Алматы облысында жыл соңына дейін 454 шақырым жол жөнделеді

Алматы облысында жыл соңына дейін 454 шақырым жол жөнделеді

Алматы облысында жыл соңына дейін 454 шақырым жол жөнделеді
ашық дереккөзі
Алматы облысындағы жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 454 шақырымды құрайтын жергілікті маңызы бар жолдарға жүргізіледі деп хабарлады turkystan.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Атап айтқанда, биыл 25 шақырым жолды реконструкциялау және салу жоспарланса, 42 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Бұдан өзге, өңірдегі 258 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары іске асырылмақ. Ал ағымдық жөндеу жұмыстары 130 шақырымда жүргізіледі. Сондай-ақ Алматы қаласының шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін Сайын, Рысқұлов, Абай және Солтүстік жартылай айналым көшелерінің құрылысы басталды. Жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 8 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта тас жолдың осін қалпына келтіру және бекіту, топырақ-өсімдік қабатын алу және жер төсемін тегістеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Бүгінде өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, туристік бағыттардағы жолдар үлкен басымдыққа ие. Осы орайда, қазіргі таңда Балқаш көліне баратын 102 шақырым кірме жолды реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Шарын каньонына апаратын жолда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар толықтай 2023 жылы аяқталмақ», - делінген хабарламада.
Бүгінде ұзындығы 34 шақырымды құрайтын «Көкпекті-Кеген-Түп-Жалаңаш-Саты-Құрметті-Көлсай көліне кіреберіс» көлік жолын күрделі жөндеу жұмысы іске асырылуда. Қазіргі уақытта аталған учаскеде барлық қажетті ресурстар қарастырылған және жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдар да реконструкциялануда. Мәселен, «Құрты-Қапшағай» автожол учаскесі жаңартылып, жол төсемдерінің қабаттарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Сонымен қатар ұзындығы 96 шақырымды құрайтын «Ұзынағаш-Отар» учаскесін реконструкциялау жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта ұзындығы 48 шақырым учаске бойынша қозғалыс екі бағытта ашылды және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны толық аяқтау 2024 жылға жоспарлануда.