Ұлыбритания азаматының екі қолын ауыстырып салған
Ұлыбритания азаматының екі қолын ауыстырып салған
Шотландиялық Стивеннің екі қолын ауыстырып салған. Күрделі ота сәтті өтіп, оның өмірі өзгеріп сала берген деп хабарлады turkystan.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Шотландиялық азаматтың жасы 48-де. Ол осыдан 13 жыл бұрын үй төбесін жабатын шатыршы болып жұмыс істеген. Кенеттен қатты сырқаттанып, бетінде бөртпе пайда болған. Ал оң қолы солқылдап ауыра берген.
Алғашқыда медицина мамандары жүйелі қызыл жегі (люпус) деген диагноз қойған. Кейін дәрігерлер азаматтың бойынан неврологиялық ауру белгілерін байқап, білек каналдары синдромы диагнозымен, Стивенге ота жасаған.
Алайда, ота жасалса да екі қолы тағы ауырып, мамандар одан склеродермия аутоиммундық ауруды анықтаған. Аурудың салдарынан оның терісінде және ішкі органдарында тыртық пайда болды.
7 жыл бұрын Стивеннің саусақтары ішке қарай майысып, жұдырығын түйе алмайтын жағдайға жеткен.
«Менің алақаным бүгілмей қалды, бір сәтте қолымның орнында тек жұдырық қалды. Ештеңе істей алмайтын жағдайға жеттім. Тіптен өзім киіне алмай, қандай да бір затты көтере алмай қалдым», - деді шотландиялық азамат.
Стивеннің жағдайы жақсармағаннан кейін қол буынын орналастырумен айналысатын маманға жүгінген. Алайда, дәрігер отаның қауіпті болатынын ескерткен.
Отаға әртүрлі саладағы 30-дан аса маман қатысты. Ота 2021 жылы желтоқсанда Лидсте өтіп, 12 сағатқа созылған.
Стивен екі қолын ауыстырып салған склеродермияға шалдыққан әлемдегі алғашқы науқас атанды.
«Отадан кейін басқа әлемде жүргендей ояндым. Бәрі тез өтті. Ояна салып қолдарымды қимылдата алдым», - деді азамат.