Жаңалықтар

Баян-Өлгей – бақ мекен...

ашық дереккөзі

Баян-Өлгей – бақ мекен...

Жуықта Моңғолия еліндегі қазақтар ең көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағының Қызылқайың ауылына қарайтын Көкмойнақ елді мекенінде Көкмойнақ орта мектебінің директоры Салтанат Кеңшілікұлынан ұсыныс хат келген. Аталмыш хатта бастауыш сыныпта өзім оқыған Көкмойнақ мектебінен менің атыма оқу залын ашпақ ниетін жеткізіпті. Мектеп ұжымы қолдап, кеңестің шешімі солай қабылдаса керек. Сонымен, ойланып, ақылдасып, келіскенбіз. Үш-Ойғыр өлкесіне жататын Көкмойнақ – менің туған ауы­лым, екінші жағы кабинеттің ашылуына қатысу, үшіншіден халықтың ықыласынан үлкен емеспіз, оған туған өлкені са­ғынған сағыныш бар... Мамырдың 18-і күні таңер­тең жеке көлігімізбен жол­ға шығып кеттік. Нұр-Сұлтан қаласы мен Өлгей қаласының арасы 1 900 ша­қырым. Арада төрт шекарадан өте­сіз. Шекараның өзіндік азабы бар. Бірнеше қапшық кітап пен сөм­келерді шекара сайын түсіріп, тек­сертіп қайта тиеу оңай шаруа емес. Шар­бақты шекарасына дейін Са­рыар­­қаның сары даласын басып оты­рып 550 шақырымдай жол жү­ріп, Құлынды бекеті арқылы Рес­ей­дің жеріне өтесің. Горно-Алтай өл­ке­сінің орталығы саналатын Бар­наул қаласына дейін осы жазық дала со­зылып жатыр. Барнаул – атақты Обь дариясының жағасында орна­лас­қан үлкен қалалардың бірі. Обь дариясының енінің өзі 2 шақырымға жуық. Рейн, Иль, Ертіс өзендеріне қар­ағанда Обтың арнасы кең, ау­қым­ды. Дария мен өзеннің айыр­ма­шылығын осындай сәттерде сезіне­сің. Барнаул қаласынан өте жердің бе­дері өзгеріп сала береді. Ары қа­рай жасыл алқап, жыныс ормандар, қыраттар, таулар басталады. Таулы Алтай­дың биіктеріне өрлей бересің. Жан-жағын биік орманды таулар көм­керген, сайларды өрлеп отыра­сың. Тауды қиып салған заманауи жол­дың сапасы жақсы-ақ. Тау етегі­мен өрлеп отырғанда сайды құлди­лап қарама-қарсы Қатын өзені сар­­­қырап жатады. Жан-жағын Алтай­дың биік таулары көмкерген Ал­тайдың сайында бір күн жүресің. Қа­зақтар көп шоғырланған Қош-Ағаш ауданына жақындағанда жа­лаңаш таулар көрініп, ағаштар си­рейді. Солай, орманды тау, ағаш­тар­мен қоштасып, Қош-Ағаш ауданына жетесің. Ар жағы Ташанты шекара бе­кеті, Ташантыдан өткен бетте Моң­ғолия жері басталады. Қызыл үй шекара бекетінен өткен соң Өл­гей қаласы алыс емес. Баян-Өлгей – айналасын биік таулар қоршаған Қобда өзе­ні­нің жағасындағы қала. Қазір қа­ла­ның ауқымы кеңейген, қоныс­тану­шылар көп. Баяғыда ең биік үйлер 5 қабаттан аспаушы еді, қазір 10 қабатты зәулім үйлер, мейрам­ха­на, бизнес орталықтары көбейген. Осы­ған қарап-ақ Өлгей қаласының жыл сайын даму қарқыны өсіп бара жат­қанын байқайсың. Баян-Өлгей ай­мағы – қазақтар қоныстанған 12 ауыл­дың орталығы. Әр ауылда қан­ша­ма бөлімше бар. Жалпы, Қобда бе­тінде шамамен 150 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатса керек. Қобда бетін мекен еткен қазақтардың негізгі тіршілігі – мал шаруашылығы. Қаладағы қазақтар мемлекеттік, бюд­жеттік қызметкерлер мен биз­нес­мендер. Осыдан бірнеше жыл­дың алдындағымен салыстырып қара­сам, халықтың әлеуметтік жағ­дайы әлдеқайда жақсарғаны көрініп тұр. Мемлекет те бар жағдайды жа­сап отыр екен. Төрт баласы бар ана 50 жасында зейнетке шықса, әйел­дердің жалпы зейнетке шығу жасы 55 жас көрінеді. Мемлекет кез кел­ген отбасындағы бір балаға біз­дің ақшамен есептегенде 10 000-нан ас­там теңге төлеп отыратыны бізді қуант­ты. Тағы бір таңғалдырғаны, мал­шылардың зейнетке шығу жасы 55 жас. Капиталистік қоғамда бар­лық мал жекеменшік есебінде, соған қарамай малшылар 55 жасқа толса зейнеткер аталмақ. Бір байқағаным, ол жақтағы 55-тен асқан кез келген адам зейнетке шығып, еркін өмір ке­шіп жатыр екен. Қырдағы мал­шы­лардың жағдайы өте жоғары. Бұрын тоқал там үйлер көбірек еді, қазір зәу­лім, төбесін шатырлап, 5-6 бөл­ме­лі үй салмаған қазақ жоқ. Өріс тола мал, бағасы да арзан емес. Бір ғана кемшілігі – оқыған жастарға жұмыс­тың аздығы. Қазақ еліне осы жас­тарды көбірек тарту керек секіл­ді, орнығып қалған үлкендердің көшуге ниетін байқамадым. Рухани шараға барған біз Өлгейде бірнеше күн аялдап Көкмойнақ ауылына тарттық. Ма­мырдың 23-і күні Ербол Бейілхан атын­дағы балаларды дамыту орта­лы­ғы" оқу залы ашылды. Көкмой­нақ­қа жеткен бізді шашу шашып, ақ ұсы­нып қарсы алған мектеп ұжымы, залдың ашылу рәсімінен кейін ауыл өнерпаздарының концертімен, ақын­ның өлеңдерін оқыған жастар­мен қарсы алды. Шара үш сағатқа созылып, сый-сияпат көрсетті. Біз өз тарапымыздан оқу залына сый­лық­тар мен соңғы жылдары жарық көрген ақын-жазушылардың 160 дана кітабын сыйға тарттық. Жас­тар­мен рухани кездесу өткіздік. Кеш­тің соңы ағайындардың ақ дас­тар­қан тойына ұласты. Кештің ертеңі туған жерді ара­­лап, ағайындарды мейірі­міне шомылдық. Ойғырдан құлди­ла­ғанда Соғақ атты елді мекен бар. Бұл да біздің үлкен бір ауылымыз. Жол­да Соғақ орта мектебінің өтіні­ші­мен ұстаздар мен оқушылармен рухани кездесу өткіздік. Соғақтық жастар бізді сұрақтың астына алса, ел шапан жауып, құрмет көрсетті. Өл­гейге жете бере Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханада кез­десу жоспарланған болатын. Бұл кез­десуге де өлгейлік зиялы қауым, ақын­дар мен оқырмандар көп жи­налды. Кітапхана ұжымына өз кітап­тарымды тарту еттім. Өлгейдегі қазақ руханиятының жаршысы саналатын Қазақ радиосы сұхбатқа шақырып, рухани әңгіме өрбіттік. Атамекен десе елеңдеп, тілеулес бо­лып, құлағын түріп отыратын Өл­гейдегі қазақтар сәт сапар тілеп бізді шы­ғарып салды. Он күнге созылған қыс­қа сапарымызда мейірім мен ниет­ке шомылып, ақжарма ағайын­ның көңіліне разы болып, елордаға тартып кеттік.

Ербол Бейілхан, ақын