Ерлан Қарин концерт кезінде Туды келеке еткендер жайлы пікір білдірді

Ерлан Қарин концерт кезінде Туды келеке еткендер жайлы пікір білдірді

Ерлан Қарин концерт кезінде Туды келеке еткендер жайлы пікір білдірді
ашық дереккөзі
Алматы қаласында «NS group» ЖШС ұйымдастырған концерт кезінде сахнада өнер көрсетіп жатқан Shiza лақап атын иеленген азамат Қазақстан туын умаждап ұстап, әлдебір әрекет жасамақ болды деп жазды turkystan.kz. Оның бұл қылығын байқап қалған ұйымдастырушылар көк Туды көрермендердің көзінше алып кеткен. Осы сәтте Shiza есімді азамат пен қасындағы әріптестері сахна мәдениетіне жат сөздер айтқан. Болған оқиғаға қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин фейсбук парақшасында пікір білдірді.
«Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік Туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Сонымен қатар мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік Туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік Туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын» деп жазды Ерлан Қарин.
Айта кетсек, бір аптадан соң Қазақстанда мемлекеттік Рәміздер күні атап өтіледі.