Кісілік келбеті
Кісілік келбеті
Ұлттың өткеніне үңіліп, келешегіне көз салсақ та, үнемі кешегі мен бүгіннің алтын көпіріндей болып тұрған абыз ақсақалдар алдына келіп жүгінеміз. Өйткені көпті көрген қарияның көңіліне түйген қазынасы көп, болашақты болжай алатын бағдары бар. Қазір ел ортасында құрметке бөленіп жүрген сондай ақсақалдардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі түрколог Мырзатай Жолдасбеков биыл мерейлі 85 жасқа толып отыр.
Қоғам қайраткерінің осы мерейтойына орай, 25 мамыр күні Халықаралық Түркі академиясы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханасы ғимаратында «Кісілік келбеті» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді.
Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізген алқалы жиында белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, ақын, мемлекеттік сыйлық иегері Несіпбек Айтұлы, сонымен қатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, жоғары оқу орындары қызметкерлері, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары бас қосты.
Сондай-ақ, бұл халықаралық деңгейде өткен конференцияға Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екижи, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Ағалар Атамоғланов, Түрікменстанның Қазақстандағы елшісі Батыр Реджепов, Иранның Қазақстандағы елшісі Маджид Сабермен қатар, еліміздегі танымал ғалымдар мен бірқатар жетекші БАҚ басшылары да атсалысты.
Жиынға қатысушылар ғалым М. Жолдасбековті мерейлі жасымен құттықтап, түркология саласына сіңірген зор еңбегі туралы пайымды пікірлері мен жылы естелік-лебіздерімен бөлісті. Сондай-ақ конференция кезінде қоғам қайраткерінің «Қосбасар», «Толғау» атты күйлерімен қатар, мерейтой иесінің анасы шығарған «Бедел-ай, бөпем-ай» әні орындалып, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Келелі кездесу барысында академия басшысы Дархан Қыдырәлі:
– Құрметті ел ағалары, біз Мырзатай ағамыздың мерейтойында, кітапханадағы Мырзатай Жолдасбеков атындағы залда бас қосып отырмыз. Бұл – біз үшін тарихи күн. Ағамыз мемлекетке тұтқа болар қай істі қолына алса да, Күлтегін жазуында айтқандай, «Түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» ел игілі жолында өлшеусіз еңбек етті. Сол ұлт руханияты үшін жасаған барлық істің бүгін зейнетін көретін уақыт келді, – деп, ғалымды түркология ғылымына қосқан ерен еңбегі үшін Түркі академиясының арнайы тағайындаған «Вильгельм Томсен» медалімен марапаттады.
Сонымен қатар тағылымды іс-шара аясында ғалымның «Кісілік кітабы», «Дәуір өрнектері» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі жасалып, Күлтегін ескерткіші мәтіндерінің әлемнің 14 тіліндегі ғылыми аудармалары жинағы көпшілік назарына ұсынылды. Ғылыми жинақта Күлтегін бітіктасы мәтінін ағылшын, әзербайжан, қазақ, корей, қырғыз, мажар, монғол, неміс, орыс, татар, түрік, тыва, қытай және француз тілдерінде ғылыми әрі көркем аудармалары беріліп отыр.
Айта кету керек, Күлтегін жазба ескерткішінің Мырзатай Жолдасбеков жасаған қазақ тіліндегі жаңғыртпасы оқырман тарапынан жылы қабылданып, кең таралған болатын. Бұл нұсқа да аталған жинаққа енгізілген.
Іргелі еңбекке Күлтегін ғұрыптық кешені бойынша соңғы кезде жасалған соны ғылыми мәліметтер, архивтік және тарихи құжаттар, эстампаж үлгілері, бүгіндері сирек кездесетін мәліметтер, фотосуреттер, кешеннің сызба жаңғыртпасы секілді бірқатар мағлұматтар жүйеленіп енгізілген.
Ғылыми конференция соңында сөз алған түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков жиналған барша қауым мен бауырлас елдерден келген елшілерге ерекше алғысын білдіріп, іс-шараны ұйымдастырған Халықаралық Түркі академиясы мен кітапхана ұжымына ризашылығын жеткізді.
Айта кетсек, қоғам қайраткерінің 85 жылдық мерейтойына арналған үлкен деңгейдегі іс-шараны 27 мамыр күні Еуразия ұлттық университетінде өткізу жоспарланып отыр.
Әсем ҚҰЛМАНОВА