Алматыда жаңа екі метро бекеті ашылды
Алматыда жаңа екі метро бекеті ашылды
Алматыда «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро бекеті ашылды деп хабарлады turkystan.kz.
Салтанатты ашылу бүгін сағат 10:00-де өтті. Жаңа бекеттер қазіргі қызмет көрсетіп тұрған тоғыз бекеттің жалғасы ретінде қала орталығын жатын аудандармен байланыстырады.
Екі жаңа станция іске қосылғалы метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарып, енді 13,4 шақырымды құрайтын болды. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төрт вагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Жаңа бекеттер іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтілуде.
«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» бекеті Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Саин көшелерінің аралығында Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар. Стансада екі жеделсаты мен сегіз эскалатор орнатылған. Интерьер жасау кезіндегі негізгі идея – Сарыарқаның шексіз кең даласының әсемдігін көрсету. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Шеткі жағындағы қабырғада жазық даланың үстінен шығып келе жатқан күн, оның бергі жағында Қазақстан астанасы бейнесі маңында шауып келе жатқан жүйрік аттар бейнеленген панно орнатылған.
«Бауыржан Момышұлы» бекеті Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Бекетте алты жеделсаты мен он бес эсколатор орнатылған. Платформа ұзындығы 108 м. Алматы метро желісінің он бірінші бекет әзірге соңғы станса болып саналады.
Бекет үлкен тұрғын алабының ортасында орналасқан. Қабырғалар мен тіреуіштерді безендіру үшін ашық реңкті маржан-сұр түсті ағаш тектес керамикалық панельдер, ал еденді қаптауға – ашық сұр түсті табиғи гранит пайдаланылған.
Болашақта «Қалқаман» бекетінің құрылысын аяқтап, метроны батыс бағытта «Барлық» базарына дейін дамыту жоспарланған.