СҚО-да қант тағы қымбаттады

СҚО-да қант тағы қымбаттады

СҚО-да қант тағы қымбаттады
ашық дереккөзі
Петропавлда қанттың келісі 750 теңгеге бір-ақ шықты деп хабарлады turkystan.kz. Өткен аптада еркін сатылымда келісі 540-580 теңгеден саудаланған. Сатушылардың айтуынша, өткен аптада қант базар сөрелерінен 3-4 күнге жоғалып кеткен. «Бағаны тұрақтандыру мақсатында ірі сауда орындарына, базарларға қанттың тәуліктік нормасы жеткізілуде. Бұдан бөлек, коммерциялық қант басқа сауда орындарында да жеткілікті. Ал кондитерлік кәсіпорындарға үш фирма қанттың келісін 485 теңгеден өткізіп жатыр. Жалпы, биыл біз 816 тонна – 12 вагон қант сатып алдық. Қазір тұрақтандыру қорындағы былтыр алынған қант сатылып жатыр. Сәуір айында «Азық түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы қосымша 136 тонна сатып алынды», - дейді СҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ләззат Ғалеева. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 406 тонна қант бар. «Тұрақтандыру қорындағы қант Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сауда орындарына, ірі сауда желілеріне, супермаркеттерге, сауда үйлеріне жеткізіледі. Базарларда ғана біздің 6 сауда орнымыз бар. Бұл жерлерде бағасы – 330 теңге. Сауда орындары үстінен 20 теңге қосып сата алады. Тек бір ғана ірі сауда желісі арқылы аптасына 12 тонна қант сатылады», - дейді «Солтүстік» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов. Тұрақтандыру қорындағы қант күзге дейін ғана жетеді, сол себепті қазір Көксу қант зауытымен келіссөз жүргізіліп жатыр. «Зауыттар да қанттың бағасын көтеріп жіберді. Мысалы, Көксу қант зауыты бізге қанттың келісін 430 теңгеден ұсынып отыр. Біз әзірге ол бағаны қымбатсынып, келісімге келген жоқпыз», - дейді Ғамали Жұмашов.