Халық таңдауымен қаланатын өзгерістің іргетасы
Халық таңдауымен қаланатын өзгерістің іргетасы
Референдум белгіленген 5 маусым да таяп қалды. Халық «Референдум не береді, нені өзгертеді?» деп бұл саяси процестен жаңалық күтіп отыр.
«AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты Referendum: Halyq üni зерттеуінің қорытындысына сәйкес қазақстандықтардың 67,9 пайызы конституциялық реформа елдің дамуына оң әсер етеді деп есептейтінін мәлімдеді.
Референдумдағы дауыс – өзгеріске үн қосу
Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, Конституцияны өзгертуге байланысты дауыс беруге 18 жастан асқан ел азаматтары қатыса алады. Астана уақытымен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейінгі аралықта сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады.
Сайлау учаскелері Қазақстанның әрбір елді мекенінде, сондай-ақ 52 шетелде ұйымдастырылады.
Референдумда «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қолдайсыз ба?» деген бір ғана мәселе дауысқа салынады. Сұраққа «иә», «жоқ» деген екі нұсқа арқылы жауап беруге болады. Бюллетеньдер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылуға тиіс, кабиналарға дауыс берушіден басқа бөгде адамның кіруіне болмайды.
Бюллетеньді қарындашпен белгілеуге, сондай-ақ белгіленген бюллетеньдерді түзетуге тыйым салынады. Толтырылған бюллетень дауыс беруге арналған жәшікке салынады.
Бюллетень белгiленбеген болса, комиссия мүшесiнiң қолы қойылмаса, бюллетеньде көрсетілген жауаптардың бiрде-бiреуi сызылып тасталмаса, дауыс бергендердiң еркiн бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмағанда жарамсыз деп танылады.
Дауыс беретін учаскені «ЖСН арқылы дауыс беруге арналған учаскені іздеу» сервисі арқылы анықтауға болады. Бұл қызмет үш ақпарат ресурсында – gov.kz, referendum.gov.kz, referendum2022.gov.kz орналастырылған. Учаске болмаған жағдайда әкімдіктердің Call-орталықтарының тізімдері автоматты түрде көрсетіледі.
Референдумға қоғамдық бiрлестiктер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері референдумға бақылаушы болып қатыса алады. Бірақ олардың өкiлеттiгi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Бірақ байқаушыларға референдум комиссияларының жұмысына араласуға болмайды.
Заң бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген болып есептеледі. Олардың ішінде басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап, дауыс берсе, оң шешiм қабылданады.
Референдумның қорытындысы бір апта – жетi күннің ішінде жариялануы шарт. Референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi. Ол үшін Президенттің немесе мемлекеттiк органдардың актiлерiн қабылдаудың қажеті жоқ.
Халық өзгерісті қаншалықты қолдайды?
Референдум туралы пікір қақ жарылса да, халықтың басым көпшілігі елде өзгеріс болғанын, жүйенің жаңарғанын жөн деп санайтыны анық. Жақында Қоғамдық саясат институты халық қаншалықты өзгеріске дайын екенін анықтап көруге тырысқан екен.
«AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Әлеумет» жобасы аясында жүргізілген Referendum: Halyq üni зерттеуінің қорытындысын жариялады. Зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 75,9 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды қолдауға дайын деген қорытынды шығарылған.
Соның ішінде сауалнамаға қатысушылардың 67,9 пайызы Конституцияға жүргізілетін реформа елдің дамуына оң әсер етеді деп есептейді екен.
Одан бөлек, респонденттер азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді – 80,1 пайыз, халықтың елді басқару ісіне араласуын кеңейтуді – 76,8 пайыз, суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді – 73,5 пайыз, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді – 72,3 пайыз, Парламенттің рөлін күшейту және мәртебесін арттыруды 64,4 пайыз қолдаған.
– 5 маусымда сайлау учаскелеріне азаматтардың үштен екісі келмек, – деп атап өтті партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
– Соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үдерістердің оң бағаланатынын көрсетеді. Азаматтардың 87,5 пайызы белгілі бір дәрежеде елде өзгерістер болғанын құптайды. Сұралғандардың 55,4 пайызының белсенді азаматтық ұстанымы бар. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1 700-ден астам респондент қатысты, – дейді Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева.
1 700 респонденттің пікірі бүкіл ел халқының пікірі деп тон пішуге келмес, дегенмен Конституция, негізгі принциптер барлығының іргетасы болса, референдум алда болатын өзгерістердің негізгі алғышарты. Ал өзгерістің өзі сол референдумнан кейін қайта қаралып, өзгертілетін конституциялық заңдар, кодекстер, нормативті-құқықтық актілер арқылы іске асады. Яғни, айтылғанның бәрі ауаға ұшпаса, мұның барлы-
ғы – өзгерістің басы ғана, негізгі жұмыс енді басталмақ. Мәселен, кей баптардың ішкі механизмі әлі дайын емес. Заң жобалары референдум нәтижесіне байланысты қабылданады. Қоғам талқысына түседі, талқыланады, жұмыс тобы құрылады.
Жауаптылар бұл қадам – болашаққа жасалған реформа екенін, осы реформалар арқылы халықтың саяси сауаты көтеріліп, популизмнен прагматикаға бет бұратынымызды, жалпы алғанда мемлекеттің саяси өміріне халықтың белсене араласуына мүмкіндік беретін маңызды тетік екенін жарыса айтып жатыр.
Біз де «Ұсынылған өзгерістер қабылданса, не өзгереді?» деген мәселелерге жауап іздеп көрдік.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Сенат депутаты:
Референдум –
үлкен бетбұрыстың басы
– Референдумнан не күтеміз деген сұрақ қазір бүкіл елді толғандырып отыр. Ең алдымен Жаңа Қазақстанды құрып, жаңарып, жаңғыру үшін Ата Заңымызға өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз.
Біріншіден, суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқаруға өтейін деп отырмыз. Президент өз өкілетін Парламентпен, жергілікті атқарушы билікпен бөлісіп отыр. Оған қоса, Мемлекет басшысы ешбір партияға төраға болмайды.
Халықты ел басқару ісіне араластыру мәселесі көтеріліп, облыс әкімдерін тағайындауға байланысты жаңалықтар енгізілейін деп жатыр. Мәслихат депутатарына үлкен жүк артылғалы отыр. Құрылайын деп отырған Конституциялық Сот та, Жоғарғы Сот та, барлық деңгейдегі соттардың судьяларына қандай да бір партияға мүше болуға тыйым салынатын болады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне де тура сондай шектеулер қойылмақ. Аудиторлық палата өз жұмысын бастайды, оның жауапкершілігі де жоғары болады деп айта аламын. Билік тармақтарының өзара байланысын нығайту, Парламенттің ықпалын күшейту, халықтың ел билеу ісіне араласуы, адамдардың құқығын қорғау мәселесі қарастырылып отыр. Одан кейін адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің жұмысына қол сұғуға жол берілмейтін болады.
Мұның барлығы жүйелі реформаларға бастайтын жол деп айта аламыз. 33 бапқа 56 өзгеріс енгізу – үлкен бетбұрыстың басы.
Жұмабек САРАБЕКОВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының
(ӘЭСИ) сарапшысы, саясаттанушы:
Елеулі саяси өзгеріс
болуы үшін әлеумет пен билік қоғамдық келісім
құруы қажет
– Ең алдымен айта кететін, ескерілуге тиіс маңызды жайт – Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдумнан кейін еліміз бір сәтте Жаңа Қазақстанға көшіп кетпейтіні.
Яғни, қандай да бір елеулі саяси өзгеріс болуы үшін әлеумет пен билік нақты қадамдар жасап, жаңартылған қоғамдық келісім құруы қажет. Ал мұндай сценарийге атқарушы билік қаншалықты шынайы мүдделі екенін және азаматтарымыздың өзінің саяси құқығын қорғауға қаншалықты дайын екенін тек уақыт көрсетеді.
Олай болса, әзірге еліміздегі референдумды қаңтар оқиғаларынан кейін орнаған саяси күштердің жаңа балансын бекітетін ауқымды науқан ретінде қарастырған жөн. Және соңғы кезде Ақорда тарапынан жиі айтылып жүрген «Екінші Республикаға» көшу де символикалық түрде осы референдумнан бастау алуға тиіс. Нәтижесінде, жаңа саяси тәртіпті шегелеп алуға мүмкіндік беретін референдумнан кейін Тоқаев пен оның командасы 2024 жылы өтетін президент сайлауына дайындықты бастап кететін сияқты.
Одан бөлек, референдумды атқарушы билік өзінің жақтастарын біріктіретін және Президент Тоқаевтың рейтингін күшейтетін құрал ретінде қарастырып отырғанын айтсақ болады. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта Ақорда мен Үкімет тарапынан экономика саласындағы қиын реформалардың қарқынын үдетуі де әбден мүмкін. Оған қоса, референдумды өткізгеннен кейін атқарушы билік жаңа саяси «ойын ережелерін» қабылдағысы келмейтін ірі капитал иелеріне қатысты да батыл шаралар қабылдауы ықтимал.
Референдумның қоғамға қалай әсер ететініне келсек, ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияға енген жағдайда еліміздегі саяси процесс жаңа бір импульс алуы қажет. Ең алдымен отандық партия жүйесінен қандай да бір қозғалыстарды күтуге болады, себебі заңнамалық түрде партия құруға деген талаптар жеңілдеуі керек. Тиісінше, саяси алаңда жаңа партиялық жобалар мен әртүрлі саяси альянсты көруіміз мүмкін. Кейбір қоғам қайраткерлері партия құратынын мәлімдеп те үлгерді.
Жалпы алғанда, жаңартылған Конституция аясында қазақстандық саяси жүйе ішінде бәсекелестік деңгейі артуы керек. Бұл ретте саясатта жаңа ойыншылар пайда болып, осыған дейін ашық талқыланбаған көптеген мәселе күн тәртібіне шығады деген болжамдар айтылып жатыр.
Бір қызығы, халық арасында референдумға қатысты шынымен де үлкен үміт артып отырған жұртшылық аз емес. Және азаматтардың талап-тілегі тек Конституциядағы өзгерістермен шектелмейді, ол жалпы мемлекеттік жүйедегі өзгерістермен байланысты. Соның ішінде мемлекеттік органдар жұмысының сапасы, жемқорлық, әлеуметтік әділдік сияқты мәселелер.
Бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтар референдумға қатысты көп нәрседен дәмеленіп отыр. Тиісінше, референдумнан кейін жүйелі өзгерістерге деген азаматтардың сұранымы мен талаптары да жоғары болмақ.