Қазақстанда алған біліміммен Нью-Йоркті маман ретінде мойындаттым – Арайлым Қалдарбек, архитектор

Қазақстанда алған біліміммен Нью-Йоркті маман ретінде мойындаттым – Арайлым Қалдарбек, архитектор

Қазақстанда алған біліміммен Нью-Йоркті маман ретінде мойындаттым – Арайлым Қалдарбек, архитектор
ашық дереккөзі
Арайлым Қалдарбек биіктігі бір-бірінен асып, көкке шаншылған ғимараттар иін тірескен Нью-Йорк қаласында жұмыс істейді. Ондағы еңселі ғимараттардың қатарын көбейтумен ай­налысатын компанияда жұмыс істейтін ол архитекторлар мен инженерлерге консультация береді. Олардың сызған сызбасын тексеріп, жоба әзірлеушілерге құрылысты бастауға қажет құжаттарын реттестіруге көмектеседі. Ол Нью-Йорктегі жауапты бұл жұмысқа тұруға Қазақстанда алған білімі, жиған тәжірибесі септігін тигізгенін айтады. Тәжірибесі молайған соң, елге келіп, жаңа құры­лыстың басы-қасында жүргісі келетін ниетін айтқан архитектор Арайлымға хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Неміс ақыны Гете «Архитектура – тас­пен жазылған құдіреттi музыка» деген екен. Таспен жазылған музыка «авторы» болу­ға кім түрткі болды? – Архитектор мамандығын таңдауыма әкем себепші болды. Ол кісі көп жыл бойы құры­лыс саласында жұмыс істейді. Өзінің жеке ком­паниясы бар. Бала кезімнен әкемнің құры­лыста атқарған жұмысын көріп өскендіктен, бо­лашағымды осы саламен байланыстырған дұрыс деп санадым. Қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде сыныптастарымның көбі се­кіл­ді ІТ саласына қызығып, хакер боламын деп ой­лайтынмын (күліп). Десе де ҰБТ-дан грантқа тү­суге жеткілікті ұпай жинай алмадым, сосын ата-анам «Қайда тапсырғың келеді, өз еркің» деп қолдау көрсетті. Сөйтіп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­сите­тінің құрылыс және көлік факультетіне оқу­ға түстім. Екінші жылы оқу үлгерімім жақ­сы болғандықтан, грантқа ауыстым. – Ал бариста курсына не үшін бар­дыңыз? Қосымша жұмыс істеп, ата-анаңызға салмақ тү­сір­гіңіз келмеді ме? – Негізі, мен 13 жасымнан бас­тап жұмыс істедім. Әркез ата-анамнан керегіме жара­та­тын қаражат сұрай бергім кел­меді. Сөйтіп, алғашында даяшы бо­лып жұмыс істедім. Шым­кент­те «Сәлем» әлеуметтік қа­ла­шығында ерікті болып жұмыс іс­тегенім бар. Сол кезде досым­ның баристаның курсына барып жүргенін көріп, мен де онымен ере барып, көп нәрсе үйреніп алдым. Бас­тапқыда ата-анам баристаның сер­тификаты не үшін керек екенін түсін­бей, үнемі сұраумен болды. Дегенмен Шымкентте мамандығым бойынша да жұмыс істе­дім. Бір құрылыс компаниясында қазір Нью-Йорктегідей іс қағаздарды жүргізу, кон­сультация берумен айналыстым. Құрылыс жұмыстарын тексеруге атсалыстым. Одан бө­лек, архитектураны басты бағыт етіп алған бір ком­пания ұйымдастырған үш айлық тренингке қатыстым. – Нью-Йорк қалталылар қаласы екенін бі­леміз. Неліктен дәл сол қаладағы оқуды таң­дадыңыз? –2017 жылы ағылшын тілін жетілдіру үшін Америкаға барып, жазғы мектепте оқып келдім. Кейін Мэриленд университеті архитектура факультетінің магистратура бөліміне оқуға түстім. Шетелдік студент болған соң, тіл кур­сынан өтуім қажет болды. Нью-Йорк қаласында мен оқыған мамандық бойынша мүмкіндік көп екенін түсініп, университеттің Балтимордағы кампусынан осындағысына ауысып, білімімді жетілдірдім. Бастапқыда мұнда тұру қиынға соқ­ты. Лицейде ағылшын тілі пәнінен үлгері­мім жақсы болса да, оны осында жазғы мектеп­ке келіп жетілдірсем де, алғашында «шок» бо­лып, екі ай бойы мүлде сөйлей алмай қалдым. Алдымен Нью-Йорктің орыстілді ауданында тұратындармен орысша сөйлесіп, содан соң ағыл­шынтілді ортаға кіре бастадым. Аме­ри­калықтармен бірге жұмыс істесем, ағылшын­шамды дамытамын деп, кофеханаға жұмысқа тұрдым. Маған қатты көмектескен сол болды. Қарап тұрсам, барлығы адамның өзіне бай­ланысты екен. Не ойласаңыз, сол орындалады. Негізі, ата-анам басында мені оқуға жібергісі кел­меді. Үлкендерді білесіз ғой, «қызға қырық үйден тыю» деген ұстаныммен қыз баланы жа­сынан қатаң бақылауда ұстағанды құп кө­реді. Оның үстіне, алдында лицейде оқығанда кам­пуста тұрғаным бар. Сол үшін олар грантты ұтып алсам да, елде қалуымды қалады. Содан соң осы жақта грантқа түсуге көмектескен ком­­­паниядағылар анаммен хабарласып, бар­лығы жақсы болатынына сендірді. Қазір бар­лығы жақсы, дегенмен ата-анама болған жайттың, мені алаңдатқан мәселенің барлығын айта бермеймін. Тек маңызды жаңалықтарды бөлісемін. Олардың мен үшін уайымдағанын қаламаймын.  width=– Аспанмен таласып тұрған биік ғи­марат­тар тұрғызылған Нью-Йоркте архи­текторлар арасында қызу бәсеке жүретін шығар. Әрі бұл мамандық бойынша жұ­мысқа кіру де оңай емес секілді. Ал сізде қа­лай болды? – Әлбетте, біздің мамандық бойынша жұ­мысты бірден табу оңай емес. Университетте бізге өз саламыз бойынша жұмыс істейтін кең­селер тізімін береді. Сол тізімдегі кеңсенің тү­геліне түйіндеме жіберіп, іскерлік байланыс ор­натуға мүмкіндік беретін LinkedIn желі­сін­дегі профилімді дұрыстадым. Қазақстандағы профессорлардан мінездеме хат алдырттым. Түйіндеме демекші, түйіндемені әр компа­ния­ның сұранысына сай етіп әзірлеуің қажет. Бар­лығына бір түйіндеме жібере алмайсың. Басында көбісі түйіндемеме қарап, жұмысқа алғысы келмеді. Қазақстаннан келгенімді біл­ген соң, оданда өздерінікін жұмылдырған дұрыс деп есептесе керек. Тіпті, аты-жөнім ком­пьютерге дұрыс енгізілмегендіктен, көп жерде түйіндемем қараусыз қалып кеткенін білдім. Десе де осында жеке компаниясы бар иммигранттар жетерлік. Бірінші жұмысыма қабылдаған компания директоры – Түркия елінің тумасы. Түрікше сөйлейтінім бар, оған қо­са елде жүргенде жинаған аздаған тәжірибем бар. Сөйтіп, ол кісі екі кезеңді қамтыған сұх­бат­тасудан кейін мені жұмысқа алды. – Ол компанияға магистратура бітір­мей тұрып кірдіңіз бе? Сонда сізді Қазақ­стан­да алған диплом, жинаған тәжірибе бойын­ша жұмысқа алып тұр ғой? – Иә. Ол уақытта магистратурадағы оқуым­ды әлі аяқтамағандықтан, компания басшы­лы­ғы мені Қазақстандағы дипломыма қарап, жұ­мысқа алды. Жалпы, М.Әуезов атындағы уни­верситет – еліміздегі үздік университет­тердің бірі. Халықаралық ортада да беделі бар. Сондықтан дипломымды тексеруге келгенде еш кедергі болған жоқ. Оған қоса, түйіндемеме елде жұмыс істеген тәжірибемді қостым. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, елде де қазіргідей жұмыс атқарғанмын, дегенмен мұнда стан­дарт­тар сәл өзгешелеу. Бірақ елде жинаған тә­жіри­бемнің көп көмегі тиді. Әдепкіде басшылық шағын жобаларды жүргізуді тапсырды. Көбіне пәтер, театр, мейрамханаларға реставрация, ренова­ция жасаумен айналыстым. Бірте-бірте мой­ныма үлкен істерді атқаруды міндет етіп қой­ды. Жаңа құрылыс жұмыстарына жауапты бол­дым. Бұл алдыңғы атқарған жұмысымнан қиы­нырақ, себебі мұнда ұсақ-түйектерге дейін көп көңіл бөліп, бір уақытта барлығына бақы­лау жасау керек. Кейін арнайы рекрутинг агент­тігі маған хабарласып, біріншісінен үлке­нірек компанияға жұмысқа шақырды. Қазір осында жұмыс істеп жүрмін. Әріптестерімнің көбі – өзге ұлт өкілдері. Әркім өздерінің ұлттық та­ғамдарын алып келіп таныстырады, ана тілі тура­лы мәселені ортаға тастайды. Қазақстан туралы да сұрайды. Мәдениетімізге қызығады. Бірақ мен 2-3 рет құрт әкеп, дәм татқызған едім, олар бір тістеп, түкіріп тастады (күліп). Ұнат­пады. Фастфудты бәрінен биік қоятын олар­дың құртты ұнатпағанына аң-таң болдым. «Әркімдікі өзіне, Ай көрінер көзіне» деген осы болар.  width=– Ал қазір онда сізге жүктелген міндет қандай? – Қазір мұнда жаңа құрылысқа жауапты бағ­дарлама менеджері болып жұмыс істеймін. Әрі архитекторлар мен инженерлерге кон­сультация жүргіземін. Олардың сызған сыз­басын тексеремін. Сондай-ақ, жоба әзір­леу­шілерге құрылысты бастауға қажет құжаттарын рет­тестіруге көмектесемін. 2018 жылы Қа­зақстанда құрылыс жүргізу үшін жұмыс басын­да архитектор, инженер болуға тиіс және құжат­тары түгел болуы керек дегенді талап ете­тін заң шықты. Америкада да осы заң кү­шіне енді. Одан бөлек, Нью-Йоркте құрылыс қа­лай жүргізілу керек екенін түсіндіретін 5-6 үлкен кітап бар. Сол кітаптан қажет деректерді алып, архитекторлар мен инженерлерді ха­бар­дар етемін. Сонымен қатар, қазір мұнда шағын биз­неске арналған көп бағдарлама бар. Соны іске асыру үшін құжаттар жинап жүрміз. –Архитектор лицензиясын алу ойы­ңыз­­да бар шығар? – Әрине. Бірақ ол үшін бес жыл бойы жұ­мыс істеу қажет. Сосын лицензия алуға мүм­кін­дік беретін, 100 сұрақты қамтитын тест тап­сыру керек. Бірақ ол тест тапсырудың құны қым­бат. 2-3 рет қайта тапсыратындай қара­жа­тым жоқ, сол үшін қазір бір тапсырғанда қажет ұпай­ды жинайтындай мұқият дайындалып жүр­мін. Бірақ екінші компания басшылығы жалақыны жақсы төлейді. Архитекторлармен ты­ғыз жұмыс істеген соң, олармен жиі әңгі­ме­лесемін, арасында сырласамын. Олардың жа­лақы­сы менікінен азырақ. Сол үшін әзірге қа­зіргі жұмысымды істей берсем деймін. Дегенмен ар­хитектор лицензиясы болашақта жеке ком­пания ашуға қажет, сол үшін қалай да болса әлгі тестті тапсырып, лицензияны алуым керек. – Ерекше ғимарат көрген кезде, оны сал­ған архитектор кім екенін білгіміз ке­леді. Алдағы уақытта осындай ерекше ғи­мараттың архитекторы ретінде таныл­сам деген ойыңыз жоқ емес шығар. Қан­ша дегенмен, өнер адамы өз туындысының көпшілік жүрегіне жол тапқанын қалайды ғой... – Әрине, бұл – менің арманым. Дегенмен ал­дымен компанияны дамыту керек. Жоба әзір­леудің шебері саналатын мамандар жаңа­дан ашыла салған компанияға келе салмайды. Сол үшін компанияның атын шығару керек, қы­зық жобалар жасаған жөн. Жеке компания аш­қандармен сөйлескен кезде, олар мәртебесін өсіру үшін ә дегенде көп жұмысты тегін ат­қарғанын айтады. Менің мақсатым – жеке ком­пания ашу, содан соң жеке архитектор ре­тінде танылу. Бізде көбіне үлкен құрылыс жұ­мысы сөз етілген кезде, бас архитектордың есі­мі ғана аталады. Бірақ түптеп келгенде бар­лық жұмысты ол емес, оның қоластындағы ар­хитекторлар атқарады. Осылайша, олардың жұ­мысы еленбей қалады, әрі жоғарыда айтып өт­кендей, архитектордың айлығы аз. Дегенмен мұны түрлі саламен байланыстырып, дамытуға болады. Жыл сайын енгізіліп жатқан жаңа­лық­тарды сол себептен де бақылап жүрмін. Аме­рикада ІТ саласы мықты дамығанын білесіз. Қа­зір біздің компания ІТ мен құрылысты байланыстырып, қатар дамытуды қолға алып жатыр. Мен де бұл бастаманы болашақта іске асыруды ойластырып жүрмін. [caption id="attachment_182019" align="alignleft" width="327"] width= Ата-анасы[/caption] – ІТ мен құрылысты қалай байланыс­тыру­ға болады? – ІТ мамандары архитекторлар қолда­на­тын AutoCAD, 3dsMax секілді бағдарламаларды ойлап шығарады. Сондай-ақ, инженерлер жүгінетін бағдарламаны құрастыру тек со­лардың қолынан келеді. Сондықтан құрылыс компанияларының басшысы құрылысқа қажет бағдарламаларды өздері жасап шығарғысы келеді. Қазір осы мақсатта көп шаруа атқары­лып жатыр. – Архитектор лицензиясын алып, жеке ком­пания ашқан соң, елдегілер осында ке­ліп жұмыс істеуге шақырса келісесіз бе? Не­гізі, Қазақстанның қай қаласына ба­рып жұмыс істер едіңіз? – Егер мені елге шақырып жатса, алдымен жұ­мысты кіндік қаным тамған жер – Оңтүстік Қазақстан өңірінен бастағым келеді. Сосын кең-байтақ Қазақстанның өзге жеріне де баруға келісер едім. Алдағы уақытта үлкен қалалар салынып жатса, сол жердегі жаңа құрылыстың басында жүргім келеді. Елде қалай болса солай емес, жылдар өтсе де көздің жауын алатын ғимараттар салынса деймін. Қазір байқап қарасам, Нұр-Сұлтан қаласы дизайнының біздің тарихымызбен байланысы болмай қалған секілді. Таныстарымнан ел ішінде «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайына көп адам бармайтынын, бұрын­ғыдай тартымды емес екенін естідім. Бүтін бір елдің астанасы болған соң, қанша жыл өтсе де, қараған сайын қызығатын ғи­марат­тар бой көтерсе деймін. Бірақ мен аста­наның стандарттарымен таныс емеспін, сол үшін нақты кесіп айта алмаймын. Бірақ шын­туайтқа келгенде құрылыста ғимарат дизайны екінші орынға шегеріледі, алдымен қауіпсіздігі барынша жоғары болғанына мән берілуі қажет. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал мұны түсіндіру жұмыстары Америкада әлдеқайда ілгерілеп кеткен. Сол үшін құрылыс қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету туралы консультациялар жиі жүргізіледі.  width=– Білікті мамандардың шетелге кетуі жиі­легеніне наразы жұртшылық «Олар ен­ді Қазақстанға қайтып келмейді. Қазақ­стан­ның «миын» өзгелер пайдаланып жа­тыр» дегенді алға тартады. – Мен мұнымен келіспеймін. Қазақстанмен бай­ланысым үзілмейді. Қазақстан – менің ту­ған жерім. «Қазақстанға қайтып бармаймын» деп ешқашан ойлаған емеспін. Дегенмен бір орын­да тұрып қалмай, жан-жақты дамығанға не жетсін! Мен әлемнің адамы болуды көздей­мін, десе де елімді көркейту үшін аянып қал­май­мын. – Қазақстанда аз уақыт болса да жұмыс іс­теген сіз архитектордың біздің елде елеу­сіз қалған мамандықтың бірі екенін жақ­сы білесіз. Америкадағыдай сұранысы көп мамандық қылу үшін бізге не істемек керек? – Бізде барлығын тамыр-таныс, аға-көке ше­шеді. Маған сол ұнамайды. Сол үшін елде қалсам, кәсібімді дөңгелету үшін көп уақыт ке­тетінін түсіндім. Бірақ барлығы адамның өзі­не байланысты. Қанша жерден тамыр-таныс аяқтан шалып тұрса да, топ жарып шығатын таланттар баршылық. Дегенмен қалтасы қалың азаматтар қалалық жобалардың түгелін ием­деніп алғысы келеді, сол жобаларға жауапты мамандардың басы-қасында жүреді. Содан соң көбі құрылысты стандарттарға сай жүргізбейді. Алдымен халықтың жағдайын ойлау қажет, барлық жұмыс біткен соң, күтпеген жерден өрт шы­ғып жатса, жер көтерілсе, құрылыс тапсы­рыл­май, қаншама адамның еңбегі зая кетеді. Деген­мен қазір оңтүстіктің астанасы саналатын Түркістанға көп ақша құйылып жатыр. Көркем ғи­мараттар тұрғызылды. Елдегілер барлығы өз қо­лынан келетінін түсінді. Дегенмен архи­тек­тура анау айтқандай бизнес емес, ел аузында жеке адамның шеберлігі емес, керемет са­лын­ған ғимараттың құрылысы жиі айтылады. Ком­пания ашып, мәртебесін асыру керек де­генді алға тартып отырғаным да сондықтан.  width=– Нью-Йорктағы тым қарқынды жұ­мыс ортасына ілесіп жүру қиын шығар? – Оңай емес. Мұнда жұмыс ерте басталады. Тұр­ғындар да еп-ерте тұрып алады. Мысалы, біз­дің директор таңғы төрттен бастап жұмыс іс­тейді. Күнделікті қарбалас тірлікпен жүгіріп, күннің қалай батып кеткенін білмей қаласың. Осындай азан-қазанның ортасында көбісінің шамасы түгесіліп қалып жатқанын байқаймын. Десе де мұнда қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Табиғаты да, климаты да жақсы. Айт­пақшы, Нью-Йорктің климаты біздің оң­түс­тіктің климатына ұқсас келетінін байқадым. Анаммен сөйлескенде Шымкентте жаңбыр жауып тұрғанын айтады, екінші күні бізде де жаңбыр құйып салады. Шымкентке қар түссе, келесі күні бізде де қар жауады. Күн жылынса, бізде де аяздың беті қайтады. Дегенмен мұнда қолдап, демеп отыратын қазақтар жетерлік. Бірақ орыстілді ауданда тұрғанда сыртта жүр­генде көбіне ТМД-дан шыққан адамдар жиі алдайтынына көзім жетті. Олар «жұмыс тауып береміз» деп ақша талап етіп, соңында берген уәдесін орындамай, қашып құтылады. Ал аме­рикалықтар ондай емес, керісінше көмектесуге, бар білгенін айтуға тырысады. Тіпті, өздері туралы жағымсыз пікірлерді жиі еститін еврейлер де әрдайым көмек қолын созып, құрақ ұшып тұрады. – Ертең мектеп бітіргелі жатқан, өзіңіз секілді архитектор болғысы келетін жас тү­лектерге айтарыңыз бар ма? – Қай іске икемі келетінін анықтап, бойын­дағы дарынын осы бастан ұштай түссе екен дей­мін. Сосын өзгелердің сөзіне ермесін. Бізде кө­бісі «Ақыл айтсақ, жақсы болсын деп айта­мыз» дейді ғой, бірақ оның барлығын тың­дау­дың қажеті жоқ. Қазір грантта оқуға жағдай болмай тұрса, салың суға кетіп уайымдаудың қажеті жоқ. Бүгін жолың болмағанымен, келесі жолы Құдай үсті-үстіне жақсылық үйіп береді. «Қанша рет құлағаның емес, қаншалықты тез тұра білгенің маңызды» дегендей, өміріңде осындай сәттердің болғаны да дұрыс шығар. Кейбір кезде үнемі биікте жүре бермей, астыға түсіп, асықпай, айналаға қарап, басар қада­мыңды тағы бір рет анықтап алған дұрыс. Мені мысалға алып қарайықшы, алғашында грантқа түсе алмадым, көпшілік оқығысы келмейтін архитектура мамандығын таңдадым. Кейіннен барлығы бір рельске түсіп, бұраңдаған жол мені Нью-Йоркқа жетелеп әкелді. Алғашында ата-анам архитектура мамандығын таңдағаныма таң­данған болатын. Қазір сол кезде өзіме ұна­ғанын, болашағы зор, жетіліп келе жатқан са­ланы таңдағаныма көзім жетті. Сол үшін ертең мектеп бітіргелі тұрғандар қандай жағдай болса да, морт сынбасын деймін. Мек­тепте болған жайттар ертең ұмыт қалады, өмір­ге ара­ласқан соң нағыз мектептің алда еке­нін тү­сінесің. Ал ата-аналар баласына өз прин­цип­терін күштеп танбай, оларға өз бола­шағына жос­пар құрып, өз бетінше әрекет етуге мүм­кіндік бергені дұрыс.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ