Халық таңдауымен қаланатын өзгерістің іргетасы

Халық таңдауымен қаланатын өзгерістің іргетасы

Халық таңдауымен қаланатын өзгерістің іргетасы
ашық дереккөзі
Референдум белгіленген 5 мау­сым да таяп қалды. Халық «Ре­­­фе­рен­дум не бере­ді, нені өзгер­те­ді?» деп бұл сая­си про­цестен жаңа­лық күтіп отыр. «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғам­дық саясат институты Referendum: Halyq üni зерттеуінің қорытындысына сәйкес қа­зақ­стандықтардың 67,9 пайызы конституциялық ре­форма елдің дамуына оң әсер етеді деп есеп­тей­тінін мәлімдеді. Референдумдағы дауыс – өзгеріске үн қосу Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, Конс­ти­туцияны өзгертуге байланысты дауыс беру­ге 18 жастан асқан ел азаматтары қатыса ала­ды. Астана уақытымен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін­гі аралықта сайлау учаскелері жұ­мыс іс­тейтін болады. Сайлау учаскелері Қазақстанның әрбір елді ме­кенінде, сондай-ақ 52 шетелде ұйым­дас­тырылады. Референдумда «2022 жылғы 6 ма­мырда бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясына өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы» Қазақстан Республикасы Заңы­ның жобасында баяндалған Қазақстан Рес­публикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қол­дай­сыз ба?» деген бір ғана мәселе дауыс­қа салынады. Сұраққа «иә», «жоқ» деген екі нұсқа арқылы жауап беруге болады. Бюллетеньдер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылуға тиіс, ка­биналарға дауыс берушіден басқа бөг­де адамның кіруіне болмайды. Бюллетеньді қарындашпен бел­гі­леуге, сондай-ақ белгіленген бюл­­летеньдерді түзетуге тыйым са­лы­на­ды. Толтырылған бюллетень дауыс беру­ге арналған жәшікке салынады. Бюллетень белгiленбеген болса, ко­миссия мүшесiнiң қолы қойыл­маса, бюллетеньде көрсетілген жауап­тардың бiрде-бiреуi сызылып тас­талмаса, дауыс бергендердiң еркiн бiл­дiруiн анықтау мүмкiн болмағанда жарам­­сыз деп танылады. Дауыс беретін учаскені «ЖСН ар­қы­лы дауыс беруге арналған учас­кені іздеу» сервисі арқылы анық­тау­ға болады. Бұл қызмет үш ақпарат ре­сур­сында – gov.kz, referendum.gov.kz, referendum2022.gov.kz орналас­тырыл­ған. Учаске болмаған жағдайда әкім­дік­тердің Call-орталықтарының тізімдері автоматты түрде көрсетіледі. Рефе­рендумға қоғамдық бiр­лес­тiк­тер, шет мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың өкілдері ре­ферендумға бақылаушы болып қатыса ала­ды. Бірақ олардың өкiлеттiгi Ор­та­лық сайлау комиссиясы белгiлеген тәр­тiп­пен куәландырылады. Бірақ байқау­шы­ларға референдум комиссияларының жұ­мысына араласуға болмайды. Заң бойынша референдумға қа­тысу құқығы бар азаматтардың жар­тысынан көбi дауыс беруге қатысқан бол­са, референдум өткiзiлген болып есеп­теледі. Олардың ішінде басым бөлігі шы­ғарылған мәселені жақтап, дауыс бер­се, оң шешiм қабылданады. Референдумның қорытындысы бір апта – жетi күннің ішінде жа­рия­лануы шарт. Референдумда қабыл­дан­ған конституциялық өзгерістер ре­ферендумның қорытындылары туралы рес­ми хабар жарияланған күннен бас­тап күшiне енедi. Ол үшін Президенттің не­месе мемлекеттiк органдардың ак­тi­лерiн қабылдаудың қажеті жоқ. Халық өзгерісті қаншалықты қолдайды? Референдум туралы пікір қақ жа­рыл­са да, халықтың басым көп­ші­лігі елде өзгеріс болғанын, жүйенің жаңарғанын жөн деп санайтыны анық. Жақында Қоғамдық саясат институты халық қаншалықты өзгеріске дайын екенін анықтап көруге тырысқан екен. «AMANAT» партиясы жанындағы Қо­ғам­дық саясат институты «Әлеумет» жо­басы аясында жүргізілген Referendum: Halyq üni зерттеуінің қоры­тын­дысын жариялады. Зерттеу қоры­тын­дысы бойынша қазақстандықтардың 75,9 пайызы Конституцияға енгізілетін өз­гертулер мен толықтыруларды қол­дауға дайын деген қорытынды шы­ғарыл­ған. Соның ішінде сауалнамаға қа­тысу­шылардың 67,9 пайызы Конституцияға жүргізілетін реформа елдің дамуына оң әсер етеді деп есеп­тейді екен. Одан бөлек, рес­пон­денттер аза­мат­тардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді – 80,1 пайыз, халықтың елді басқару ісіне араласуын кеңейтуді – 76,8 пайыз, суперп­рези­дент­тік модельден президенттік респуб­ли­каға түпкілікті көшуді – 73,5 пайыз, би­лік тармақтары арасындағы өкілет­тік­терді қайта бөлуді – 72,3 пайыз, Пар­ламенттің рөлін күшейту және мәр­тебесін арттыруды 64,4 пайыз қол­даған. – 5 маусымда сайлау учаскелеріне аза­маттардың үштен екісі келмек, – деп атап өтті партия хатшысы Дәулет Кәрі­бек. – Соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үде­рістердің оң бағаланатынын көрсетеді. Азаматтардың 87,5 пайызы белгілі бір дәрежеде елде өзгерістер болғанын құп­тайды. Сұралғандардың 55,4 пайызының бел­сенді азаматтық ұстанымы бар. Зерт­теуге еліміздің барлық өңірінен 1 700-ден астам респондент қатысты, – дейді Қоғамдық саясат институтының дирек­торы Мәдина Нұрғалиева. 1 700 респонденттің пікірі бүкіл ел халқының пікірі деп тон пішуге келмес, дегенмен Конституция, негізгі прин­циптер барлығының іргетасы болса, ре­ферендум алда болатын өзгерістердің негізгі алғышарты. Ал өзгерістің өзі сол референдумнан кейін қайта қаралып, өзгертілетін конституциялық заңдар, кодекстер, нормативті-құқықтық акті­лер арқылы іске асады. Яғни, айтыл­ған­ның бәрі ауаға ұшпаса, мұның барлы- ғы – өзгерістің басы ғана, негізгі жұмыс енді басталмақ. Мәселен, кей баптардың ішкі механизмі әлі дайын емес. Заң жобалары референдум нәтижесіне бай­ланысты қабылданады. Қоғам тал­қы­сына түседі, талқыланады, жұмыс тобы құрылады. Жауаптылар бұл қадам – бола­шақ­қа жасалған реформа еке­нін, осы реформалар арқылы халықтың саяси сауаты көтеріліп, популизмнен прагматикаға бет бұратынымызды, жал­пы алғанда мемлекеттің саяси өміріне халықтың белсене араласуына мүмкін­дік беретін маңызды тетік екенін жары­са айтып жатыр. Біз де «Ұсынылған өзгерістер қа­был­­данса, не өзгереді?» деген мә­­­селелерге жауап іздеп көрдік. Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: Референдум – үлкен бетбұрыстың басы
– Референдумнан не күтеміз деген сұрақ қазір бүкіл ел­ді толғандырып отыр. Ең алдымен Жаңа Қазақстанды құрып, жаңарып, жаңғыру үшін Ата Заңымызға өзгеріс ен­гізуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, суперпрезиденттік басқарудан пре­зи­дент­тік басқаруға өтейін деп отырмыз. Президент өз өкілетін Парламентпен, жер­­гілікті атқарушы билікпен бөлісіп отыр. Оған қоса, Мемлекет басшысы ешбір пар­тияға төраға болмайды. Халықты ел басқару ісіне араластыру мәселесі көтеріліп, облыс әкімдерін та­ғайындауға байланысты жаңалықтар енгізілейін деп жатыр. Мәслихат депу­татарына үлкен жүк артылғалы отыр. Құрылайын деп отырған Конституциялық Сот та, Жоғарғы Сот та, барлық деңгейдегі соттардың судьяларына қандай да бір пар­тияға мүше болуға тыйым салынатын болады. Орталық сайлау комиссиясының төра­ғасы мен мүшелеріне де тура сондай шектеулер қойылмақ. Аудиторлық па­лата өз жұмысын бастайды, оның жауапкершілігі де жоғары болады деп айта аламын. Билік тармақтарының өзара байланысын нығайту, Парламенттің ықпалын күшейту, халықтың ел билеу ісіне араласуы, адамдардың құқығын қорғау мәселесі қарастырылып отыр. Одан кейін адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің жұмысына қол сұғуға жол берілмейтін болады. Мұның барлығы жүйелі реформаларға бастайтын жол деп айта аламыз. 33 бапқа 56 өзгеріс енгізу – үлкен бетбұрыстың басы.
Жұмабек САРАБЕКОВ, Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы, саясаттанушы: Елеулі саяси өзгеріс болуы үшін әлеумет пен билік қоғамдық келісім құруы қажет
– Ең алдымен айта кететін, ескерілуге тиіс маңызды жайт – Конституцияға өзгерістер енгізу туралы рефе­рен­дум­нан кейін еліміз бір сәтте Жаңа Қазақстанға көшіп кетпейтіні. Яғни, қандай да бір елеулі саяси өзгеріс болуы үшін әлеумет пен билік нақты қа­дам­дар жасап, жаңартылған қоғамдық келісім құруы қажет. Ал мұндай сцена­рий­ге атқарушы билік қаншалықты шынайы мүдделі екенін және азамат­тары­мыздың өзінің саяси құқығын қорғауға қаншалықты дайын екенін тек уақыт көр­сетеді. Олай болса, әзірге еліміздегі референдумды қаңтар оқиғаларынан кейін орна­ған саяси күштердің жаңа балансын бекітетін ауқымды науқан ретінде қарас­тырған жөн. Және соңғы кезде Ақорда тарапынан жиі айтылып жүрген «Екінші Рес­публикаға» көшу де символикалық түрде осы референдумнан бастау алуға тиіс. Нәти­жесінде, жаңа саяси тәртіпті шегелеп алуға мүмкіндік беретін референдумнан кейін Тоқаев пен оның командасы 2024 жылы өтетін президент сайлауына дайын­дықты бастап кететін сияқты. Одан бөлек, референдумды атқарушы билік өзінің жақтастарын біріктіретін және Президент Тоқаевтың рейтингін күшейтетін құрал ретінде қарастырып отырғанын айтсақ болады. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта Ақорда мен Үкімет тарапынан экономика саласындағы қиын реформалардың қарқынын үдетуі де әбден мүмкін. Оған қоса, референдумды өткізгеннен кейін атқарушы билік жаңа саяси «ойын ережелерін» қабылдағысы келмейтін ірі капитал иелеріне қатысты да батыл шаралар қабылдауы ықтимал. Референдумның қоғамға қалай әсер ететініне келсек, ұсынылып отырған өз­герістер Конституцияға енген жағдайда еліміздегі саяси процесс жаңа бір импульс алуы қажет. Ең алдымен отандық партия жүйесінен қандай да бір қозғалыстарды күтуге болады, себебі заңнамалық түрде партия құруға деген талаптар жеңілдеуі керек. Тиісінше, саяси алаңда жаңа партиялық жобалар мен әртүрлі саяси альянсты көруіміз мүмкін. Кейбір қоғам қайраткерлері партия құратынын мәлімдеп те үлгерді. Жалпы алғанда, жаңартылған Конституция аясында қазақстандық саяси жүйе ішінде бәсекелестік деңгейі артуы керек. Бұл ретте саясатта жаңа ойыншылар пай­да болып, осыған дейін ашық талқыланбаған көптеген мәселе күн тәртібіне шы­ғады деген болжамдар айтылып жатыр. Бір қызығы, халық арасында референдумға қатысты шынымен де үлкен үміт артып отырған жұртшылық аз емес. Және азаматтардың талап-тілегі тек Конс­ти­туциядағы өзгерістермен шектелмейді, ол жалпы мемлекеттік жүйедегі өзге­ріс­термен байланысты. Соның ішінде мемлекеттік органдар жұмысының сапасы, жем­қорлық, әлеуметтік әділдік сияқты мәселелер. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтар референдумға қатысты көп нәрседен дәмеленіп отыр. Тиісінше, референдумнан кейін жүйелі өзгерістерге деген азаматтардың сұранымы мен талаптары да жоғары болмақ.