«Miras» кеңесі: алапат ашаршылықтың ауқымы мен зардаптары

«Miras» кеңесі: алапат ашаршылықтың ауқымы мен зардаптары

«Miras» кеңесі: алапат ашаршылықтың ауқымы мен зардаптары
ашық дереккөзі
«Miras» кеңесінде алапат ашаршылықтың ауқымы мен зардаптары талқыланды деп хабарлады turkystan.kz. Қазақ тарихындағы қасіретті 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа – 100 жыл. Осы тақырып «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Жиынға қатысқан «Miras» республикалық кеңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, белгілі тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, Мәдениет және спорт вице-министрі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ашаршылықтың себептері, ауқымы мен зардаптары 100 жыл өтсе де тиісті бағасын алмағанын айтты. Алапат зұлматтың ақиқаты жазылған құжаттар әлі күнге дейін архивтерде «аса құпия» таңбасымен сақталып келеді. 1920 жылдардың басында аштықтан қаза тапқандардың нақты саны осы күнге дейін белгісіз.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ашаршылық тақырыбына арнайы тоқталып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керек екенін айтқан болатын. Иә, ашаршылық тақырыбын көтеру – егемендіктің қадірін терең түсіну үшін, тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет», - деді Кеңес төрағасы.

Қазақстан тарихында ашаршылықтың 3 кезеңі болды. Бірінші ашаршылық – 1916-1918 жылдарды қамтыды. Осы жұт салдарынан кемінде 1,5-2 млн адам көз жұмған, 1 млн адам босып кеткен. Бұл деректерді тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов келтірді.

«Екінші ашаршылық 1921-1922 жылдары Азаматтық соғыс салдарынан қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы, жұт пен құрғақшылық және жұқпалы аурудың тарауынан болды. Үшінші ашаршылық – 1929-1933 жылдары Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, тәркілеу және күшпен отырықшыландыру науқанының зардабынан болды», - деді профессор.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы деректердің статистикасын нақтылау керек деп есептейді.

«Бізде деректер әлі нақтыланған жоқ. Кейбір ғалымдарымыз 2,5 миллион адам құрбан болды десе, Мақаш Тәтімов кезінде оны 4 миллионның үстінде деген  болатын. Талас Омарбеков 3,5 миллионға жуық қазақ қырылды дегенді айтатын. Деректер әртүрлі. Осы деректердің нақтылығы, шынайылығы деген мәселелерге біздің зерттеушілеріміз барынша назар аударып, бір ортақ цифрға келу керек. Өйткені Президент Қазақстанның жаңа тарих оқулығын жазу туралы тапсырма берді. Осы оқулықтарға жаңа анықталған деректердің барлығын, мемлекеттік комиссияның атқарып жатқан жұмыстарының қорытындыларын қамти отырып, шетелдіктерге таныту мәселесі біздің алдымызда тұрған үлкен міндет деп ойлаймын», - деді сенатор.

Мұрағаттардағы көп құжат пен деректердің бір ізге түспегенін алға тартқан ол қазақ тарихындағы қасіретті кезеңге арналған музей мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

«АЛЖИР» осы жерден біршама алыс. Көптеген елде мұндай музейлер орталықта орналасқан. Мысалы, Будапештте кеңестік билікке қарсы әдемі музей бар. Сол сияқты елордада болмаса да, Алматы қаласында ашаршылық, репрессия, кеңестік кезеңнің бет-жүзін ашып көрсететін, ұрпақтың санасына сіңіретін арнайы музей керек деп ойлаймын. Қырғыздың өзінде Ата-Бейіт бар. Барлық іс-шаралары сол Ата-Бейітке барып, тағзым етуден басталады. Әзербайжанда репрессия кезінде құрбан болған азаматтар Шейіттер аллеясында жатыр. Бізде мұндай арнайы аллея жоқ. Меніңше, Боралдайдағы Қандысай қоршауға алыну керек», - деді Д.Қыдырәлі.

Ал Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазақ даласында орын алған ашаршылық туралы көп айтылмайтынын алға тартып, оның ұлттық сана-сезімімізге тигізген зардабын да зерттеу керек дегенді айтты.

«Қазір өңірлерде комиссиялар зұлмат жылдар туралы естеліктерді жинап жатыр. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар, құжаттар бір ізге түскені жөн. Ашаршылықтың ұлттық сана-сезімімізге қаншалықты қатты соққы болғанын біз әлі түсіне алмай жүрміз. Мұны психологиялық жағынан да зерттеу керек. Тарихи сана-сезімді қалыптастыру жұмысы кемшін түсіп тұр. Әсіресе, бұл бағытта жастардың арасында атқарылатын жұмыста кемшіліктер бар», - деді Б.Әбдіғалиұлы.  

Сондай-ақ, жиында белгілі қоғам қайраткерлері Алдан Смайыл мен Оразкүл Асанғазы өз ойларын ортаға салды.