ҰБТ талаптары күшейтілмек

ҰБТ талаптары күшейтілмек

ҰБТ талаптары күшейтілмек
ашық дереккөзі

Биылғы оқу жылында мектеп түлектері үшін ұлттық бірыңғай тест тапсыру талаптары бұрынғыдан да күшейтілмек. Шпаргалкамен, ұялы телефонмен қолға түскен оқушылар биыл тестен бірден шығарылады. Ал емтиханды екінші рет тапсыру мүмкіндігіне тек бір жылдан кейін ғана қол жеткізе алады. Тест тапсырушыларға қатысты талапты күшейтуге осыған дейін тесілеу барысында тәртіп бұзушылықтың жиі орын алуы себеп болыпты. Ұлттық бірыңғай тестілеуінің талаптары күшейтілетіндігі туралы алғашқы ақпаратты Шығыс Қазақстан облысындағы қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Людмила Гейцман мәлімдеді. Жоғарыда айтылған ұлттық бірыңғай тестілеуде шпаргалка қолданғандарды тестен шығару бұрыннан нормативтік тәртіпте көрсетілген. Дегенмен нормативтік тәртіпте көрсетілген мұндай шектеу түлектерге кедергі келтірмеген тәрізді. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 27 мыңнан астам шпаргалка мен ұялы телефон тәркіленіпті. Ал өткен жылы тест тапсырғандардың саны 80 мыңға жеткен. «Білім және ғылым министрлігін бұл жағдай алаңдатып отыр. Біз талаптардың күшейтілуін күтудеміз. Егер әрбір қатысушы ұялы телефонды пайдаланғаны үшін ҰБТ-дан шығарылатынын білсе, тәуекелге бармас еді», – дейді Людмила Гейцман. Алайда тестке қатысушылардың шпаргалка мен ұялы телефон пайдаланбайтынына соншалықты сенім артып отырған жан жоқ тәрізді. Білім және ғылым министрлігі бірнеше жылдан бері түрлі қатаң шаралар қолданды. Мысалы, ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін аудиторияларда ұялы байланысты сөндіретін құралдар, металл іздегіштер біраз жылдан бері қолданылуда. Ал биылғы жылы тест тапсыру мекемелеріндегі аталмыш құрылғылардың еш ақаусыз жұмыс істейтіндігі туралы хабар таралуда.