Ықпалды парламенттің пайда болуына негіз қаланып жатыр – Айдын БИКЕБАЕВ, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы
Ықпалды парламенттің пайда болуына негіз қаланып жатыр – Айдын БИКЕБАЕВ, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы
– Референдумда «иә» деп дауыс беруге төрт себеп бар.
Біріншіден, Тұңғыш Президенттің және оның отбасы мүшелерінің өкілеттіктері мен ерекше артықшылықтары Конституциядан алынып тасталады, соның ішінде оның қайтадан президент болу құқығы алынып тасталады. Екіншіден, ықпалды Парламенттің пайда болуына негіз қаланып жатыр. Жаңартылған Конституцияға сәйкес, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады, саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар айтарлықтай төмендейді, Президент қандай да бір партияға мүше болмайды. Мұның бәрі саяси бәсекелестіктің артуына алып келеді. Нәтижесінде, Парламентте мықты және жарқын тұлғалар, сондай-ақ жаңа партиялар пайда болады. Депутаттар бұрынғыдай «суперпрезиденттің» алдында емес, өз сайлаушыларының алдында жауапты болады. Бұл пікір келесі сайлаудың әділ әрі шынайы өтетініне негізделген. Суперпрезиденттік билік әділетсіз сайлаудың арқасында ғана құрылып, жүзеге асты. Келесі жолы халық та, билік те алдауға жол бермейтініне сенімдімін. Үшіншіден, саяси бәсекелестікті күшейту есебінен Үкімет және мемлекеттік органдардың барлық басшысы Парламентке нақты есеп беретін болады, өйткені депутаттар өздерінде бар өкілеттіктерді барынша пайдалана алады. Олар шын мәнінде де аз емес. Заңдар қабылдаудан, республикалық бюджет пен үкіметтік есепті бекітуден басқа, Парламент мемлекеттегі барлық негізгі лауазымдар бойынша тағайындаулар мен орнынан алу туралы шешімдерді қабылдауға қатысады. Бұл Премьер-Министрдің, министрлердің, Жоғарғы Сот пен Конституциялық Соттың төрағалары мен судьяларының, Бас прокурордың, ҰҚК, Ұлттық банк, Жоғарғы Сот кеңесі, Жоғары аудиторлық палата төрағаларының және ОСК мүшелерінің орындарына қатысты. Осылайша, жауапты Үкімет болады.
Төртіншіден, Конституциялық Сот енгізіледі, оған азаматтар өздерінің конституциялық құқығының бұзылғаны туралы шағыммен тікелей жүгіне алады. Бұл соттың құрылуы Президенттің, Үкіметтің және Парламенттің шешімдеріне әсер ете алатын биліктің сот тармағын күшейтеді. Мұның бәрі, әрине соттың қандай өкілеттіктерге ие болатынына және судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктері қаншалықты нақты болатынына байланысты. Қазір бұл сот туралы заң жобасы әзірленуде, мен кіретін жұмыс тобында қызу пікірталастар жүріп жатыр. Республикалық адвокаттар алқасы Конституциялық Сот судьяларының қайтыс болған, соттың айыптау үкімі күшіне енген немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайларды қоспағанда, олардың өкілеттігін ешкім тоқтата алмауын талап етеді. Бұл соттың тәуелсіздігі – билікті ешкім тартып алмайтынының және азаматтардың конституциялық құқығын ешкім жазасыз бұза алмайтынының кепілі.