Жаңалықтар

Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордада 80-ге жуық нәресте дүниеге келді

ашық дереккөзі

Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордада 80-ге жуық нәресте дүниеге келді

Халықаралық балаларды қорғау күні елордада 80-ге жуық нәресте дүниеге келді деп хабарлады turkystan.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Олардың 37-сі – қыз, 41-і – ұл бала. Бақытты аналарды қала әкімшілігінің атынан елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов құттықтап, оларға елорда әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғыс хаттар табыстады. «Бүгін сіздер үшін нағыз мереке. Осындай балапандардың дүниеге келгеніне қуаныштымыз. Дені сау, болашағы жарқын болып өссін. Тек сіздердің отбасыларыңыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы болсын», - деп құттықтады Тимур Мұратов. Сәбилердің аналарына естелік сыйлықтар табысталды. Кейбір балалар туу туралы куәліктерін де алып үлгерді. «Бүгін үшінші рет ана атандым. Тағы екі ұлым бар. Көптен күткен қызым дүниеге келді. Кішкентай ханшайымның есімін Айлана деп қойдық», - дейді аналардың бірі. Мерекелік іс-шара мамандандырылған балалар үйінде де өткізілді. Мекеме тәрбиеленушілерін қала әкімдігінің, қоғамдық қорлардың, өзге елдер елшіліктерінің өкілдері құттықтады. Қалалық емханаларда ашық есік күндері, аниматорлардың қатысуымен мерекелік бағдарламалар өткізілді.