Израиль - Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі

Израиль - Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі

Израиль - Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі
ашық дереккөзі
Израиль Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі болып қала береді. Бұл жайында бүгін Ақордада Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің елдеріміз арасындағы ерекше қарым-қатынастың орнауы да тосыннан емес. Оған Қазақстаннан шыққан ондаған мың израильдіктер септігін тигізуде. Олар соғыс кезінде бізге жер аударылып, осы жақтан өз үйлерін, жіті қарым-қатынас, қамқорлық тапты және отандарына қайта оралғаннан кейін де бауырмалдық қарым-қатынасты сақтады. Мен Тель-Авивке барғанымда олар туғанындай қарсы алады. Олар бүгінде достықтың көпірі болып саналады және біздің ынтымақтастығымызға көмектеседі», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Израиль Премьер-министрімен өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысына көңілі толатындығын да баса айтты.
«Қазір ғана Биньямин Нетаньяху мырзамен келіссөздер аяқталды. Ол ашық әрі сенімге толы өтті. Біз екіжақты өзара іс-қимылдың, халықаралық күн тәртібінің, лаңкестікпен күрестің және өзге де жайттардың кешенді мәселелерін талқылап, өзекті мәселелерге қатысты пікір алмастық», - деп атап өтті Назарбаев.
Қазақстан мен Израиль арасында ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық туралы үкіметтік келісімге қол қойылады. «Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен инвестициялық ынтымақтастық негізінде қалыптасуда. Оның нығаюына израильдік капитал салынған 270 кәсіпорын өзінің маңызды үлесін қосады. Жеке кездесуіміз барысында екіжақты қарым-қатынастың экономика, инвестиция, саясат салалары, лаңкестікпен күрес сынды - кең ауқымды мәселелерін талқыладық. Сіздің бүгінгі сапарыңыз және бизнес форумды өткізу - біздің іскерлік қарым-қатынасымызды кеңейтуге септігін тигізеріне және жаңа сапалы деңгейге көтеретіндігіне үміт артамыз», - деді Назарбаев.
Осы орайда Елбасы Қазақстан-Израиль серіктестігін әртараптандыру маңыздылығын атап өтті және шикізаттық модельден өндіріске көшу үшін бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік бар екендігін айтты. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты еселей түсетін саланы да атады. «Ауыл шаруашылығы біздің ең басты түйісу нүктеміз саналады. Бұл жайында мен сізге айттым да. Бізде ауыл шаруашылығы бизнесін жүргізу үшін бірегей мүмкіншілік, ал Израильде алдыңғы қатарлы технология бар. Біз бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Бірлескен комиссия құрып, бұл мәселеде нақты шарт әзірлейтін боламыз. Өнімнің барлық түрін қайта өңдеу, жерді суландыру - бұл біздің сіздерден алғымыз келетін мәселелер. Сіздің сапарыңыз аясында бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметтік келісімге қол қойылады. Осыған арқа сүйей отырып, біз нақты жұмыстар жүргізе аламыз», - деді Мемлекет басшысы.