«Спорт колледжі жабылмайды» – Aikyn көтерген мәселе шешімін тапты

«Спорт колледжі жабылмайды» – Aikyn көтерген мәселе шешімін тапты

«Спорт колледжі жабылмайды» – Aikyn көтерген мәселе шешімін тапты
ашық дереккөзі
Колледжді жауып, орнына олимпиадалық резервті дайындайтын орталық ашу жоспары күн тәртібінен алынып тасталды деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы бүгін әлеуметтік желіде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жазды.
«Колледжде оқып жатқан балалар, олардың ата-аналары және жаттықтырушылары оқу орны жабылып қалады деп алаңдаулы екенін жақсы білемін.
Сол себепті өткен жұма күні Алматыдағы республикалық маңызы бар мектеп-интернаттарды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткіздік. Жиынға спорттық білім беру ұйымдарының директорлары шақырылды. Ашық әрі сындарлы әңгіме нәтижесінде біз бірлесе шешімге келдік. Сонымен, колледж орнына ашылуы тиіс Жаттықтыру орталығы енді сол білім ордасының жанында ашылады. Орталық жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, спорттық мекемелердің қадамына оң серпін беруі керек. Мұнда талантты спортшыларымыз өзінің спорттық мансабын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады. Мекеме кешенді ғылыми топтың қатысуымен озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрылады. Одан бөлек, 2022-2023 оқу жылында бірінші курс студенттерін қабылдау кезінде іріктеу жұмыстарын мұқият жүргізуді тапсырдым» деп жазды Мәдениет және спорт министрі. Ведомство басшысының сөзінше, біраз жыл бұрын ашылған тәжірибелік сыныптың оқушылары басқа мектептерге ауысатын болады.
«2011 жылы колледж жанынан ашылған тәжірибелік кластарға келетін болсақ, бұл сыныптарда оқыған балалар сапалы спорттық білім алып, материалдық базасы стандартқа сай оқу орнында спортпен шұғылдануы тиіс.
Сондықтан аталған сыныптар «Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ мен Алматы қаласы Шаңырақ ықшамауданындағы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ-не ауысады» деп жазды Д.Абаев. Алматыдағы спорт колледжінің төңірегіндегі жанжал біраз уақыттан бері жалғасып жатыр. Спорттық дарынды балаларға арналған колледжде білім алып жатқан студенттердің ата-аналары оқу орнының аяқасты жабылатыны туралы жаңалыққа наразылық білдірген болатын. Ата-аналардың ашу тудыруына аталған оқу орны басшылығының спорт колледжінің орнында олимпиадалық резервті дайындайтын орталық ашамыз деген хабарламасы себеп болған.