«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары аймақтарды аралауда

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары аймақтарды аралауда

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары аймақтарды аралауда
ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін   Жамбыл және Ақтөбе облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 300-ден астам азамат келіп, барлығы 10 шалғай елді мекен қамтылды деп хабарлады turkystan.kz.

Сонымен қатар, «AMANAT сарапшысы» акциясы аясында заңгерлер референдумның маңыздылығын түсіндіруді жалғастыруда.

Бүгін партиялықтар Ақтөбе облысына қарасты Құрмансай, Сағашилі, Шығырлы, Қаратал және Дөң сияқты барлығы 5 шалғайдағы елді мекенге барды.

Құрмансай ауылының тұрғыны Жейілхан Бекназаров Мәртөк-Құрмансай тас жолының құрылысын аяқтау, ауылішілік жолдарды жөндеу, балалар алаңын тұрғызу сияқты түйткілді мәселелерге шағым білдірді.

«Ауылда жолдардың сапасы нашар. Қысы-жазы жол жүру қиындық туғызады. Ауылға дейін 25 шақырым жолды жүру үшін 1 сағат уақытымыз кетеді. Жақында облыс әкімі халықпен кездесіп, жолды жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін бітетінін айтты. Ауылдағы тағы бір түйткілді мәселе – газ. Қазір көмір, ағаш қымбат. Көгілдір отын тартылса, ауылға көшіп келушілер саны көбейер еді.  Бүгін «АМАNAT» партиясының мобильді бригадаcы азаматтарды қабылдап жатыр. Партияның қолдауымен жол салынып, газ келеді деген үмітіміз бар», - деді Жейілхан Бекназаров.

Құрмансай ауылының әкімі Нұрпейіс Бекқалиевтің айтуынша, партияның аймақтық Жол картасын іске асыру аясында ауылды газдандыру жоспарланған. Келесі жылы жобалық-сметалық құжат дайындалып, 2024 жылы ауылға көгілдір отын тартылады. Сонымен қатар, Мәртөк-Құрмансай жолының құрылысына бюджеттен қаражат бөлінген. Жолды жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.

Осы күні «AMANAT» мобильді бригадалары Жамбыл облысындағы шалғай елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Мәдімар, Тастөбе, Көктөбе, Ақтоған және Каменка ауылдарында болды.

Ақтоған ауылының тұрғыны Олжабек Қосыбаев сумен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарынжүргізуді сұрады. Оның айтуынша, желілердің әбден тозығы жеткен және оны қайта жөндеуден өткізу керек. Аудан әкімі мен басқарма басшысы бұл мәселені бақылауға алды.

Сонымен қатар, облыс тұрғындарын үй, субсидиялау, ауылдарда мәдениет үйін салу, амбулаторияға жөндеужұмыстарын жүргізу сияқты мәселелер толғандырады. Көтерілген мәселелер партия бақылауына алынып,сондай-ақ құзырлы органдарға ұсыныстар жолданды.

Жамбыл облысында аманаттықтар шалғайдағы 51ауылда мобильді қабылдау өткізді. Оған 800-ден астам тұрғын келді.

Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов азаматтарды қабылдау барысында тұрғындар көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ол алдағы жалпыхалықтық референдумның маңыздылығын талқылап, тұрғындарды белсенді болуға шақырды.

«Биыл 14 наурызда мобильді қоғамдық қабылдау өз жұмысын бастады. Бүгінге дейін еліміздің 12 өңірін қамтыдық. Әсіресе тұрғындары партияның облыстық немесе аудандық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар, мұндай сапарлар азаматтардың өтініштеріне дер кезінде ден қою үшін ғана емес, ауылдық жерлердегі проблемалардың шешімін табуға да мүмкіндік береді»,- деді Азамат Біржанов.

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаубөлмелеріне жыл басынан бері 54 мыңнан аса адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 30%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 11% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 10 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 30 мың адам қабылданды.

Тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуына болады:

1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

2. WhatsАpp: 8 700 800 4441

3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz

Қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.

Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.