Қыстан қандай әсер аласыз?
Қыстан қандай әсер аласыз?
Адамзат баласы жыл он екі ай маусымның қай-қайсысын да ерекше қастерлеп, әр халық оған өзіне тән атаулар қойған. Жаз – жарықтың, жылудың символына айналса, қыс – қараңғылықтың, суықтың символы. Бірақ айналадағылардың бәрі қысты ұнатпайды деуге болмайды. Әсіресе, балалар қыстың ақ ұлпа қары мен сырғанағын тағатсыздана күтеді. Демек, қыстан әсерленетін, қыс сұлулығын жоғары бағалайтын жандар жетерлік.
«Түркістан» газеті сәрсенбілік сауалын «Қыстан қандай әсер аласыз?» деп қойып отыр. Сонымен...
Арасанбай Естенов, жазушы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Жылдың әр мезгілі өз қызығымен, өз ерекшелігімен сәнді. Қыстың қыс сияқты болғаны да дұрыс қой. Бұл мезгіл қарымен, бет шымшыған сары аязымен көрікті, сонысымен қыс. Қыстың күні сылпылдай еріп, аяқ асты лайсаңға айналған қардың үстіне нөсерлеп жаңбыр құйып тұрғанның несі жақсы. Осы тұрғыдан алғанда биылғы қыс Алматыға бірден түсіп, бір-екі күн бойы толассыз жауған қалың қар қарашаның он сегіздерінде-ақ шынайы қыстың қаһарын бастап кетті.
Әрине, оның көше қозғалысы мен аула тазалаушылар үшін біраз әбігер әкелгені мәлім. Әйтсе де, ақша қардың аты ақша қар. Ауаны тазартып, тынысыңды кеңейтіп, көңіліңді сергітері өз алдына бір ғанибет. Басқаларды қайдам, өз басым биылғы қардың ерте түскенін қуана қарсы алдым. Келе жатқан жаңа жыл, шырша тойы, қыс туралы алдын ала бір-екі ай бұрын тақпақтар мен ән мәтіндеріне тапсырыс беріп үйренген журналдардың өтінішін уақытында орындауыма көп көмегін тигізді. Қардың сықырын естіп, аяздың ызғарын сезінгеннен болар, ол тапсырыстар әрі тез, әрі ойдағыдай орындалып, көңіл күйің көтеріліп, шабытың еселене түседі екен. Бір мысал:
...Шарлар қыр мен ойды да
Таңғаламын ойныңа.
Ұлпа қарды саулатып,
Құйып кеттің мойныма.
Қылығыңды-ай, ой мына!..
( «Тентек» тиін).
Баум бағын аралап жүргендегі сурет қой. Алғашқы қар «мерекесін» тойлап, асыр салып жүрген тиіндердің әрекеті дәл осындай.
Шүкір, биылғы қыстың біз үшін әсері осындай. Желтоқсан айының да қарлы боларынан үміттіміз. Қар жауған сайын ауа тазарып, онымен бірге жан сарайың ашылып, тынысың кеңейе түсетіндей. Тағы бір айта кетерлігі: қыс мезгілінің ішінде ақпан айының алар орны айрықша. Күн ұзарып, көктем жақындаған соң ба, әйтеуір бұл айда жауатын қардың түр-түсі мүлдем бөлек. Ақша қармен, жалпы қыспен қоштасар кезеңнің жақындай түскендігінен бе екен, бұл кезде қар да, соңғы ашулы боран да бір қимасыңдай болып, ыстық көрінері бар. Жылы үйде бұйығып, тығыла бергенше бір уақыт қарлы боранмен араласып, шақылдаған аязға жүз өптіріп тұрғанға не жетсін, шіркін!..
Мөлдір Дарханбаева, журналист:
– Алғашқы қарды қазан айында көрген соң, Шымкентте де биыл қыс ашуын танытатын жыл болатын шығар деп болжап қойдық. Жеңіл күртешелерді сандыққа салып тастағанымызбен екі-үш күнде қайта шығаруымызға тура келді. Мұнда күн күлімдеп тұрғанда оңтүстік астанамызға аттанып кеттім. Шымқаладағы көктемді 12 сағаттық жолдан соң, Алматыны ақ ұлпаға ораған қыс мезгілі алмастыра қойды. Сол күні өткен футболдан Қазақстан кубогының финалында тоңғанымның жөні бөлек. Сүйікті командамның ұтылғаны 90 минут «көгеріп» отырғаныма тұрмады. Осылай, қыстың қаттылығын қарашаның қақ ортасында барынша сезінуге тура келді. «Шымкентше» киініп барған маған өн-бойыңа тіміскіленіп кіретін суық, тоқтай қалсаң қалшылдататын ызғар тұмаумен тағы да «таныстырып» үлгерді. Бір жеті үйде қамалып отырып, қызықсыз болған соң кері қайттым. Келсем, мұнда да қыс жайғасып алыпты. Күннің де көзі көрінбегеніне біраз уақыт болған-ау. Үй шатырларында әлі де әппақ киіз ілініп тұр. Біздің ауыл қаладан алыс болмаса да айтарлықтай суық. Көркем шығармадағыдай мұржалардан жарыса түтін де шықпайды, себебі табиғи газ баяғыда тартылған мекен. Біздің үйде де пеш, көмір, отын дегендерді ұмытқалы қай заман. Табиғи отынның күші керемет болмаса да, соны сығырайтып қойғаннан басқа амалымыз жоқ. «Қыс қатты болады екен» дегенді естісем үйдегілер үшін алаңдаймын.
Қыс мезгіліне дайындықты жаздың соңғы айынан бастап жүргіздім. Не дайындық дейсіз ғой? Салқындап қалсам, ертесіне басым ауырып, қызуым көтерілуге дайын тұрады. Тамыз айында апта бойы суыққа қарсы дәрі-дәрмек қабылдадым. Сөйтіп жүріп қыркүйектен аман-есен өткеніммен, қазан айында тағы да екі рет тұмаураттым. Не керек, қыс басталмай жатып, «сырқаттанып» үлгердік.
Іңкәр Мазатбекова, кеңсе менеджері:
– Қараша желтоқсанмен сол бір-екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай, – деп Абай атамыз айтқандай, биыл қыс ерте түсті,түскенде қандай, бір-ақ күнде қар мен аязды ала келді. Қазақ халқы – дана, ырымшыл халықпыз, түсті де, жылды да жоримыз. Қой жылы қой мінезді жылы, бірқалыпты болса, мешін жылын тұрақсыз, көктемі жауынды әрі ұзақ, қысы қатты болады деп жоритын үлкендер. Шаруалар мал азығы мен жан азығын, қора-қопсысын, отын суын ерте қамдаған. Біз бақытты заманның адамдарымыз, үйіміз көгілдір отынмен жылиды, кигеніміз құндыз бөрік, құндыз тон. Әрине, ауыл жайы алаңдатады, қалың қар қарапайым шаруалар мен малшыларға оңай тимесі анық.
Кешқұрым ұлымды балабақшадан алып қайтқанда қар жапалақтап жауып тұрды, таңертең далаға шыққанымда бейне бір ертегі әлеміне енгендей сезімде болдым, айнала әппақ қарға оранған, мүлгіген тыныштық. Үштен жаңа асқан баламның қуанышында шек жоқ, өйткені оны ойыннан өзге нәрсе толғандырмайды. Ал мен сол мезетте жолдардың көктайғақ болатынын, қалаға қатынау қиынға соғатынын, тіптен осыншама қар ерігенде не болатынын ойлап үлгергенмін.
Сара Ұланқызы, студент:
– Әр мезгілдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Соның ішінде қыс мезгілінің алатын орны айрықша. Қыс өзінің таза, кіршіксіз ақ қарымен, өзіне тән қаһарлы аязымен әр адамның жадында сақталады. Әрбір адамның ұмытылмас сәттері осы қыс мезгілінде орын алады деп ойлаймын. Осы бақытты шағымыздың бір кезеңі – Жаңа жыл. Жаңа жылды барлық адам асыға күтеді. Қыстың бізге берер қуанышты сәттері мен қызықты естеліктері мол.
Менің өмірімде де қыс мезгілінің әсері ерекше. Даланың сұлу табиғаты, әппақ қары құдды бір ертегі әлемінде жүргендей сезімге бөлейді. Осы мезгіл қаламның көркіне көрік қосып тұрғандай. Адамдардың аязға тоңса да қуанышты жүздері, беттері қып-қызыл аязға піссе де, аққала жасап, ойнап жүрген балалардың қуанышы қыстың да көрікті мезгіл екенін дәлелдейді. Қысқы аяз, боран мен суық тоңдырса да, біз үшін Алматының аязы да ыстық. Ал ұлпадай жылтыраған қарлары ақ мамықтай жұмсақ. Қалама осындай ыстық-суығымен қатар келетін қысты жақсы көремін. Оның ішінде Жаңа жылды асыға күтемін. Осылардың барлығы әрқашан менің жадымда, жүрегімде ерекше сақаталатын сезім.
Балжан Ешметова, оқытушы:
– Армысың, табиғат тылсым күшінің ерекше көрінісін беретін, ақ ұлпа қарға оранған қыс!
Расымен де адам баласы табиғаттың терең сырын әр түрлі түсінеді, қабылдайды. Кейбіреуі қыс мезгілін асыға күтсе, ал біразы осы мезгіл келместен бұрын тезірек аяқталса екен деп тұрады. Иә, адам баласын түсіну қиын ғой. Сол секілді, табиғатты да түсіну үлкен қырағылықты, біліктілікті қажет етеді.
Биыл Алматыға қар жылдағыдан көп жауды. Қазақстанның оңтүстігінде жапалақтап жауған әппақ ұлпа қарды жиі көрмейтінбіз. Сырғақтап, жаңбыр аралас жылымық жауған қар жерге тез сіңіп жоғалатын. Биыл тіпті, Алатаудың бауырын әппақ қалың көрпемен бірден қымтап тастады. Алтайдың қарын айтпайсыз ба, шіркін! Сеңгір-сеңгір қарлы таулардың басы мұнартып, дүние бір сәт тым-тырыс бола қалып, шыңылтыр аспаннан қалбақ-қалбақ ақ ұлпа мамықтар жерге ақырын-ақырын түсе бастайды. Әупілдеген иттер де бұйығып, ауада селт етпес тыныштық орнайды. Тек қана қар жамылып, ақ отаудай үйлердің мұржасынан шыққан ақ боз түтіндер ауадағы қар түйіршіктерін көктей өтіп, аспанға сіңіп жоғалып жатады.
Сонымен қатар, қыс мезгілі, табиғаттан тыс, адамзатты ойға шомылдыратын секілді. Себебі бұл кезеңде әрбір тірі жан иесі ерекше ойға шомылатын, өз-өзіне қорытынды есебін, болашаққа жоспар құратын кезеңі секілді. Қыс – мен үшін ыстық сезімдер мен ұмытылмас естеліктерге толы. Мүмкін күлкілі де шығар, бірақ бұл мезгіл ертегідегідей көрініске боялғандықтан ба, жасым ұлғайса да ғажайыптарға сенгім келіп тұрады.