Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы азық-түлік бағасына қатысты ұсыныстарын айтты

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы азық-түлік бағасына қатысты ұсыныстарын айтты

Халықты бәрінен бұрын азық-түлік бағасының шарықтап кетуі алаңдатып  отыр. Есесіне, елде инфляция деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмейді. Бұл жайында «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауынан елдегі инфляцияның деңгейі өскен. Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, сәуірде жылдық инфляция 13,2% болып, бұл азық-түлік тауарлары бағасының шарықтауына алып келген. Жылдық азық-түлік инфляциясы 17,9%-ға жеткен, ал, бұл - 2007 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда, бұл сандар нақты емес. Жиынды қорытындылай келе, кеңес мүшелері инфляцияны төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін атап өтті. Ұлттық банк елдегі бағаның тұрақтылығына жауапты негізгі орган екеніне қарамастан,  ол бұл мәселеден шет қалып отыр. «Базалық мөлшерлемені 14%-ға дейін көтеріп, несиелендіруді шектеді. Бұл бағаны ұстап тұруға көмектеседі деп ойлайды. Керісінше, бұл біздің өндірушілерге зиян тигізеді. Олардың шығындары артып, несие пайызы жоғарылай түскендіктен бағаны көтеруге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда Үкімет бұл жұмысты өз жауапкершілігіне алуға тиіс», - деп түйіндеді Аманжан Жамалов. Ұлттық экономика министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігіне инфляцияны есептеу әдістемесін өзгерту бойынша ұсыныс әзірлеу тапсырылды. Бұдан басқа, Экономика министрлігі Еңбек министрлігімен бірлесіп, азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарына арналған атаулы субсидиялар мәселесін пысықтауға тиіс.