Біздің Туымыз халықаралық деңгейде 4 000 рет көтерілген – Асылбек БАЙЖҰМА, Геральдикалық зерттеу орталығының директоры
Біздің Туымыз халықаралық деңгейде 4 000 рет көтерілген – Асылбек БАЙЖҰМА, Геральдикалық зерттеу орталығының директоры
4 маусым – біздің Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданған күн. Ал біздің Туымыз бен Елтаңбамызда елдің өткені мен болашағын байланыстырып тұрған сан түрлі символика мен элемент бар. Олардың біз білетін сипаттамаларынан бөлек, бейнеленген таңбалардың тамыры тым тереңде жатқан тарихы бар екен. Жалпы, қазіргі уақытта рәміздердің насихатталуы мен зерттелуі, заңдық тұрғыда қорғалуы қандай дәрежеде екенін білмекке Геральдикалық зерттеу орталығының директоры Асылбек Баяжұма мырзамен сұхбаттасқан едік. Айта кетсек, бұл орталық өткен жылы Үкіметтің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанынан ашылған болатын. Құрылғанына бір жыл ғана болған мекеме мемлекеттік рәміздеріміз бен ұлттық тарихи таңбаларды зерттеумен айналысады. – «Геральдикалық зерттеулер орталығы» мемлекеттік рәміздер мен ұлттық тарихи таңбаларды зерттеумен, насихаттаумен айналысады. Биыл біздің мемлекеттік рәміздерімізге 30 жыл толады. Осыған орай қандай шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар? – Геральдикалық орталық былтыр Мемлекеттік хатшының тапсырмасымен құрылды. Негізгі мақсаты – біздің тарихи таңбаларымызды, геральдикалық петроглиф, ироглифтік белгілерді, тастардағы таңбаларды зерттеу, екінші ол мемлекеттік рәміздерді насихаттау, үшіншісі – ведомстволық наградаларға сараптама жасау. Ал рәміздердің 30 жылдығына байланысты бірқатар шара өткізіп жатырмыз. Мен осы қызметке сәуір айында келдім. Содан бері Елтаңбамыздың авторы, сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібеков ағамызбен елордалық білім ордаларында, Қорғаныс министрлігі Ұлттық ұланында кездесулер ұйымдастырдық. Сосын Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ғалымдарды шақырып Елтаңба авторымен бірге конференция өткіздік. Енді 2 маусым күні Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік рәміздердің қоғамға әсері» тақырыбында республикалық жиын, ал 4 маусым күні қалалық филармонияда алғаш рет патриоттар форумын өткіземіз. Рәміздер патриоттық сананың қалыптасуына да тікелей әсер етеді ғой. Сол үшін де осы форумда елге еңбегі сіңген, халықтың құрметіне бөленген азаматтарды «Қазақстан патриоттары» медалімен марапаттаймыз. Оның ішінде өткенде ғана 8-қабаттан құлағалы жатқан сәбиді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев бар. Алдағы уақытта да бұл форум жалғасын тауып, спорт сайыстарында ғана емес, өнер, ғылым мен білім бәсекелерінде де еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жандар марапатқа ие болмақ. Сонымен қатар 4 маусым күні тағы бір үлкен шара өтпек. Президенттің қатысуымен мемлекеттік Ту көтеріледі. Ал сағат 11-де бүкіл ел болып мемлекеттік Әнұранды бірге шырқайтын боламыз. – Асылбек мырза, сіз бір сұхбатыңызда «Мемлекеттік рәміз экспонаттық дүние емес, бұл – рух, бүкіл халықтың беткеұстар айбары» деген едіңіз. Жалпы, түркі мемлекеттерімен салыстырғанда біздің халықтың рәміздерге деген құрметі қай деңгейде? Осы тұрғыда мемлекеттік рәміздердің маңызын, мәнін тереңірек ұғындыру үшін не істеуге болады деп ойлайсыз? – Шынына келгенде, біздің халық арасында мемлекеттік рәміздердің насихатталуы керемет деңгейде деп айта алмаймын. Бұл жағына келгенде түркі мемлекеттерімен өзімізді салыстыру қиындау. Мысалы, Түркия президенті Режеп Ердоғанның үлкен Халықаралық саммиттің өзінде жерде жатқан туды көтеріп алып, қалтасына салып алғаны бүкіл әлемге үлкен үлгі болды. Кейін де осы түркі елдеріндегі бір тудың астына жиналу, ұлттық идеология жолында бір жұдырықтай жұмылу сияқты жайттарға куә болып жүрміз. Қазір біз сол процестердің бәрін зерделеп жатырмыз. Бір өкініштісі, осы тұрғыда елдегі республикалық үлкен қалаларда іс-шаралар өткізілгенімен, жергілікті аймақтарда рәміздерді насихаттау жұмыстары төмен деңгейде деп айтуға тура келеді. Рәміздердің мәртебесін көтеру мәселесі тек 4 маусымға дейін қозғалмай, одан кейін де жалғасын табуға тиіс. Осы тұста айта кетсем, Шығыс Қазақстанға барған кезде бір әдемі көріністі көріп, көңілім қуанып қайтты. Өскемен қаласының орталық көшелерінің біріндегі үйлердің балконына жағалай Туымызды іліп қойған. Көргенде көз сүйсінеді, ерекше әсерленіп қалады екенсің. Мысалы, осыған ұқсас еліміздің өзге де өңірлерінде «Мың Тулы қала» деген сияқты түрлі акция ұйымдастырылса деймін. Біз алдағы уақытта жергілікті аймақтарға барып, семинарлар өткізіп, мемлекеттік рәміздерді насихаттау жолдары туралы дөңгелек үстелдер жасауды жоспарлап отырмыз. Үмітсіздікке салынуға болмайды. Қазірдің өзінде ел тұрғындары арасында патриоттық сезімнің оянуы бар. Жақында ғана Шымкент қаласында болған жағдай соған дәлел. Стадионның шатыры құлаған кезде сол жердегі жігіттер жанкештілікпен қиранды арасынан Туымызды көтеріп алып шыққан. «Шатыр ауыр болды, астында қалып кетсем ше деген үрей де болды басында. Бірақ қастерлі Туымыз жерде тапталмасын деп алып шықтық» деген еді сол жігіттердің бірі. Бұл – үлкен ерлік, мақтауға тұрарлық іс. Осындай мысалдарға қарап, қазіргі жастарымыздың Отанға, елге, жерге деген құрметі артып келе жатыр деп айтуға негіз бар. Біз тек оны алға қарай дамытып жіберуіміз керек. – Әңгімеміз Ту төңірегіне ойысыпты. Ендеше геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытатыны сияқты аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді екен. Әрі көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды Тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Соған қатысты пікіріңіз... –Қазақ жеріне ислам діні таралғанға дейін біз шаманизмнің ықпалында да болдық, Көк тәңіріне табынып, өзімізді көк бөрінің ұрпағы санадық. Әйтеуір, ғаламат күштің аспанда бар екенін білдік. Яғни, онымен тілдесетін ортадағы перде – көк аспан. Бұл ұғым жалпы қазаққа да, іргедегі моңғол, буддизм дінідегі қытай халықтарына да ортақ. Осы елдердегі көк аспан түсінігі жаратушы күшпен байланыстыратын киелі саты болып саналса, қазіргі заманда көк түсті біз бейбітшіліктің, кеңдіктің, тазалықтың белгісі деп бағалаймыз. Ал күн мен бүркітке қатысты біз білетіннен бөлек мынадай қызық ақпарат бар. Тарихта қазақты ғұннан тарады дейді. Сонау ертедегі ғұн тайпасының елтаңбасының белгісі алтын түсті күн мен ай болған екен. Екеуінің орналасуы тура біздің Тудағы іспетті. Біз тек айдың орнына бүркітті бейнеледік. Тарихшы-ғалым Қаржаубай Сартқожа еңбектеріне сүйенсек, 13 ғасыр бұрынғы ғұн дәуірінде де біздің өз елтаңбамыз болған. Ал Туымыздың ортасында орналасқан күн – түркі дәуірінен, бағзы заманнан бері келе жатқан қасиетті белгіміз. Ал бүркітке келсек, біз қаншама ауыр кезеңді бастан өткеріп, қиындықтарды қанатымен көтеріп келе жатқан қыран елміз ғой. 300 жыл жоңғармен соғыстық, қалмақтың да бетін қайтардық, отарлықтың да қамытын тастап шықтық. Енді азат аспанда еркін қалықтауға бет алдық. Жалпы, біздің Туымыз тәуелсіздік алғаннан бері әлемдік оқиғаларда, халықаралық деңгейдегі спорттық шараларда 4 000 рет көтерілген екен. Оның ішінде ғарышқа Талғат Мұсабаев ағамыз алғаш рет алып шыққан. Одан кейін Айдын Айымбетов ағамызбен бірге Жер шарының орбитасын 150 рет айналып шықты. Бұл Туымыз Антарктидада, Арктикада, Оңтүстік, Солтүстік полюстерде және әлемнің ең биік шыңы Эверестке де тігілді. – Бұрын хандарымыз, батырларымыз жорыққа шыққан кезде қолдарына міндетті түрде ту алып жүрген ғой. Әр рудың өз таңбасы, белгісі болғанынан бөлек, жалпы үш жүзге ортақ ту болған ба? – Әрине, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуындағы әр кезеңінің өзіне тән байрағы бар. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бастап, Қазақ хандығы, Алашорда тұсында да жалпыға ортақ ту болды. Ол туралы Халиолла Саматұлы деген тарихшы ағамыз зерттеп жүр. Туға қатысты біраз даулы әңгімелер бар. «Біреулер бұл Алаштың туы» десе, екіншісі: «Жоқ, бұл – Жәнібек батырдікі» деген сияқты болжам айтады. Өйткені ол замандарда әр батырдың да өз байрағы, әр рудың өз туы болған. Сондықтан мына ту – мына хандікі, мына байрақ – мына батырдікі деп 100 пайыз сенімді түрде айта алмай отырмыз. Сол үшін де 4 маусымнан кейін осы геральдикалық зерттеу орталығы жанынан ғылыми кеңес құрмақшымыз. Бұл кеңесте ең бірінші осы ту мәселесін көтеріп, ғалымдарымыздың басын қосу арқылы бір нақты шешімге келуіміз керек. Осы кезге дейін бір шешімге келген де, әлі де даулы боп тұрған да тулар бар. – Иә, қазір түрлі тарихи фильм жарық көріп жатыр. Сол кино кадрлерінен де түрлі туды байқап қаламыз. Олардың атын атап, түсін түстеп танып отырғанға не жетсін?! – Дұрыс айтасыз. Фильмнің өзінде де режиссерлер түсірген кезде біржақты ғана қарап, «бір кітаптан ақ ту ұстағанын оқыған едім» деп батырлардың қолына ақ ту ұстатып жіберуі мүмкін. Ондай қателікке ұрынбас үшін түсірілімнің алдында тарихшылармен кеңесіп, ақылдасып алуы керек. Ал тарихшылар өте көп, әрқайсысының әртүрлі дәйектемесі бар. Соның ішінде дәл осы ту, таңба тақырыбын зерттеп жүргендеріне жүгінген дұрыс. Әйтпесе, екі ортада халықты адастыруы мүмкін. Біздің ендігі мақсатымыз – осы ту, рәміздер мәселесіндегі даудың бір нүктесін қойып, ары қарай жалпы жұртқа, біз айтып отырған режиссер, кино мамандарына арналған арнайы экспозициялық зал ұйымдастыру. Сол залда нақты бекітілген туларды тігіп қоймақшымыз. Содан кейін ғана «Міне, тарихшыларымыз осындай туды бекітті. Мұны мына хан, мынау батырымыз ұстаған екен» деп халыққа ақпарат тарата аламыз. – Біздің рәміздеріміздегі әр таңба тарихтан тамыр тартады. Тіпті, мифологиялық образдар да көрініс тапқан. Мысалы, Елтаңбамыздағы қанатты тұлпарлар. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдық пен ерліктің күшін танытқан екен. Бұл геральдикалық элемент туралы пікіріңізді білсек. – Біріншіден, бұл қанатты ат емес, пырақ деп аталады. Ол ертедегі халықтың «жер мен көктің арасын байланыстырып тұратын жануар болса» деген ой-қиялынан туған дүние ғой. Бұл қазақтың санасына сіңіп кеткені соншалық, бата бергеннің өзінде «Мінгенің пырақ болсын» деп айтады. Яғни, оны мінген адам өзінің арманына тез жетеді деген мағынада. Бұл мифологиялық бейне ауыз әдебиетінде, фольклорымызда айтылғаннан бөлек тас ғасыры кезеңінде тасқа қашалып салынған суреттері табылған. Мысалы, археолог-зерттеуші З.Самашев Шығыс Қазақстандағы Берел обасына жүргізген қазба жұмыстары кезінде б.з.б. IV-III ғасырға жататын, мүйізді және қанатты екі пырақтың бейнесін тапқан. Оның бірі ер-тоқымның сәндік батырмасы ретінде қолданылған екен. Қазақ қашанда арғымақты, жылқыны ерекше жақсы көріп, құрметтеген ғой. Алайда заманның ағымы мен жедел дамуына сәйкес ұлттық деңгейдегі көп таным-түсінігіміз өзгеріске ұшырап, кейбірі ұмытылып та кетті. Сол тәрізді біздің мифологиямызда, ертегілерімізде көрініс тапқан пырақ бейнесі де ұрпақ санасынан өше бастады. Тіпті, бұл сөздің нені білдіретінін білмеуі де мүмкін. – Елтаңбамызға жақсылап назар аударсақ, пырақтың тек қанаты ғана емес, маңдайында мүйізі бар екенін де байқаймыз. Бұрын батырларымыз жауға шапқан кезде тудың үстіне немесе дулығаның төбесіне мүйіз қадап жүрген екен... – Жалпы, көктің сыйы, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтың символдық композицияларында көрініс тапқан. Мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең типологиялық образ. Еуропа елдеріндегі «жалғыз мүйізді ат» (единорог) суреттелген жейде, сөмкелерге балалар қызығып жатады ғой. Міне, сол қанатты, мүйізді пырақты өзіміздің аңыз-әңгімелеріміз бен Елтаңбамыздан да табуға болады. Сол екі пырақтың ортасында қасиетті шаңырағымыз бен одан тараған 32 уығымыз тұр. Төбесінде «жұлдызымыз мәңгі жарқырап тұрсын» деген тілекке нұсқайтын алтын жұлдыз орналасқан. Елтаңба қабылданғаннан бері екі рет өзгертілді. Біріншісінде «Қазақстан» жазуы латыншаға ауыстырылса, екіншісінде түсі қоюланып, қанық алтын түске боялды. Айтпақшы, біздің Елтаңбамыз дүниежүзіндегі ең әдемі елтаңбалар тізімінде тоғызыншы орын алады екен. Сондықтан қай жерге, қай елге барсаң да, ұялмай алып жүруге болатындай, біздің нағыз ұлттық болмысымызды, қазақи қалыбымызды көрсететін қымбат құндылықтың бірі – осы Елтаңба. – Біз геральдика саласына тікелей қатысы болғаннан соң рәміздердегі таңбалар мен белгілер төңірегінде әңгімелесіп отырмыз. Дегенмен, әнұранның да «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деген сөздерінен Ту мен Елтаңбадағы геральдикалық элементтерді байқауға болады. – Иә, әрине, Әнұран, Елтаңба, Ту бәрі бір-бірін толықтырып тұр ғой. Біздің гимн, ең бастысы, халыққа ұнайды. Оған қатысты сын айтқан адамды осы күнге дейін кездестірмедім. Сөзі де, әні де бойда бұғып жатқан рухты оятады. Тек оны әлі де жақсылап насихаттауымыз керек. Қазір үлкен ресми жиналыс, спорттық шара, әскери жиындарда болмаса, білім мекемелері университет, колледждерде көп орындала бермейді. Тіпті, Әнұранның мәтінін де білмейтін азаматтар бар. Олардан бөлек, әлеуметтік желілерден Әнұран орындалған кезде оны бірге айтпай, қолын кеудесіне қоймай тұрған шенеуніктерді де көрдік. Оның бәрі қоғамның, халықтың наразылығын тудыратын дүние ғой. Бәріміз өз еліміздің патриоты болғымыз келеді. Ал патриотизм деген не? Ол – өз гимніңді жатқа білу, Елтаңба мен Туыңды көкке көтеріп жүру және өз отбасың мен Отаның үшін қызмет ету. – Сіз сұхбатыңызда мемлекеттік рәміздер туралы заң жалпылама деңгейде қабылданғанын, оны қолдану туралы ереже, әдістемелік нұсқаулықтар жоқ екенін айтыпсыз. – Иә, мемлекеттік рәміздерді қолдану туралы заң бар. Осыдан 2-3 жыл бұрын балконына Туды іліп қойған жігітке айыппұл салып, соған қатысты қоғамда біраз пікірталас туындаған болатын. Одан кейін Президент тапсырма беріп, осы мемлекеттік рәміздерді қолданудың ережесін дайындауды тапсырған еді. Сонымен, 2020 жылы 17 қазанда берілген тапсырма бойынша бір айдан кейін 17 қарашада «ҚР Мемлекеттік рәміздерін қолдану мен пайдаланудың ұлттық стандарты» деген қағида бекітілді. Бұл ережелер бойынша өзінің патриоттық рухын ту арқылы көрсеткісі келетін адамдарға балкондарына, пәтердің ішіне, жер үй болса, жер үйдің үстіне іліп қоюға рұқсат берілді. Бірақ оның да өзіндік шектеулері бар. Яғни, ол Ту заң аясындағы, заңды лицензиясы бар мемлекеттік мекемелерден алынған ғана болуы керек. Бізде нормативті құжаттары түгел осындай мемлекеттік рәміздерді дайындауға арналған 27 заңды жекеменшік мекеме бар. Жалпы, менің жеке пікірім, негізі ту аса бір қатты сұраныстағы дүние емес. Тек шетелге шығатындар немесе арнайы бір жиын, спорттық шаралар үшін алып жатады. Сондықтан оны шығару құзыретін жекеменшік мекемелерге бермей-ақ, мемлекеттік мекемелерден ғана алатындай болса, сол дұрыс-ау деп ойлаймын. Жылдан-жыл өткен сайын рәміздерді қолдану мен пайдалану ережелеріне өзгеріс енгізу заман ағымына сай туындап келе жатыр. Соны дұрыс білмегендіктен, кейде заң органдары немесе әкімдіктің адамдары кейбір қарапайым азаматқа артық тыйым салып тастауы мүмкін. Ал кейбірі расында өрескел әрекетке де барып жатады. Осы кезге дейін мемлекеттік рәміздерді аяқасты ету немесе оны қоқысқа лақтыру сияқты жағдайлардың болғанын әлеуметтік желілер арқылы байқап жүрміз. Мұндай фактілерге «Мемлекеттік рәміздерді қолдануға болмайтын жерлер» деген ұлттық стандарттың нақты 7-8 тармағы бойынша қатаң шектеу қойылған. Яғни, онымен бір заттарды буып-түюге, сыртын қаптауға болмайды, онымен қоқыс төгу тұрмақ, жерге тастауға тыйым салынады. Одан бөлек, Әкімшілік кодексте де «Мемлекеттік рәміздерді қорлаған жағдайға байланысты» деген 371, 541-баптар бар. Бұл баптар бойынша ұсталған жеке тұлғаға 200 есе айыппұл немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал енді мемлекеттік мекемелер Туды, Елтаңбаны ілетін болса, түнгі уақытта да көрініп тұру үшін міндетті түрде оның астын жарықтандырып қою керек. Үй ішінде мұндай мүмкіндік бола бермейтіндіктен, бұл талап жеке адамдарға қойылмайды. Сондай-ақ мекемелер біраз уақыттан соң ілінген ту өңін жоғалтатыны себепті, оны тұрақты түрде ауыстырып отыру міндеттеледі. Ол ауыстырылған Туды лақтырып тастай салуға болмайды, оны жоюдың да ережеге сәйкес өз тәртібі бар. – Бас прокуратурамен бірлесіп мемлекеттік рәміздерді қолдану барысын тексеру қажет деген ұсыныс айтыпсыз. Мемлекеттік орган, жекеменшік субъекті болсын оны қолданудың әдіс-тәсілін үйретіп, бақылап, тексеріп отыруымыз керек пе? – Біз айтып отырған ережелердің барлығы adilet.zan.kz сайтында «ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бекіту» деген атпен тұр. Өкінішке қарай, оны кейбір жергілікті жердегі басшыларымыз ашып, оқымайды. Жақында Шығыс Қазақстан облысында рәміздерді қолдану барысын тексеру мақсатында 32 мемлекеттік нысанда болдық. Соның кем дегенде 60 пайызға жуығы тіпті мемекеттік рәміздердің орналасу тәртібін де білмейтін болып шықты. Сол жерде түсіндіріп, айтып, көзбе-көз көрсетіп кеттік бәрін. Мысалы, ең қарапайым ереже қабырғаға ілінген кезде Тудың басы мен Елтаңба деңгейі бірдей, ал екеуінің арақашықтығы 1 метр болуы керек. Басшы үстелінде отырған кезде Ту оның оң жағында тұрады. Мұның өзін білмейтіндер бар. Кабинетіне кірген кезде туды бұрышқа орналастырып, ал Елтаңбаны тым жоғары іліп қойған көріністерге де куә болдық. Тіпті, «Қазақстан» атауы кириллицамен жазылған бұрынғы Елтаңбаны қолданып отырғандар да бар екен. Осындай жіберілген қателіктерге ескертпе жасап, оны түзетуге уақыт бердік. – Шетелде жүрген біздің қандастарымыз немесе сондағы отандастарымыз үйінің қабырғасына Туды жапсырып қойып жатады. Бұл ережеге қайшы емес қой? – Негізінде, олай болмайды. Ту тік ілініп тұруы керек. Дегенмен адамдарға Туды сабымен бірге көтеріп алып жүру қолайсыздық тудырады ғой. Мен айтып отырған ережелер мемлекеттік мекемелерге қатысты. Ал енді жеке азамат немесе шалғайдағы қандастарымыз «Төрімде қазағымның Туы желбіреп тұрсын» десе, тіпті заңға қайшы болса да, ұлттық патриотизмі үшін риза болудан басқа амал жоқ. Себебі шетелде, алыс жерде жүргенде еліңді, Отаныңды сағынасың, сол кезде Туың қасыңда болса, елің қасыңда жүргендей сезімде боласың ғой. Ата-бабаларымыз қаншама жорық пен соғысты бастан өткерсе де, туын жыққан халық емес. 30 000-40 000 әскер аттан сап, лап бергенде соның ортасында туды ұстайтын бір адам болады. Егер де оған оқ тие қалған жағдайда екінші адам оны іліп әкетуге тиіс. Өйткені ту құласа, жеңілді деген сөз. Сол себепті туды сол стандарт, ережесіз-ақ құрметтеуді үйренсек, әр кеудені «Бұл Ту – менің Туым, менің мемлекетімнің Туы. Оны жоғары ұстауым керек» деген шынайы сезім кернеп тұрса. Көк Туымызды желбіретіп жүрген Головкин, Димаш сияқты көптеген азаматымыз соның айқын дәлелі бола алады. Бірақ бәрі кішкентай қадамдардан басталатынын ұмытпағанымыз жөн. – Осы рәміздерімізді кәдесыйларға, киімге немесе тағам қаптамаларына айналдыруға қатысты стандарт пен қағидалар не дейді? – Мемлекеттік рәміздерді материалдық зат ретінде қолдануға рұқсат берілген. Мысалы, өздеріңіз білетін «Рахат» компаниясы шығаратын ту бейнеленген шоколадтары. 70 жылдан астам тарихы бар бұл компанияға рұқсат 2004 жылдары берілген. Бүгінде Қазақстанның брендіне айналып кеткен KAZAKHSTAN шоколодтары шетелде де үлкен сұраныс пен беделге ие. Тіпті, біздің Ту бейнеленген сол кәмпиттерді жеген соң сыртындағы қағазын жерге тастамай, жинап қоятын бауырлас халық өкілдері де бар екен. Бұл – біздің мақтанышымыз. Әр ұлтын сүйетін адам қазақтың Туы бейнеленген кесемен шай ішкісі келеді немесе Елтаңбамыз бар медальді кеудесіне тағып жүргісі келеді. Мысалы, Жандарбек Мәлібеков ағамыздың тапсырысымен жасалған кішкентай формадағы Елтаңба төсбелгілері бар. Кейбірі дүкендерде де сатылады. Ту төсбелгілерін тек депутаттар ғана тағады деген қалыптасқан қағида бар. Бірақ көк Тудың, Елтаңбаның белгісін өңіріне тағып жүретін, рәміз бейнеленген киімдерді киіп жүретін азаматтарды көріп жүрміз. Тіпті, мініп жүрген көлігіне Ту іліп қоятындар да бар. Оған ешқандай шектеу жоқ. Бұл ел азаматтарының патриоттық сезімі ояна бастағанын көрсетеді. Ешқандай семинар, лекция өткізбей-ақ, қазіргі геосаяси жағдайға, дүниежүзінде болып жатқан оқиғаларға байланысты халықтың да ой-санасы өзгеріп келе жатыр. Яғни, алдағы уақытта еліміздің әрбір тұрғыны мемлекетті сақтау, оның рәміздерін қорғау үшін жан беруге даяр болатындай күнге де жетеміз деп ойлаймын. – Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ