«Дала мадоннасының» толыққанды бейнесі
«Дала мадоннасының» толыққанды бейнесі
Кірпіш кітаптардың дәуірі өтті дейтін түсініктің санамызға сыналап кіре бастағанын жасыруға болмас. Бұл пікірге бірден келісе қою қиын, әрине. Оған дәлелдемелер келтіріп, уақытты текке өткізбейік. Мәселе кітаптың қалыңдығына, не жұқалығына тірелмесе керек-ті. Бәрінен бұрын алғашқы беттен-ақ оқырманды ойлы сөйлемдерімен, оқиғаның ұзын-сонар желісінен там-тұмдап таңдайыңа бал тамызғандай, ал нақтылағанда одан әрі ешкімнің қолқалауынсыз өз-өзінен үйіріп әкететін қаламгердің шеберлігін айтсаңшы! Ондайда көлем туралы алғашқы пікірге қайта айналып оралуың тіпті мүмкін емес. Егер сондай кітап қолға түссе, оның ақырғы нүктесіне дейін оқып шыққанша мына дүниенің әлем-жәлем, кейде түсінікті, кейде түсініксіз сан түрлі құбылысын ұмытып, таңғы шықтай тап-таза рақат сезімге бөленетініңді жасыруға болмас! Кітаптан алатын әдемі әсерді, мейлі мың жерден небір ғажайыптарды үйіп-төгіп тастаса да, интернетпен, немесе басқа «кереметтермен» салыстыра алмайсыз. Осы тұжырым қанша рет айтылды, жазылды, әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Бірақ қалай болған күнде де, кітапқа деген сүйіспеншілік, кітап оқуға деген құмарлық біз армандаған қалпына қайта оралары анық. Оған күмәнданбаңыз.
Жуырда елордамызда еуразиялық кітап көрмесі өтті. Сондағы әр баспа өнімдерінің алдында кезек күтіп тұрған жасөспірімдердің көздеріндегі кітапқа ауған жылылықты көргенде іштей шүкіршілікке келгенімізді жасырып қайтейік. Мектеп оқушыларын «қара көбейту» үшін әдейі әкелген болар десе де, қалтасындағы соңғы тиынын санап, кітап сатып алып жатқандардың арасынан жол тауып жүрудің өзі қиын еді. Көрмеге жастар көп жиналды. Және осы көрініс бізді де бір желпінтіп тастады.
Көрмеде жаңадан жарық көрген талай кітаптың дәстүрлі тұсауы кесілді. Соның бірі – белгілі жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы еді. Роман кірпіш кітаптардың санатына жатпайды. Шағын және қалтаға салып жүріп, кез келген аялдамада оқи беруге ыңғайлы. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген қазақтың бас ханы Әбілқайырдың сүйікті жары Бопай Сүйіндікқызының ғұмырнамасына арналған аталмыш кітап баспадан шыққан бойда жұртшылық назарына ілікті. Несімен? Шамамыз келгенше осы жайды таратып айтсақ. Біріншіден, роман оқушысын жалықтырмайды, кезеңдік оқиғалар бірінен-бірі жалғасын тауып, жетектеп отырады. Және жазушының айшықты қолтаңбасы – тым сөзуарлыққа салынбай, кейіпкердің психологиялық жан тебіренісін ашудағы шеберлігі, жалаң баяндауға бармастан нені айтқысы келетінін әдемі иірімге толы құрмалас сөйлемдер арқылы өткен ғасырдағы халқымыз бастан кешкен қым-қиғаш құбылыстарды көркем суреттей көз алдымызға дөңгелетіп әкеле білуі көпшілігімізді тәнті етті. Иә, соңғы уақыт бедерінде Бопай жөнінде бірнеше жанрдағы әдеби дүниелер өмірге келді. Бәлкім, әлі де жазыла берер. Неміс шатыс ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің қаламынан туған керемет бейне – «дала мадоннасы» атанған Бопайдың сырт тұлғасының өзі бір қарағанда кез келген пендені еріксіз баурап әкетеріне талас жоқ. Бұл сурет бізді былай қойғанда, сол кездегі алтын астаумен ас ішіп, төңірегіне асқан тәкаппарлықпен қарайтын әрі анау-мынауды менсіне қоймайтын Санк-Петербордағы талай-талай ақсүйектер қауымын да таңғалдырған-ды. Яғни, Бопай тақырыбы жалғасын тауып, әлі де жазыла беруі мүмкін.
Әбілқайыр хандық құрған дәуірдің аласапыраны тарихтан белгілі. Хан тағында қамсыз-мұңсыз өмір сүріп, қымыздың қызуымен ықылық атып, таңның қалай шығып, күннің қалай батқанын да аңғармай, зерігіп бара жатса, қырдан қызыл түлкі аулап, жолай кезіккен қазақ ауылдарының атқамінерлері ханды ер үстінен қағып алып, сый-құрметтерін жасап бағатын «бағытты заман» ол кезде қайдан болсын. Кіші жүздің Жайық бойындағы орыс жасақтарымен, Еділ қалмақтарымен ұрысы дамылсыз жалғасып жатқан-ды. Екінші жағынан жоңғарлардың да ауық-ауық тірі жанға тиіспей, қолдағы азын-аулақ мал-мүлкіне ризашылығын білдіріп, көшіп-қонып жүретін қазақ ауылдарына «тіс батырулары» жиілеп кеткен-ді. Дүйім қазақтың жақсылары мен жайсаңдары, батырлары бас қосқан атақты Қарақұм құрылтайында Әбілқайырға бас ханның билігі беріледі. Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрғанда ел бірлігі, елдің тұтастығын сақтап, атамекенді жау табанына таптатпай, майдан қыл суырғандай саясат ұстанып, тірлік кешудің оңай емесін түсінген Әбілқайыр аса мән-мағыналы жауапкершілікті амалсыз мойнымен көтерді. Өз ішімізде де әр руды билеп-төстеп қалған шонжарлар мен істің немен аяқталатынын аңғармай, әлдекімнің айтағына еріп, ақылды уәж тыңдаудан орнына «аттан» десе екі білегін сыбанып, өре түрегелетін «ақкөз» батырсымақтардан да аяқ алып жүре алмайтынсың. Міне, соның бәріне де ханның ақылдылығы мен көрегендігі ауадай қажет еді.
Жә, өз арамыздағы кейбір кикілжің бұрық-сарық қайнағанда қайда барады, түбі бір басылар, ағайын арасындағы араздықтың да азды-кем қолбайлау болатыны рас, ал бәрінен бұрын сыртқы жаудың тілін тапқанды айтсаңшы. «Сыртқы жауың» мәмілеге келуден бұрын кішкене мүлт кетіп, олардың ойынан шыға алмасаң қынабынан қылышын суырып, өре түрегелетін; өре түрегелуі былай тұрсын, от тұтандыратын қару-жарағына сенгендіктен бе, әлде «бұратана халықты» өз илеуіне салып, билеп-төстегісі келетін өркөкірек мінезінен бе, әйтеуір айтқаныңа бірден көне қоймайтын құлыптаулы «тас қамал». Сол «тас қамалдың» қан тамырына жылу жүгіртетін амал-айланы қас-қағымда қалай таппақсың?! О кезде орыс билігіне қарсы тұрып, арман-мақсатыңды жүзеге асыру аса қиын шаруа. Олардың тыныш жатқан елдің оқтын-оқтын мазасын алып, Жайық бойындағы қазақтардың күнкөрісіне жарап тұрған малын көзбе-көз әлімжеттік жасап тартып алуындағы түпкі мақсат – Әбілқайыр ханның сағын сындыру, тізе бүктіру, жалынышты ету. «Қырық кісінің» ақылын бойына жинаған Әбілқайыр бодан болып жан сақтауды мұрат тұтпайды, келісімге келіп, мәмілеге келіп, елдің тұтастығын сақтап қалса, түпкі мақсатының орындалғаны.
Романда жеріне жеткізе суреттелген Жем, Еділ бойындағы көш, Сүйіндіктің әйелі Ақсырғаның толғағы, Бопайдың дүниеге келуі, жаңа туған шаранаға Мұхаммед пайғамбардың сүйікті қызы Бибәтиманың есімі берілуі, кейін Бопай атануы, қалмақтармен шайқас кезіндегі Бопайдың ерлігі, жас сұлтан Әбілқайыр мен Бопайдың алғаш кездесуі, екі жастың арасындағы көзге андағайлап көріне бермейтін сүйіспеншілік сезім, Бөкенбай мен Әбілқайырдың тіл табысуы немесе Бопайдың бойжетіп ұзатылуы, жас келіншектің қасқырдың жүрегіне жерік болуы секілді эпизодтарды қайталағымыз келмеді. Бұлардан саналы түрде бас тарттық. Басты нысана Бопайдың бала туып, бір үйдің барша тірлігін үйіріп әкеткеніне мәз болмай, соған ғана шүкірлік айтып, қайран уақыттың босқа өтіп жатқанына қарамай, халық қадірлеген, ақ киізге отырғызып хан сайлаған Әбілқайырдың сын сағаттарда үнемі қасынан табылып, ақыл қосуы ғой; жанашырлық танытып, көкірегіндегі ойын ашық айтып, ал керексіз жерде кимелемей, тоқтамға келіп, Әбілқайырды да өз ақылына біртіндеп иландыра білуі ғой. Әрине, бұл – ұзаққа созылатын өмірлік ұстаным, бірақ айналадағы күн сайын өзгеріп, күн сайын «жан алып, жан беріскен» қазақы ситуация мұндай «ұзын арқан, кең тұсауды» көтере бермейтін-ді. Шалт қимылдап, оқыс шешім шығаруға тиісті сан түрлі жағдай кеңірдекке тіреліп тұрғанда жайбарақат ойланып-толғануға қайдан мүмкіндік туа қойсын. Сондайда аңғал батырдың жан-жағына алақтап, әлдекімнен жәрдем тілейтіні де шындық еді. Бірақ ол ханның ең сенімді адамы болуы тиіс-тін.
Санкт-Петербордың арнайы мәмлегер өкілі, ішкі істер коллегиясының тілмәші, дипломат Алексей Иванович (Тәуекелов) Тевкелев үлкен мақсатпен хан ордасына келе жатыр. Қадірлі қонақтарды қарсы алуға Бопай Әбілқайырды өз уәжіне көндіріп, ержеткен тұңғыш ұлы Нұралыны жұмсайды. Мұның арғы астарында да сындарлы саясат жатқан-ды. Бәлкім, Бопайдың ханға айтқан алғашқы базынасы ма, бұйымтайы ма, әйтеуір түсіністік жағдайдағы ақыл қосқаны осы болар. Анасы Нұралының да қазірден бойын тіктеп, жақсы-жаманды ажырата аларлық кәмелет жасқа жеткен соң ел ісіне араласа бергенін жақсы көреді. Әкеге қолқанат болудың жай-жапсарын түсіндіреді.
Кіші жүз, Орта жүз хандары Еділ қалмақтары мен Жайықтың орыс-казактарымен «қырғи қабақтасқандарына» қанша жыл, Оралдың естектерімен, башқұрттармен жанжал да созылып барады. Ымыраға келудің ықпалды жолын тауып, елге пайдасы тиетін амал-айланы қолданған абзал. Әбілқайырдың мөрі басылып, Анна Иоанновна патшайымға жолданған хаттың мазмұны мүлдем бодандық туралы емес, келісімге келу, түсінісу, сөйтіп бейбіт халықтың берекесін алмау жағы басым айтылған еді. Тағы да қайталайық, хаттың алғашқы нұсқасында бодан болайық деген бірауыз сөз жоқ-ты. Патшайымға жақсы қырынан көрінгісі келетін Тевкелев Жайыққа барған сапарының текке өтпегенін «дәлелдеу» үшін және өзінің де түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін аудармашыларға айтып, «бодан боламыз» деген сөзді қостырып жібереді. Бірауыз сөздің тарихи маңызға ие болып, кейінгі ұрпақтың Әбілқайырдың сондағы «орысқа бодан болуды көксегені» кесір боп жабысатынын кім білген дейсіз! Иә, осы түсінбестік кешеге дейін дау-дамайға айналып келген-ді. Тіпті, ана жылдары аузы дуалы зиялыларымыздың кейбірі Әбілқайырдың елге, халыққа, атамекеніміздің тұтастығы үшін жасаған ерлікке тән еңбектерін мансұқтап, тарих сахнасынан сызып тастауға дейін әрекеттенген. «Жайық кеуіп қалғанша, ақырзаман болғанша қазақ бұл жерден айырылмайды!» дейтін Әбілқайырдың өршіл рухқа суарылған айбатты сөзін де ұмытуға тырыстық.
Ақыры қайырын берді. Әбілқайырдың орысқа бодан болуға түк қатысы жоғы толықтай дәлелденді. Жазушы Мәди Айымбетов осы бір шетін мәселені романында кәдімгі майдан қыл суырғандай етіп, жеріне жеткізе жаза білген. Яғни, «Бопай ханымның» авторы тарихи романға кіріспес бұрын бізге таныс, бейтаныс болып келген архив құжаттарын жіті зерттеген, зерделеген. Хатқа түскен құнды деректерді сана сүзгісінен өткізген және өз байламын да жазушылық шеберлікпен оқырманға жеткізе білген. Марқұм Әнес Сарай ағам ғұмырым жетсе, Әбілқайырға қатысты әлгі жаңсақ түсінікті жазып кетуге тырысамын деуші еді, оны қаламгер інісі Мәкеңнің орындағанына ризашылығын білдіріп те жатқан болар. Ағамыздың топырағы торқа болғай!
1738 жылы Қалмақ әскерінің қолбасшысы Галдан-Норба әкесінің нұсқауымен Жем, Жайық бойына ендей кіріп, Әбілқайырды тізе бүктіруге әрекеттенеді. Бұл кезде Нұралы да санға емес, санатқа ілігіп, ел-жұртқа өзінің қарым-қабілетін біршама байқатып-ақ қалған-ды. Ара-тұра аңғалдығы да аңғарылып қалатын. Бар жағдайды әрдайым ақыл тезіне салып, алдымен қабырғасымен кеңесіп, сосын барып бір тоқтамға келетін Бопайдың «енді сен де жас емессің, төңірегіңді жіті көзбен бақылағаның абзал» деп ұлына мына ақылын шегелеп айтатыны бар: «Балам, әкеңнің ендігі жердегі тірегі өзіңсің...» Орыс-казактардың да, қалмақтардың да оқтын-оқтын қазақ жеріне шабуылдауының басты себебі – Әбілқайырды Петербормен мәмілеге келтіру. Яғни, ішкі Ордаға еш кедергісіз кіріп-шығып, «бұратана халықты» одан әрі басып-жаншып, ойына келгенін істеп бағу.
Романда Бопайдың төркін жұртына төркіндеп баруы, сондағы тәрбиелік мәні зор дәстүр-салттың көздің қарашығындай сақталуы, қанша жерден хан болса да, Әбілқайырдың күйеулік парызын ұмытпай, ибалыққа жүгінуі тәрізді оқиғалар өмір шындығымен астасып, тамаша суреттелген. Автор бұл орайдағы алға қойған түпкі мақсатын толығынан орындаған деп айтар едік. Бұл тұстағы және бір көңілге қона кететін жанды көрініс Бопайдың төркін жұртына қыдырыстап барғанымен, елдің әлеуметтік мәселелерін шешіп алмайынша, кезек күттірмес жағдайларды ыңғайламайынша той қамына бірден білек сыбана кіріспегенінің өзі жүрекке жылылық ұялатады. Қайынжұртындағы сапардан соң Әбілқайыр Сарайшыққа баруды, хандар жатқан киелі мекенге тәу етуді мақсат тұтады. Хан сыртта жүргенде Әбілқайырдың елде жоқ екенін білдірмей, ордаға ат басын тіреп келген ел ағалары мен батырларды Бопайдың жоғары дәрежеде қабылдай білуі қандай жарасымды! Бопайдың ханның қалыңдығы ғана емес, ел тағдырына Әбілқайырмен бірге қайғырып және елдің болашағын алыстан ойлайтын көрегендігі, ақылдылығы осы ретте айқын аңғарылады. Неплюевтің қалауымен Әбілқайырдың Ор қаласына аттанар алдындағы Бопайдың түс көруі, хан мен жандарал арасындағы келіспеушіліктің салқыны, осы текетірестің соңы немен тынарын алдын ала болжаған Бопайдың ел басқарудағы ыждағатты іс-әрекеті кейіпкер бейнесін одан әрі жандандыра түседі.
Барақ сұлтан мен Әбілқайырдың жанжалдасуы, Бопайдың кек қайтарудағы тұрлаулы байламы да оқырманды бейжай қалдырмайды. Барақтың: «Ей, залымдар, бүйтіп қорлағанша басымды шауып алып Бопайға апарып беріңдер. Өлсем де өздеріне, хан ордасына азуымды ақситып, сес көрсетіп жатқанымды көрсін Әбілқайырдың қатыны!» дейтін ақырғы дем, ақырғы тынысын тебіренбей оқуың тағы мүмкін емес-ау! Хан қайтыс болған соң биліктің Нұралының қолына шоғырланғаны белгілі. Бопайдың мемлекет істеріне жиі араласуы осы кезеңде анық байқалады. Нұралыны мойындау үшін Бопайдың Елизавета Петровнаға мөрін басып, арнайы хат жазуы да ел тағдырына шынайы жаны ашып және уақыттан ұтылмаудың жай-жапсарын алыстан болжаған дала аруының аса зерек толғаныстан туған саясаты еді. Нұралының Петербор гимназиясын бітірген әрі үлкен қаладағы ақсүйектік тірлік ауанымен ерте таныс болған қызы Тойғараға байланысты линия да шығармада жан-жақты, кең ауқымда әңгіме өзегіне айналған. Тебірене оқисыз. Автор бұл оқиғаны қиялдан тудырмаған, тарихи деректер негізінде тұжырымдалып барып, қағазға түсірілген.
Романның прологі қандай тартымды болса, эпиологі де оқырманға салмақты ой салады. Әбілқайырдың Бопайы мен Қасым ханның Бопайын шатастырушыларға бұл үлкен сабақ. Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» шығармасындағы «дала мадоннасы» атанған Бопай бейнесінің жан-жақты ашыла түскенін шама-шарқымызша дәлелдеуге тырысқанбыз. Ақырғы айтпағымызды романдағы мына сөйлемдермен түйіндегенді жөн көрдік: «Қасым хан сәбиіне қоятын есімді өзі таңдады: – Мұның есімі Бопай болады бүгіннен бастап! Төренің атақты келіні, кешегі Әбілқайырдай арда ханның тірегі болған Бопай ханымдай ақылы мен парасаты кемел, өжет мінезді қыз болсын! – деп нәрестені азан шақырып ат қоюға арнайы келген имамның қолына ұстатты»
Қуаныш ЖИЕНБАЙ