Адалдық аксиомасы

Адалдық аксиомасы

Адалдық аксиомасы
ашық дереккөзі

ӘҢГІМЕМІЗДІҢ ӘЛҚИССАСЫ Құданың құдіреті, біздің журналист ағайын­дар­дың айналасындағы жұрттан ат оздырып, алақайлар бір артықшылығы бар. Айталық, төрткүл дүниені төңкеріп тастауға қабілетті ғұлама ғалымдардың не­месе ажал аузындағы бейбақтың бетін бері қара­тар дауагөй дәрігерлердің есімін ел әрдайым біле бер­меуі мүмкін. Ал көпшіліктің көкейінен шыққан кө­шелі дүниелер тудырған әріптестеріміз тез таны­ла­ды. Бұл енді кез келген кәсіп иелерінің маңдайына бұйыра қоюы екіталай бақыт. Балағымызға шалынып жүрсек те, шығар­ма­шы­лық «шалыққа» ұрынған балалардың барлығы кі­тап, газет-журнал оқуға ертерек құмартатыны бел­гілі жайт. Әсіресе, мектеп қабырғасында мерзімді баспасөзді қалт жібермей, қадағалауға тыры­са­тын­быз. «Балдырған» бастаған, «Қазақстан пионері», «Ле­ниншіл жас» қостаған басылымдарды бәріміз әке-шешеміз әкелер базарлықтай асыға күтетінбіз. Олардың ішінен өзіміздің ой-өрісімізге лайық олжа­мызды тауып, рухани рақатқа кенелетінбіз. Жас жанымызды жаулаған жақсы мақалалар ав­торларының аты-жөні де жадымызда жатталып қа­латын. Сол саңлақтардың арасында бүгінде жет­піс бестің желкесіне шыққан қалың қазаққа та­ны­мал талантты қаламгер, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек те болғанын жиі еске түсіремін. Басқасын білмеймін, талай жеткіншектің танымын тәрбиелеген сөзжұмбақтарын шешуге үлкен-кіші шетінен үйір еді. Кейін журналистиканың жалына жар­мас­қан кезімізде Жәкеңмен жақыны­рақ танысудың сәті түсті. Онда республикалық «Ха­лық кеңесі» газетінің Талдықорған об­лы­сын­дағы меншікті тілшісі болатынмын. Тәуел­сіз­дік таңын атырған 1991-дің тамызы. Арғы-бер­гі тарихымызда орны бөлек атақты Ой­жай­лауда асылтекті Абылайдың арқасүйер қол­бас­шы­сы Қарагерей Қабанбай батырдың 300 жыл­дық тойы дүрілдеп өтіп жатқан. Аспанға ақ көбік атқан асау толқынды Тентектің аң­ғарындағы Үйгентас шатқалы алып сахнаға ай­налды. Ұзын саны сегіз жүздің үстінде киіз үй тігілді. Топырлы тойға тастүйін дайындалған же­тісулықтар қолын қусырып, кең-байтақ елі­міздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қа­бақ шытпай қарсы алды. Мәртебелі мей­ман­дар қатарында елге сыйлы «Егемен Қа­зақ­стан­ның» қызметкерлері де бой көрсетіп, қуаныш құ­шағындағы халықтың қайнаған ортасынан та­былды. Сол жолы Жанат аға Елшібекпен ал­ға­ш рет қол алысып, ертеден араласқан ескі таныстардай елжірей табыстық. Ол – қасиетті Қараталдың, мен – ағынды Ақсудың тума­сы­мыз. Асқар Алатаудың төсінен құлайтын қос өзен де Балқашқа барып құятыны аян. Тү­сі­ністігіміздің түп-төркіні жерлестікпен ғана шек­телмегені сөзсіз. Бауырластықтың басқа да бас­таулары баршылық болса керек. Көңілді көкке өрлетер көкжайлау төрін­дегі кездесу үстінде әңгімеленген көп жай­лар естен шыққалы қашан. Алайда жарқын жүзді жайсаң жанның аузын ашса, көмекейі көрінетін көркем мінезі ұмытылмастай әсерге бөлегенін айтуға тиіспін. Ол туған өңірімен етене байланысын еш­қашан үзген емес. Жерлестері де сүй­сінуге тұрарлық сүйікті азаматын елдегі ерек­ше оқиға санатындағы салтанатты шара­ларға жиі шақырады. Сондай сапарлар аясында анда-санда жолығыссақ та сәлеміміз суымай, ағалы-інілі қарым-қатынасымыз беки берді. Сыйластығымызға сызат түспеді. Үлкендік жасап үйреткен ақылына құлақ астым. Соның ар­қасында «Ойтоғанның соңғы орысы», «Шо­қан түскен үй», «Жамбылдың жеке дәрігері» жә­не басқа мақалаларым «Егеменде» едел-же­дел жарық көріп жатты. Аралас-құраластығымыз Астанаға көшіп кел­ген соң тіпті арта түсті. Республиканың ресми үні «Егемен Қазақстан» газетінің жауап­ты хатшысы лауазымы қаншалықты ауыр жүк арқалатқанына қарамастан қаламын қаңтарып тастамағанына қайран қаласың. Күні-түні шапқылаудан шаршамай көркем шығармалар жазу шынымен таңдай қағарлық жағдай. Редакциядағы ең қиын өндірістік буынды бас­қару барысында небір күрделі істердің күр­меуін табуға тура келгені талассыз. Газетті бе­зен­діру, яғни нөмірге баратын әрбір ма­териал­ды мағынасына қарай ұтымды орналастырып, оқырманға ұсыну өте үлкен өнер. Осынау ора­сан шаруаны Жәкең ұзақ жылдар бойы ой­дағыдай орындады. Егер «Егемен» ақпарат құ­ралдарының аламанында ылғи бәйгенің ал­дынан көрінуді дәстүрге айналдырса, оған Жанат Елшібек жампоздың да қосқан үлесі қо­мақты. Еңбек еш кеткен жоқ. Төгілген тердің тө­леуіндей түрлі марапат белгілерді тү­гендеп жатудың, сірә қажеті бола қоймас. Ең бас­тысы, алдыңғы буын да, кейінгі толқын да оның есімін айрықша ілтипатпен атайды. Қа­сындағы қанаттастары қадірлеп жатса, адамға одан артық қандай құрмет қажет. 1976 жылы жарық көрген «Жауқазын» ат­ты тұңғыш деректі хикаяты жарасымды жал­ға­сын тауып, республикадағы әртүрлі баспадан «Сту­денттік меридиандар», «Сен білесің бе?», «Алтын ұя», «Атамекен», «Қарлығаш», «Жоғалған теңіз», «Зерек», «Шағалалар жылай ма осы?», «Мың бір қызық», «Қош бол, теңіз», «Таным», «Уақыт – сынап», «Сырлы әлем», «Тағдыр желі» тәріз­ді публицистикалық-танымдық көркем әдеби кітаптары оқырман олжасына айналды. Мерейтой қарсаңында көтеріңкі көңіл күйде күлімдеп жүрген көкемізбен жуыр­да тағы жүздесіп, әріден қозғап әңгіме-дүкен құрудың орайы келген болатын. Қазақ бас­пасөзінде қайталанбас қолтаңбасын қа­лып­тастырған тұғыры биік тұлғаның өнегелі өмір жолын өзімізше өрнектегенді жөн көрдік. ТУҒАН ЖЕРІМ – ТҰҒЫРЫМ Менің қазіргі мекенім Сарыарқа сауы­рын­дағы самаладай Астана мен кіндік қаным тамған Балқаш бауырындағы ауы­лым­ның арасында еңку-еңку жер жатыр. Кейде ер­ке Есілдің жағасында отырып қиырдағы Қ­араталымды аңсайтынымды қайтерсің. Сана­дағы сағыныш кеудені сыздатып, керемет се­зім­дерге бөлейді. Сондайда қолға қалам алып, әдемі әсерлерімді ақ қағазда айшықтаймын. Әттең, ақын емеспін, әйтпесе поэзия құлагері Ілияс­тай сұлулығын суреттеуге тіл жетпес Же­тісудың ұшқан құс, жүгірген аңына дейін жыр­лар емес пе ем. Әйтсе де, суы күндіз күміс, түнде алтын бо­лып ағатын Қараталымды өзімше әс­­пет­теуден әлімше жалыққан емеспін. Пеше­нем­­дегі перзенттік парызымызды өтеуге ұм­тыл­­масақ, азаматтығымыз қайсы. Кемеңгер жазушымыз Әбіш Кекіл­байұлы­ның пайымдауынша, қалың жы­нысты Қаратал бойында көмбесі көп тарих­ты жасырған көне қалалар болған көрінеді. Оның ойын осы өңірде жүргізілген архео­ло­гия­лық қазба жұмыстарының нәтижелері де ай­ғақтайды. Табылған жәдігерлер талай ға­сыр­лық шежіреден тағылымды сыр шертеді. Есімі ұрпақтарының ұранына ай­налған небір жақсы-жайсаңдар өтіп­ті бұл өңірден. Елінің қамын жеген Ескелді, Бал­пық билердің үлгі-өнегесі күні бүгінге дейін үзіл­мей келеді. Қасиетті өзеннің жағасында Айту би Жаубасарұлы, Бақай батыр, Мықтыбек батыр, Жәлменде би Байшығашұлы, Пышан Жәлмендеұлы, Қоғыл көріпкел, Қарынбай әулие Тәттібайұлы, Ұмтыл Қабылбекұлы, Ті­леуғұл батыр, Арқабай әулие секілді дүлдүлдер мен бұлбұлдар дамыл тапқан. Олардың бәрі арғы замандардағы арыстар. Ал берідегі асыл­дары­мыз өз алдына бір төбе. Қазақ театр өне­рі­нің қабырғалы қайраткерлері Қанабек Бай­сейітов пен Бикен Римова, әдебиетіміздегі де­тектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев, дарынды суретші Анарбек Нақысбеков, саңлақ спортшы Мәулен Мамыров, «Халық Қаһар­маны» Азамат Жұмаділов, қадірі бөлек қалам­дас бауырларым Мұғалімбай Жылқыайдаров, Не­сіп Жүнісбаев, Ордаш Кендірбаев, Әміре Әрін сынды марқасқаларымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Жерлестерімнің бүгінгі әрбір жетіс­тігі­не жас баладай қуанып, жақсы ісіне жанашыр болып жүремін. Өмір-өзеннің асау тол­қындары алысқа алып кеткенімен, арты­мыз­да ақарлы-шаһарлы ел-жұртымыздың ба­рын ойлап, ішімізден тәубе етеміз. АНАМНЫҢ АҚЫЛЫ АДАСТЫРМАЙ КЕЛЕДІ Соғыстан сорлаған халық 50-жылдары ептеп еңсе көтере бастады. Әйтсе де, тұр­мысымыз әлі толықтай түзеле қоймаған. Төбесі Қараталдың нарқамысымен жабылған қор­жын тамда қоныс тепкен ауыл мектебінде он бес шақты бала қысыла-қымтырыла оты­рып оқитынбыз. Бір аяғын майдан даласында қал­дырып келген Базархан ағайдың сабақ сұра­ғандағы сұсынан қорқатынымыз сондай, кірерге тесік таппайтынбыз. Қабағынан қар жау­ған қаталдығының арқасында сапалы білім ал­дық. Ұлағатты ұстаз тәлімін бүкіл Сарыесік-Атырау аймағы аңыз қылып айтады. Жарықтық әр­бір шәкіртінің көркем жазуға машықтануына қат­ты мән беретін. Қарындашты қатырып ұш­тау­ға үйрететін. Содан соң көбейту кестесін күн­де сұрайтын. Алтыншы-жетінші сыныптарда әдеби шы­ғармалар оқумен әуестеніп, жазу-сызуға үйір­сек­тей бастадық. Өмірімдегі осы өзгерісті аң­ғар­ған анам бірден маған мынадай ақыл айт­ты: «Ақыры ниетің ауған екен, сен де көрген-біл­генің мен көңілге түйгеніңді қағазға түсіріп бай­қасаң қайтеді? Қаламыңды ұштау үшін ал­дымен күнделік жазып дағдылан. Арғы жа­ғын көре жатарсың. Андағы қолыңнан таста­май­тын газеттеріңе ауыл-аймақтың, өзіңнің мек­тебіңнің жағымды жаңалықтарын жолдап жібер». Аяулы анамның әлгі сөзі әсер етті, ал­ғаш­қы мақалаларымды жаза бастадым. Соның нәтижесінде «Қазақстан пионерінде» (қазіргі «Ұлан») тырнақалды хабарым жарқ ете қалды. Бас-аяғы он-ақ жолды құрайтын тұңғы­шым­ның аты – «Пионерлерге риза». Тасқа басылған аты-жөнімді көрген ауыл­дастар арасында абырой-беделім ар­тып, «Тілші бала» атандым. Мақалаларым бірі­нен кейін бірі жарияланып жатты. Жара­май қалғандары да жоқ емес. Олардың неге шықпағанын түсіндіріп редакциядағылар хат жі­береді. Бір жақсысы, ешқайсысы бетіңнен қақ­пайды. Келешегіңнен үлкен үміт күтетін­дерін жеткізіп, жігеріңді жаниды. Келе-келе мөл­тек әңгімелер, очерктер, этюдтер, суретте­ме­лер жазып, балалар басылымдарынан басқа «Жетісу», «Спорт», «Лениншіл жас» газеттеріне де жө­нелтуді тәжірибеге енгіздім. Жариялан­ған­дарын жата-жастана оқып, өз көзіме өзім сен­беймін. Шынымен-ақ осыларды мен жаз­дым ба дегендей. Меніңше, бұл барлық қа­лам­дас әріптестеріміз бастан кешкен кеп болса керек. Арманымды аялап, қиялымды қияға сер­меткен анамды ылғи құрметпен еске аламын. Сол кісі салып жіберген соқпақ мені адастыр­май алып келеді. «БЕРІҢДЕР, СҰРАҒАН ҚАҒАЗЫН!» Қалам-қағазға қаршадайымнан құмарт­қа­нымды жоғарыда жеткіздім, білем. Сондықтан біре­се ғарышкер, біресе инженер боламын деп сол­қылдамай, кәмелеттік аттестат қолға тиі­сі­мен жүрегім қалаған журналистиканың ар­ғы­ма­ғын ауыздықтау үшін Алматыға аттандым. Ару шаһарға ат шалдырған бойда аласұрып, ком­мунистік даңғылдың бойындағы 63-үйді із­дедім. Өйткені, онда өзімнің «Лениншіл жа­сым» орналасқанын білемін. ЦУМ-ның маңайын­дағы керек мекенжайға маңдай тіре­ге­німмен, ішке баса-көктеп кіруге батылым жет­педі. «Байғұс бала, сені мұнда кім күтіп отыр?» Санамды сан-саққа жүгірткен жайсыз сауал­ға жауап таппай сәл-пәл тосылғаныммен, бел­­гісіз бір күш ішке қарай итермеледі. Же­дел­дете басып, үшінші қабаттағы «Лениншіл жас­тың» киелі табалдырығын аттағанымда ат­тай тулаған жүрегімнің дүрсілін баса алмай, аз-кем аялдадым. Аядай ғана дәліздің қа­быр­ғасы қатар-қатар есік екен. Шетінен ашық тұр. Қа­ғазға қарап шұқшия қалғандардың айнала­сын­дағылармен менде шаруасы шамалы. Ай­да­лаға аңырған ақ қояндай абыржып мен тұр­мын. Кенет ұзын бойлы жігіт беймезгіл қо­наққа бетін бұрды. – Кәне бауырым, төрлет! Әкелген бірдеңе­ле­рің болса, көрсет. Мен – Қалдарбек Найман­баев деген ағаңмын. – Ой, сізді білемін ғой. Әйгілі Әбілсейі­тай­ха­нов, Тимур Сегізбаев туралы очерктеріңізді оқы­ғанмын. Мен өздеріңіздің штаттан тыс тіл­шілеріңізбін... Міне, мынау газетке басылған ма­териалдарымның қиындылары... Журфакқа тап­сырмақпын... Соған анықтама берсеңіздер жақ­сы болар еді... Енді өрби берген екеуара әңгімемізді әл­де­кімнің әмірлі даусы бөліп жіберді. – Қалеке, беттер қайда? Дайын ба? Үлкенді сыйлап үйренген басым отырған орнымнан ұшып тұрып, қолымды ұсындым. – Шераға, мына бала біздің жас тілшіміз ғой. Университетке түспек. Журналист бол­мақ­шы. Бізден мінездеме сұрайды. – Беріңдер, сұраған қағазын! Бәлкім, септігі тиер... Алғашында ашулылау көрінген адуынды бас­тықтың бас-аяғымды барлай қарап, жылы жы­миғанын байқадым. Жаныма нұрлы шуақ құй­ған сол жалқы сәт, жалғыз ауыз сөз жадым­да мәңгілік жатталып қалды. Бірақ қанша ұмтылғаныммен, ҚазГУ-дың дәмі тартпады. Әскери комиссариаттың куәлігі болмай, өткізген құжаттарым кері қай­тарылды. «Жаны қысылған жақынын табады­ның» керімен қайтадан «Лениншіл жасқа» қарай жүгірдім. Өйткені өкінішімді айтып, өксігімді басатын басқа жанашырым жоқ еді. Менің мүшкіл халімді көріп, мұңды көңілімді жұбатқан журналистер уақытты ұттырмай КазПИ-дің филфагына бару жөнінде кеңес берді. Мұғалім болғым келмейтінін алға тар­тып, ат-тонымды ала қашсам, олар өз уәжін ай­тып әлек. «Балақай, сен алдымен түсіп алсаң­шы. Кейін ауысып кетерсің. Әйтпесе, мүйізі қара­ғайдай біраз мықты журналистер мен жазу­шылар сол КазПИ-ді бітірген». Сонымен, қойшы, ағаларымның сөзін жерге тастамадым. Емтиханда жазған шығармамның бірінші бетіне «Лениншіл жас­тың» берген мінездемесін қыстырып жі­бер­дім. Кім біледі, Шерағаң айтқандай, бір септігі ти­ген шығар. Әйтеуір, білім бәйгесінде бағым жа­нып, студенттер қатарына қабылдандым. МҰРТАЗА, БЕРДІҚҰЛОВ, БАЙЖАНОВ, КЕКІЛБАЙҰЛЫ... ЖӘНЕ БЕС ЖҮЗ ЖУРНАЛИСТ Жастайымнан жан серігім болған жазу-сызуды студенттік шағымда одан сайын шираттым. Сабақтан бос уақыттарда ре­дакцияларды жағаладым. Бойымдағы қа­бі­лет ұшқындарын қалайда өшіріп алмау үшін үне­мі ізденіс үстінде жүруге талпындым. Кө­бі­не­ газет бөлімдерінің тапсырмаларын орын­дай­мын. Соңғы курсты аяқтауға жақын қал­ған­да «Лениншіл жастың» жауапты хатшысы Сәбит Жиренов пен оның орынбасары Серік Әбдірайымов қолымнан жетектеп, редактор Шерхан Мұртазаевқа алып барды. «Өткендегі айт­қан жігітіміз осы» деді екеуі амандық-саулық сұрасқаннан кейін. Сөздерінің сыңайы­на қарағанда мені жұмысқа қабылдамақ. Баяғы таныс дауыс гүж ете қалды. – Әй, красвордшы, секретариатқа салып жі­бер­сек, жұмысты алып кетесің бе? – Институтта оны оқытқан жоқ қой. Еш­теңе етпес, үйренермін... – Білем оқытпағанын. Ерінбей еңбектен­сең, еңсермей немене?! Макет сызу қиыннан қиыс­тырып сөзжұмбақ құрастырудан ауыр дей­місің. Давай, іске кіріс! Талай таланттың тұсауын кесіп, то­ма­ғасын сыпырған «Лениншіл жастың» ( бүгінгі «Жас алаш») нояндары қатарына қа­лай қосылып кеткенімді тіпті білмей қалдым. Бір жылдан кейін Шерағаң «Жалын» жур­налына бас редактор болып кетті де, оның орнына Сейдахмет Бердіқұлов келді. Ең ғажабы, екеуі рухтас-тұғын. Қос рефор­ма­тор-редактордың ұлтжандылық ұстанымдары бір-бірінен алшақ кетпейтін. Олар қоғамның қотырын қасыған, қордаланған мәселелерін қозғаған өткір тілшілерін қолдай да, қорғай да білетін. Биліктің тарапынан үйірілген би­шікке өздерінің жонарқаларын тосатын. Еш­қайсымызды ешкімге жығып бермейтін. Батыр бас­шың барда сен де ештеңеден сескенбей, жан-жағыңа жалтақтамай қаламды еркін сіл­тейсің. Елдік, ұлттық мүдделерді екшеп, әлсіз әлеу­меттің жоғын түгендейсің. Бірде балық­шылар өмірінен «Шағалалар жылай ма, осы?..» деген оптимистік очерк жаздым. Ащы сынның аяғы у-шуға ұласатынын сезе тұра, Сейдағаң мақаланың шекесіне солақай қолымен сой­дақтатып қолын қойды да, дереу баспаханаға жөнелтті. Ертесіне жоғары жақтан жұмсалған сойтан жұдырықтың соққысын маған дарыт­пады. Бұл мыңнан бір мысал ғана. Осы шулы мақалам лездемеде мақталып, қызметтес қыз-жігіттер құттықтап жатты. Тек Оралхан Бөкеев қана еш үнсіз қалғанын іштей жаратпағанымды жасырмаймын. Алайда үш күннен кейін Оре­кең аңқылдап бөлмеме келді де «Әкелші қо­лыңды, бүгін ғана оқыдым. Көкейкесті проб­леманы көтеріпсің» деді. Көңілімде қатып үл­герген көк мұздың көбесі сөгіліп қоя берді. Қайратымыз қарындаған қайран жиыр­ма бес­тің қимас қызықтарға то­лы қыр­қасынан аса бере «Социалистік Қазақ­стан­ға» шақырылдық. Әрине, есімімді елге та­ныт­қан «Лениншіл жастан» кету оңай соқпағаны анық. Үзеңгі қағыстырып, қатарласа шапқан қаламдастарымды қимай үш жылдай жүрдім. Спорт тақырыбындағы репортаждары мен очер­к­терін қалың оқырман қауым сүйсіне оқыған Сейдағаңның тақырып қоюдағы тап­қырлығы, қарауындағы іні-қарын­дас­тары­ның қабілет көзін ашудағы көрегендігі, әркімді ор­нымен пайдалана білетін сұңғылалығы ерік­сіз бас шайқататын. Осындай білікті маманнан тәрбие алып, оң-солымды айырғанымды мақ­тан тұтамын. «СҚ»-ның сықиған ұжымы мені бірден бауыр­ларына тартты десем, өтірік айтқан бо­лар едім. Алғашқы таныстыру жиналысында-ақ тарпа бас салғандар табылды. Қиғаштау ке­тіп, қиямпұрыстау сұрақ қойғандар кездесті. «Сені кім мұнда шақырды?» дегенде, күтпеген сауалға күмілжіп қалдым. Абырой болғанда, ре­дактордың бірінші орынбасары ара түсті. «Он­да сіздің шаруаңыз қанша, редакция алқа­сы солай шешті» деді Балғабек Қыдырбекұлы әлгі ағайға ажырая қарап. Енді есімді жия бер­генде «Шашың неге ұзын?» деді екінші біреуі. Жастар газетінде жағамыз жайлауда жүріп үйреніп қалғандықтан, бұл сауал қисынсыздау сияқ­ты көрінді. Кейінірек осы партия басы­лымындағы қызметкерлердің жүріс-тұрысы мен киім киісіне дейін өзгешелеу екенін ұқтым. Басшымыз Сапар Байжанов салмақты мінезімен, барынша байыптылығымен ерекшеленетін. Өзі тамаша очеркист. Екінші орын­басары Сарбас Ақтаев та ақтаңгер жур­на­лист. Басқа да үлгі-өнеге аларлық ағаларымыз же­тіп артылатын. Сойы бөлек сол сардарлар­дың сарбазы болып соңдарынан ердім. Қыз­меттің қызығын да, шыжығын да көрдік. Оны таңға ұрып айтып, тауыса алмайсың. «СҚ-ның» қыр-сырын меңгеріп, әбден ысылған кезімізде «Қазақ әдебиеті» «құда түспесі» бар ма. Құзыреті күшті Компартияның пәрменімен аталмыш ап­талықтың көлемі ұлғайып, ендігі жерде он ал­ты бет болып шығатынын естідік. Демек, жаңа кадрлар алу қажеттігі туындаған ғой. Сол себеппен Қазақстан Жазушылар одағының бірін­ші хатшысы Жұбан Молдағалиевтің каби­нетінен бір-ақ шығайын. – Қарағым, бізге жаңаша ойлайтын жауап­ты хатшы керек. Соған лайық кандидатура ре­тінде жігіттер сенің атыңды атады. Мен өзі оқ пен оттың ортасында майдандық газет шы­ғар­ған адаммын. Бұл жұмыстың машақатын бір кісідей білемін. Сондықтан сені пікірлесуге ша­­қырттым, – деді Жұбағаң мәймөңкелеп жат­пай. Қысқасы, мені жаухатшылыққа алатын болды. Онымен қоймай, төрт бөлмелі пәтер бөлмек. Іле-шала сол заманның тәр­ті­бі­мен Орталық комитеттің сүзгісінен өттім. Үгіт-насихат жағына жауапты Әбіш Кекілбаев пен Мұқан Мамажанов оң қабақ танытып, сәттілік тіледі. Әне-міне ауысамын деп аумалы-төкпелі көңілмен жүргенімде Сапекең шақы­рып алып, ЦК-ның секретарымен менің мәсе­лем жөнінде сөйлескенін, сондағы уағдаластық бойынша ешқайда кете алмайтынымды «естіртті». Міне, солайша бас басылымдағы қызме­тім­ді жалғастыра бердім. ...1989 жылдың қарашасында Шерағаң бізге бас редактор болып тағайындалды. Қайта құру қарқындап, жариялылық жалаулап тұр­ған тұс қой. Уақыт уыты өз өрнектерін салмай қой­майды екен. Оңды өзгерістер өркен жайып, жаңа­лықтар лебі есті. ЦК-ның идеология жөніндегі хатшысы, хал­қымыздың біртуар перзенті Өзбекәлі Жә­ні­беков өзі ертіп әкеліп ұжыммен таныс­тыр­ғанда Шерағаң темірқазық ұстанымын бірден білдіріп, алдағы бағытын айқындап алды. – Өзеке, газетті «өзгерт, жақсарт» деп жа­тыр­сыздар. Ол – ең алдымен мына отырған жур­налистерге байланысты нәрсе. Менің мық­ты журналистер жасайтын құдіретім жоқ. Өйт­кені Жаратушы емеспін. Ал бұлар айтқа­ным­ды орындап, ақылымды тыңдаса, бірдеңе тын­дыруға болады. Біз енді толғақты материал­дарды, өткір сын мақалаларды көбейтеміз. Шырылдаған шындықты жазамыз. Сіз соған қамқор болыңыз, – деді сөзінің соңын нығыз­дап. Шерағаңның уәде үдесінен шыққаны баршаға аян. Жұрт білетін белгілі жай­ларды бекерге қайталап жатпайын. Жиыр­ма жылдан кейін қайта қауышқан қадірлі жан­ның қарамағында газеттің жауапты хат­шы­сы қызметін қал-қадірімше атқарып бақ­тым. Сындарлы сәттерде сыр бермеуге тырыс­тым. ...Журналистік ғұмырымда қазақтың аса көр­некті азаматтарымен қызметтес болға­ным­ды өзіме зор мәртебе санаймын. Соған сан мәр­те шүкіршілік қыламын. Тікелей газеттің тіз­гінін ұстаған он бір бас редактордың жетек­ші­лігімен үлкен газетті қалың оқырманның сүйік­тісіне айналдарған майталман басшы­лар­дың мектебінен өттім. Олар – Шерхан Мұртаза, Сей­дахмет Бердіқұлов, Сапар Байжанов, Бал­ға­бек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдірахманов. Бүкіл саналы ғұмырымды осы екі басылымда өткізген жылдары бес жүзге жуық үлкенді-кішілі журналист ағайынмен иық тіресіп, қол ұстасып газет жасағанымды әрдайым ерекше үкілеп айтқым келеді. Мұндай бақыт кез келген пенденің пешенесіне бұйыра бермейтіні аян...

*** Қашан көрсең де жарау аттай жайтаңдаған сер­гек қалпынан айнымайтын Жанат Елші­бек­тің қазір де қарап жатпағанынан хабардармыз. Өткенде өзара әңгіме үстінде екі кітаптың сиясы кеппеген қолжазбасын баспаға тапсыр­ғанын айтып қалды. Не туралы дейсіздер ғой? Оны сәтін салған тұста оқи жатарсыздар... Өмірлік ұстанымы адалдық аксиомасы іс­петті Жан-аға, жазарыңыз көбейіп, мерейіңіз ас­қақтап оқырманды қуанта беруіңізге тілектеспіз!

Талғат БАТЫРХАН, журналист