Жаңалықтар

Реформалар іске асса, тұрақтылық та, табандылық та, даму да болады – Е.Қошанов

ашық дереккөзі

Реформалар іске асса, тұрақтылық та, табандылық та, даму да болады – Е.Қошанов

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Қарағанды облысына жұмыс сапары басталды. Палата спикері AMANAT партиясының  облыстық филиалы ғимаратында өңір жұртшылығымен жүздесті. Ерлан Қошанов алдағы референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды реформалардың мән-маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынып отырған конституциялық реформалардың барлық салаға қатысы бар. «Таяуда Президент Жарлығымен Ұлытау облысы қайта құрылды. Өздеріңізге белгілі, қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұндай өңірді басқарудың тиімсіз тұстары баршылық. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Сондықтан бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен, Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді», – деді Ерлан Қошанов. «Жұртшылық Мемлекет басшысының бастамаларын жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі керек.  Осы оймен Мемлекет басшысы референдум жариялады», – деді Палата спикері. Сонымен қатар Ерлан Қошанов жасанды монополияларды түбегейлі жойып, азаматтарға тең мүмкіндік беру үшін мемлекет тарапынан үлкен шаруа атқарылып жатқанына назар аударды. «Елімізде ашық саясаттың жаңа кезеңі басталайын деп отыр. Енді барлық саяси күштер сайлаушылардың нақты сұранысына басымдық береді. Сонымен бірге референдум мемлекеттің жаңа мақсаттарын жүзеге асыру болып саналады. Халық еліміздің сайлау жүйесіне сенуі керек. Бұл – билік легитимдігінің негізі. Сайлау саяси өміріміздегі қалыпты жағдайда айналуға тиіс. Біз бірте-бірте осыған келе жатырмыз», – деді Мәжіліс төрағасы. Палата спикері реформалардың басты мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды негізге алатын әділетті қоғам құру екенін атап өтті. «Қазір тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік органдардың нормативтік актілеріне көңілі толмай отыр. Олар әртүрлі инстанцияларға шағымдануда. Адамдар өздерінің конституциялық құықтары бұзылып жатыр деп есептейді. Референдумнан кейін Конституциялық сот құрылады. Әр азамат осы органға немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шағымдана алады. Омбудсменге конституциялық мәртебе беріледі. Енді олар өз конституциялық құқығын қорғау үшін елордаға келмей-ақ, өңірлердегі уәкілдердің қызметіне жүгіне алады. Офистер барлық облыста ашылады», – деді Ерлан Қошанов. Одан әрі Мәжіліс спикері саяси жүйені кешенді жаңғырту мәселелеріне назар аударды. Онда Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтуге ерекше мән беріліп отыр. Ерлан Қошанов бүгінде Парламент кез келген ауданның бюджетін тексере алмайтынын, Парламент депутаттарында мұндай өкілеттік жоқ екенін айтты. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, өңірлерге республикадан қыруар қаржы бөлінуде. Ал ел бюджетін бекітетін орган үшін оның қалай жұмсалатынын түсіну керек. «Енді Есеп комитеті мен барлық тексеру комиссиялары Аудиторлық палатаға біріктіріліп, жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында жария түрде есеп беретін болады. Бұл Мәжіліске бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша  республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерді бақылай алады», – деді Палата спикері. Сөз соңында Ерлан Қошанов облыс жұртшылығын республикалық референдумға белсенді қатысып, тарихи таңдау жасауға шақырды. Кездесуден кейін AMANAT партиясының төрағасы жеке қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарымен сөйлесті. Палата спикері жұмыс сапары барысында Теміртау қаласының жұртшылығымен кездесті. Онда 20 мың емделушіге арналған жаңадан ашылған емханаға барды. Ерлан Қошанов ем қабылдайтын кабинеттерді аралап, дәрігерлермен әңгімелесті. Одан кейін спорт дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды.