Финляндия еліміздің әскери тұтқындары туралы тың мәліметтер ұсынды
Финляндия еліміздің әскери тұтқындары туралы тың мәліметтер ұсынды
ҚР Сыртқы істер министрлігі Финляндия ұлттық мұрағатындағы материалдардан Қазақстанның әскери тұтқындары туралы белгісіз деректер табылғандығын мәлімдеді. Жеңістің 70 жылдығына орай Хельсинки қаласында Қазақстан Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Финляндия ұлттық мұрағатының Бас директоры Юсси Нуортевамен кездескен. Сыртқы істер министрлігі ұсынған хабарламада Юсси Нуортеваның Қазақстан мен Финляндия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастықтың маңызды екеніне тоқталғандығы көрсетілген. Аталмыш кездесу барысында Финляндия тарапы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тапқан және Финляндияда жерленген Қазақстанның 268 әскери тұтқындарының тағдыры туралы мәліметтерді ресми тұрде тапсырған. Фин елі берген ақпараттардың біршамасы Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана қаласының мұрағаттарына берілген. Қазақстандық жауынгерлер туралы тың деректерге қол жеткізген ҚР Елшісі екі елдің тарихы тұрғысынан кеңестік әскери тұтқындар тағдырын зерттеудің маңыздылығын атап айтты. Сондай-ақ, мұрағат ісіндегі ынтымақтастықтың нығаюына 2009 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға сапары барысында Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі және Финляндияның Ұлттық мұрағаты арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғандары әсер еткендігі айтылды. Аталмыш келісім негізінде екі елдің тарихына байланысты құжаттармен бірнеше мәрте алмасқан.