Мәди АХМЕТОВ: Саяси науқандарға өркениетті елдердегідей белсенді аралассақ, даму сатысына да бірге жетеміз
Мәди АХМЕТОВ: Саяси науқандарға өркениетті елдердегідей белсенді аралассақ, даму сатысына да бірге жетеміз
– Референдумнан күтетін жақсы нәтиже, әрине көп. Бірақ ол ел тұрғындарының қаншалықты деңгейде сауатты қабылдайтынына байланысты. Ал сауатты арттыру үшін тек әлеуметтік желілердегі теріс ақпараттарды қабылдай бермей, газет-сайттардан елдегі жасалып жатқан оң өзгерістер мен саяси-экономикалық жаңалықтарды оқып отыру керек. Мысалы, былтыр 12 айдың ішінде біздің Ұлттық қорға 3,1 триллион теңге түсіпті. Ал биыл 4 айдың өзінде қорға түскен қаржы көлемі 3,6 триллионды құраған. Бұл «Алтын орда» базарындағы түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен жеке кәсіпкерлік ұйымның көлеңкелі бизнес өкілдерінен арылғанының арқасында олар заңды түрде салығын төлеп, бюджеттің салықтық түсімін көбейткенін білдіреді. Қазір «Қорғас» пен «Қордай» кеден бекетінің төңірегіндегі көлеңкелі бизнес өкілдері де қыспаққа алынып жатыр. Соның алғашқы нәтижесі осы екенін мысал ретінде айтып жүрмін.
Елдің өкпесін де түсінемін. Біраз уақыттан бері бізде Конституция Парламенттің ықпалымен бірнеше рет өзгертілді ғой. Оның бәрі халықтың қатысуынсыз жүзеге асты. Осы жағдайлардан кейін елдің сенімі әбден сөніп, үміті үзілген. Аудандарды аралап жүрген кезде көптің аузынан «Бәрібір ештеңе өзгермейді. Сыртымыздан шешім қабылдай салады» деген сияқты сөздерді естіген кезде соған көз жеткіздім.
Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген жақсы мәтел бар. «Қашанғы бәріне қолды бір сілтеп отырамыз? Осындай жақсы мүмкіндік беріліп тұрған кезде саяси науқандарға өркениетті елдердегідей белсенді аралассақ, атсалыссақ, өзгеріске де, жаңа даму сатысына да бірге жетеміз. Сондықтан да үміт үзбей, керісінше жасалып жатқан жұмыстарға сенім білдірейік» деп сол жергілікті аймақтардағы тұрғындарға біраз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, барынша түсіндіруге тырыстық.
Бұл бастамаға халықтың бәрі қарсы деп айта алмаймын. Басым бөлігі қолдап отыр, өз пікірлерін ортаға салып жатқан жандар да жетерлік. Қазір бәрі жан-жақта болып жатқан оқиғалардан, өзгерістерден хабардар болып отыр ғой.
Қарап отырсақ, мына Конституцияда өзгерейін деп жатқан нормалардың басым бөлігі – осы кезге дейінгі халықтың талап етіп келе жатқан мәселелері.
Мысалы, суперпрезиденттік биліктен бас тартып, оның жақын туыстары билікке келе алмайтын нормалардың енгізілуі, Парламент ықпалын арттыру деген сияқты. Батыс елдерінің көбінде бір маңызды шешім қабылдайтын кезде Президент Парламентке қарайды. Ал Парламент халықтық биліктің көрінісі. Бізде осы кезге дейін бұл процесс дұрыс жүзеге аспады. Референдумдағы өзгерістерге сүйенсек, ол олқылықтың орны толатын күн алыс емес.
Бұрынғы сот жүйесіне де халықтың көңілі толмайтынын байқап жүрміз. Сот кеңесінің орнына, Конституциялық Соттың құрылуы үмітті оятып отыр. Өйткені ол дербес бақылаушы, қадағалаушы орган ғой. Бұл соттың ешкімге жалтақтамай жұмыс істеуі мен жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Мұның нәтижесін, әрине 5 маусымнан кейін көреміз ғой.
Жалпы, менің референдумға қатысты жеке азаматтық көзқарасым – оң. Өзім оған өмірімде алғаш рет қатысайын деп отырмын. Өйткені бұл – ел тарихындағы тәуелсіздік алғаннан бергі өткелі тұрған үшінші референдум.