Тарихтың бұл парағы мәңгі есімізде

Тарихтың бұл парағы мәңгі есімізде

Тарихтың бұл парағы мәңгі есімізде
ашық дереккөзі
Мамырдың соңғы күнін қазақ қоғамы қара жамылып қарсы алады. Себебі елбасының 1997 жылдың 5 сәуірдегі жарлығымен жыл сайын саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алатын азалы күн. Қазаққа қарсы жасалған геноциттің таңбасы күнтізбеге басылып ресми аталып келе жатқанына биыл 25 жыл. Иә, арада аз уақыт өткен жоқ. Бірақ зұлмат заманның ақиқаты әлі күнге дейін ашылмады. Қуғын-сүргін десе тек 1937-1938 жылдары халық жауы деп қуғындалып қыспаққа алынып, атылып кеткен арыстар ғана көз алдымызға келеді. Дегенмен ол оқиға қазақты ұлт ретінде жою саясатының жалғасы еді. Түбіне тереңдей берсек, империалистік ресейден бірақ шығасың. XVll-XVlll ғасырда қазақ даласына бекініс салып, Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы сынды бас көтерген батырлардың басын алған отаршылар XlX ғасырдың соңы мен XX басында жерімізді басып алуды мақсат етті. Стольпин реформасы негізінде қазақтың шұрайлы жерлеріне қара шекпенділер қоныстанып, Ресейден босып жүрген шаруалардың бәрі бері ағылды. Оларды қорғау үшін жазалаушы әскерлер де келді. Кей дерек көздеріне сүйенсек, тек XX ғасырдың басында қазақ жеріне ресейден 430 мың отбасы көшіп келген. Жаңа жерге қоныстанғаны үшін, барлық жағдай жасалған уыстап ақша да алған. Деревняларды қорғау үшін оқ атылды. Ол мылтық жайылымдық жерін қорғап, атқа мінген қазаққа қарсы атылды. Алаштың Әлихан Бөкейханы бастаған айбынды ұлдарының теңдік үшін саясатқа араласа бастағаны осы кезден бастау алады. Бірінші дүниежүзілік соғыста отардағы қазаққа еселеп салық салынған, бас көтергенін жағалай қырған. Мұны көрген алаш азаматтары мемлекетті бөліп әкету идеясын жеделдетті. XX ғасырдың ортасы қазақ үшін тым ауыр кезең болды. Екі бірдей ашаршылық халықты дүркін-дүркін тентіретті. Ұлт тарихындағы ең қасіретті оқиға қолдан жасалды. Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын деген жалаң ұранның кесірінен дәстүрлі мал шаруашылығы күйреді. Бұл бүкіл өмірі төрт түлікке байланған көшпенділер үшін ашық күнде ажал құшумен пара-пар еді. 1897 жылғы халық санағында қазақтың саны 4 миллион делінген. Ал, 1917 жылы 6 миллионнан асқан. Арада ширек ғасыр өтіп, 1939 жылы санақ жүргізілгенде ұлтымыз небәрі 2 миллионнан асқан. Он бес жыл ішінде еліміз төрт миллионнан аса адамнан айырылды. Ал, саяси қуғын сүргін қазақстанда 1928 жылдың ортасынан алаш арыстарын тұтқындаудан басталды.1937-1938 жылдары саяси репрессия бұрынғы СССР-дегі жеке тұлғаларға қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін шараларының ең шарықтаған кезеңі болды. Қазақтың зиялы қауымы партия қайраткерлерінің қателігімен асыра сілтеуін қатты сынға алды. Кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан алашорда қозғалысын көптеген қайраткерлерін тізімге алып отырды. 1928 жылы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, Х. Ғаббасұлы сынды қырық төрт біржуаз ұлтшыл қамауға алынды. Оларға ұлтшыл деген айып тағылды. Ал,1930 жылдың қыркүйегінде М.Тынышбай, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбай сынды бірқатар қазақтың қаймағын қамауға алды. Олардың басым бөлігі суық сібір даласына ит жеккенге айдады. 1937-1938 жылдары қазақтың көрнекті қайраткерлерінің барлығы репреесияға ұшырады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарында Ә.Бөкейхан, Т.Рысқұлұлы, Н.Нұрмақұлы, О.Жандос, Ә.Досұлы, С.Сәдуақас, Т.Жүрген, С.Сейфуллин, І.Жансүгірұлы, Б.Майлин, С.Асфендияр бар. Ұлт зиялыларының өздері ғана жапа шеккен жоқ. Олардың жұбайлары, балаларына дейін жазаланды. 1937 жылы 15 тамызда КСРО-ның орталық комитетінің №00486 бұйрығы отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Бұл құжат ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдердін кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берді. Қысқа мерзім ішінде бас аяғы бірнеше ай барысында отанын сатқандар деген жалған желеумен жарлары қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталды. Бір жастан үш жасқа дейінгі балалы әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға 1938 жылдың 6-шы қаңтарында  келді. Бұл лагерь шындығында тым ерекше болды. Сегіз мыңнан астам әйел Алжирде, қоңыраудан қоңырауға дейінгі мерзімдерін отырып шыққан. Негізінен олар аттары одақ көлемінде кеңінен таралған. Әзиза Рысқұлқызымен оның анасы Әрипа Есенқұлқызы, Д.Жүргенқызы, Р.Асфендиярқызы, Г.Майлина, Г.Сейфуллина және тағы басқа сынды мемлекет саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері еді. Лагерьлерге тап болған адамдардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Тарихшы ғалымдардың мәліметтерінше, бір ғана қазақстанның өзінде жүз мыңнан астам адам тұтқындалған. Жиырма бес мыңнан астам адам атылған. Республика аумағында он бір концлагерь болған. Ондағы адамдар аштық пен ауыр еңбектен ажал құшты. Репрессияға ұшырағандарды ақтау алғаш Хрущевтың кезінде басталды. Бұл Сталиндік жеке басқа табынушылықтан бас тартқан кез. Алайда, қаншама жылдан бері санаға сініп, сүйектен өткен номинклатуралық тәртіп әжептәуір басталған істі аяқтауға кедергі келтірді. 1980 жылдарда ғана тарих ақтаңдақтарына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туды. Ал, 1990 жылдары еліміз егемендікке қол жеткізген соң, жаппай саяси қуғын- сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шықты. Жыл сайын 31  мамырда республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі. Солақай саясат қанша тырысқанымен, арыстарымыздың есімін санамыздан өшіре алмады.