрен» деп мәжбүрлей алмайсың. Біздегі ең үлкен проблема тіл екені сөзсіз. Бірақ жастарды жағадан тартқаннан гөрі жөн сілтеп, жол көрсету арқылы тіл үйренуіне себепкер бола аламыз. Біз көз қиығымыз, бет-әлпетіміз осындай болғаны үшін емес, қанымызда тектілік бар қазақпыз. Ешкімнен кем емеспіз. Ресейде тұрып жатқан соң айналамыздың бізге ерекше қызығушылықпен қарайтыны айтпаса да түсінікті. Сол үшін мен ешкімнен кем емес екенімді дәлелдеу үшін көп оқыдым, тынбай еңбектендім. Өз-өзімді таныту үшін әкем айтқандай, Қазақстанға кетудің қажеті жоқ екенін дәлелдедім. Әрбірден соң осында өсіп-өнген барлығымыз Қазақстанға бірден бара алмаймыз ғой. Осы жердегі қазақтардың рухын көтеріп, ұлттық санасын серпілту үшін осында біреу қалу керек емес пе?! – Нәтижесінде, бұл сіздің миссияңызға айналды. – Иә, байқап қарасам, расымен бұл игі іс менің миссияма айналған екен. – Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ