Жаңалықтар

Семейде жер үйлерді су басып жатыр

ашық дереккөзі

Семейде жер үйлерді су басып жатыр

Семейдің іргесіндегі ықшамауданды бірнеше күннен бері су басып жатыр. Бүгінде көтерілген жер асты суы жер үйлердің аулалары мен көшелеріне түгелдей жайылып, қатып қалған. Қазір күн суытқандықтан көшелер мен аулалар мұз қалашығына айналған. Тұрғындар, қора-қопсысына жету үшін қалыңдығы шамамен 30 см болатын мұзды ойып әлек. Олардың қысқа дайындаған отын-сулары мен жертөледегі азықтары жарамсыз болып қалған. Ал көшелерінде тау-тау болып үйіліп жатқан құм, тас сияқты қалдық материал мен мұздың кесірінен көлік жүруден қалыпты. Сондықтан жұрт ағаш пен көмірге қайта тапсырыс бере алмай отыр. Ең сорақысы, әжетханадағы қалдықтар қалқып сыртқа шыққан. Салдарынан, төңіректі қолқаны қабатын иіс жайлады. Енді, жұрт жұқпалы дерт тарайма деп алаңдаулы. Ал жергілікті билік ешқандай қауіптің жоқтығын айтып, жайбарақат отыр. Семей қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асан Дүйсембаевтың айтуынша, бұл табиғи дүние. "Нақтырақ айтқанда орманды алқаптан жерасты суы көтерілді. Төтенше жағдай қызметкерлері шамалары жеткенше оны тазалаған болатын. Қазір, барлығы қатып жатыр. Бірақ, тұрғындарға қар мен мұзды шығару үшін техника бөлінеді", - деді.