Биліктің өкілді тармағының өкілеті артады
Биліктің өкілді тармағының өкілеті артады
Конституцияға түзету енгізуге қатысты ұсыныстың екінші тарауында Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібі қайта қаралған.
Өзгерісті көпшілік қолдап, мақұлданар болса, Парламент палаталарының өкілеті артады деп сендіреді жауаптылар. Нәтижесінде Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталарының міндеті мен функциялары неғұрлым нақтылана түспек.
Сенат өңірлерге баса
назар аудармақ
Газетіміздің алдыңғы санында Президенттің өкілеттігіне қатысты өзгерістердің жобасын қарастырған едік. Сол кезде Президенттің Сенатқа жүретін ықпалы төмендейтіні айтылған болатын.
Референдумға ұсынылып отырған жобалардың нәтижесінде Сенаторларды тағайындайтын президенттік квота 15-тен 10 адамға дейін азаяды. Оның ішінде бес адамның кандидатурасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады, яғни қазіргідей сайланбайды.
Сонымен қатар, Сенат өздері сайланған өңірлердің мүдделерін білдіруге және қорғауға баса күш салмақ. Яғни, Сенатта аймақтық өкілдік функциясы күшейтілмек. Осылайша, Сенаторлардың халық алдындағы жауапкершілігі артып отыр.
Реформалар пакетіне мәслихаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың ел азаматтары алдындағы есептілігін күшейту жөніндегі шаралар да кіреді. Бұл сенаторларды сайлау процесіне бәсекелестікті қосады және олардың өздері өкілдік ететін аймақтар алдындағы жауапкершілігін күшейтеді деген сенім бар.
Сонымен қатар Сенатта Президент тағайындайтын бірқатар лауазымдар, мәселен ҰҚК төрағасы, Ұлттық Банк басшысы және тағы да басқа қызметтер үшін ерекше құқықтық мәртебе беру, яғни дербестігін қамтамасыз ету сияқты маңызды функция сақталып отыр. Ұсынылған реформалар осындай лауазымдардың тізімін кеңейтеді.
Кандидатты тағайындау немесе қызметтен шығару алдында Сенаттың келісімін талап ететін лауазым қатарына Конституциялық соттың төрағасы және Жоғары Сот кеңесінің төрағасы қосылды (55-баптың 2-тармақшасы).
Конституцияның жаңа редакциясындағы Сенаттың өкілетіне Республиканың Бас прокурорын, Жоғары Сотының төрағасы мен судьяларын ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де қол сұғылмаушылығынан айыру жатады (55-баптың 3-тармақшасы).
Бұл ретте мәселе Сенаттың құзыретін кеңейту емес, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін арттыру туралы болып отыр.
Мәжіліс депутаттарының
саны азаяды
Мәжіліс құзыреті неғұрлым ықшам бола түспек. Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттар енгізілмейді (бұрын ҚХА ішінде 9 депутат сайланған). Депутаттардың жалпы саны 107-ден 98-ге дейін азаяды.
Осылайша, Мәжіліс пропорционалды жүйе бойынша 70 пайыз, мажоритарлық жүйе бойынша 30 пайыз арақатынасында партия тізімдері негі-зінде аралас сайлау жүйесі қалыптастырылатын болады.
Бұған дейін Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Мәжілістің жасақталуына қатысты пікір білдіріп, заңнамадағы өзгерістерді түсіндірген еді.
– Қазір сенатты мәслихаттар сайлаған депутаттар (әр өңірден екіден) және Президент тағайындаған 15 депутат (34+15=49) құрайды. Жоба Президент квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынады, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады (40+10=50), ал Мәжіліс депутаттары (барлығы 107 депутат) қазір тек саяси партиялар арқылы және Ассамблеядан сайланады. Ассамблеяның квотасын – 9 депутаттық мандатты алып тастау ұсынылады, яғни Мәжілісте 98 депутат болады. Бұл 98 депутат аралас жүйе бойынша сайланады: депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер арқылы, екінші бөлігі кандидатты халықтың тікелей сайлауы арқылы сайланады, – деген еді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ заңдарды қабылдау жүйесі де өзгереді. Мәжіліс заңдарды қабылдау жүйесіндегі негізгі институтқа айналады: «Заңдарды Мәжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды» (62- б.5-т.). Олардың сапасын бақылауды қамтамасыз ететін және бұл ретте заң шығару процесін оңтайландыратын, сондай-ақ Мәжілістің заңнамалық және бақылау функцияларын күшейтетін жаңа рәсім енгізіледі.
– Қазір заңдар заң жобаларын алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта дәйекті қарау арқылы қабылданады. Енді заңдарды қабылдау мәжіліске беру ұсынылады, ал Сенат қабылданған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығына ие болады. Бұл ретте Конституциялық заңдарды Мәжіліс пен Сенат бірлесіп қабылдайды. Мұндай модель заңдарды қабылдау тәртібін едәуір жеңілдетеді және депутаттарды сайлаудың жоғарыда аталған аралас моделін ескере отырып, заңдарды қабылдау кезінде көзқарастар бәсекелестігін арттырады, – деді Алма Мұқанова.
Мәжіліс депутаттарын халық
«кері қайтара» алады
Ұсынылып отырған өзгерістерде мажоритарлық жүйе бойынша, яғни бірінші турда абсолют басымдықпен немесе екінші турда салыстырмалы басымдықпен сайланған барлық депутаттың жұмысына халықтың, яғни сайлаушылардың көңілі толмаса, депутатты қызметінен шеттете алады. Бұл мәселе жобада «депутатты кері қайтарып алу» деп көрсетілген. Оның шарттары мен рәсімі жеке заңда айқындалатын болады.
Жауаптылар бұл тетік референдум сияқты, тікелей демократияның құралы екенін айтады. Яғни, осы арқылы сайлаушылар мен депутаттар арасында байланыс нығаяды, сонымен қатар халық қалаулыларының жауапкершілігі артады.
Заңдарды қабылдаудың, оның ішінде дағдарыс кезінде қабылдаудың жаңа рәсімі туралы заң жобасы қаралғаннан кейін Мәжіліс заң жобасын қабылдайды немесе қабылдамайды. Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды не мақұлдайды және Президенттің қол қоюына жібереді, не мақұлдамайды және Мәжіліске қайтарады. Бұл жағдайда келісу рәсімі өткізіледі. Сонымен қатар Мәжілістің өзі бұрын қабылдаған редакцияда заңға қайта дауыс беруге құқығы бар. Бұл жағдайда заң Сенатсыз бірден Президентке қол қоюға жіберіледі (61-б. 4, 5 және 5-1-т.).
Бұл өзгерістер заң шығару процесін оңтайландыру, заң қабылдау мерзімін қысқарту үшін ұсынылған. Парламент пен оның палаталарының қаулылары палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусын есепке алу арқылы қабылданады. Сонымен қатар заң жобалары палаталардың бірлескен отырысында қаралатын болады (қазір олар қарапайым заңдар сияқты алдымен Мәжілісте, содан кейін Сенатта қаралады).
Бұл ретте Негізгі заңның жаңа редакциясы Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қайтадан талқылау мен дауыс беруді өткізуді көздейді. Мұндай жағдайда Конституциялық заң қабылданбады деп немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі (53-б. жаңа 1-2) тармақшасы, 54-б. 2-тармағының 2) тармақшасы).
Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайларда Парламент өз палаталарының бірлескен отырысында Үкімет енгізген заң жобасын дереу қарауға міндетті болады. Үкімет Парламенттің заң жобасын қарауы кезеңінде заң күші бар актіні өзінің жауапкершілігіне ала алады (61-б. 2 және 3-т.).
Парламент ықпалы қалай күшейеді?
Парламенттің ықпалы бұрынғысынша, палаталардың әрқайсысы Конституциялық Кеңестің 2 мүшесін емес, Конституциялық Соттың 3 судьясын қызметке тағайындау есебінен күшейтілетін болады (57- б. 1) тармақшасы).
Конституциялық Соттың өкілеті Конституциялық Кеңеске қарағанда кеңірек болмақ, сондай-ақ Парламенттің мемлекеттік институттар жүйесіндегі ұстанымын күшейтуге қызмет етеді. Тиісінше, Парламенттің әр палатасы үшін Есеп комитетінің орнына келетін Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін сайлау құқығын сақтау да биліктің заң шығарушы тармағын күшейтуге қызмет етеді. Бұл ретте Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Мәжілісте жылына екі рет есеп береді (56-б. 3-1- тармақшасы).
Жалпылай айтқанда, Парламент палаталарының функционалдық міндеттері мен өкілдік функциялары нақты бөлініп, палаталардың бірлескен жұмыс тәртібі белгіленетін болады. Парламенттің заң шығару жұмысының тиімділігін арттыру, биліктің әртүрлі тармақтары арасында тексеру мен тепе-тең жүйе құру көзделіп отыр.
Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палатаға айналады
Реформада ұсынылған жобалар мақұлданар болса, Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палатаға айналады.
Мемлекет басшысы мұндай ұсынысын Қазақстан халқына арнаған Жолдауы кезінде айтқан болатын.
– Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Жауаптылар «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі» деген анықтауыш тіркестен бас тарту палатаның өкілеті кеңейтіп, оған республикалық бюджеттің атқарылуын ғана емес, сондай-ақ ЖАО, квазимемлекеттік сектор мен басқа да құрылымдардың бюджеттерін бақылау функцияларын беруді білдіретінін айтады.
Ұсынылған жобаға сәйкес, Палата Төрағасы Мәжілісте өз жұмысы туралы жылына екі рет есеп береді (56-б. 3-1-тармақшасы). Бұл республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Парламенттің Жоғары аудиторлық палатаның есебін палаталардың бірлескен отырысында Үкіметтің Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебімен бірге бекіту туралы Конституцияның ережелері сақталды.
44-баптың 7-тармақшасындағы, 53-баптың 2-тармақшасындағы, 57-баптың 1-тармақшасындағы, 58-баптың 3- тармағының 7-тармақшасындағы өзгерістер Есеп комитетінің атауын Жоғары аудиторлық палатаға өзгертумен байланысты және бұдан норманың мәні өзгермейді.
«Мемлекеттік хатшы»
лауазымын «Мемлекеттік кеңесші»
деп ауыстыру ұсынылып отыр
Мемлекеттік хатшы лауазымы Қазақстанда вице-президенттің лауазымы жойылғаннан кейін пайда болған еді. Ол Президент қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын саяси лауазымды тұлға.
Осы жылдың қаңтарында Мемлекеттік хатшының өкілеті кеңейтілді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшының қарауына білім, ғылым, мәдениет және спорт салалары, Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен ҚСЗИ қосылды.
Жалпы Қазақстан тарихында барлығы он алты Мемлекеттік хатшы, оның ішінде уақытша міндетін атқарушылар да болды. Мемлекеттік хатшының мәртебесі мен өкілеттігі Президенттің Жарлығымен реттеледі (бірінші Жарлыққа 2003 жылы қол қойылды, бірақ 2007 жылы ол жаңа Жарлықпен ауыстырылды).
Конституциялық реформа аясында «Мемлекеттік хатшы» лауазымын «Мемлекеттік кеңесші» деп ауыстыру ұсынылып отыр. (44-б. 19-тармақшасы).
Мемлекеттік кеңесші лауазымы Ұлыбритания, Норвегия, Финляндия, Франция, Швейцария, Ресей, Беларусь және тағы да басқа бірқатар елдің саяси құрылымында бар.
Биліктің өкілді тармағын қайта жасақтау, қайта құрылымдауға байланысты Референдумға шығарылатын ұсыныстар легі – осы. Бұл тараудағы ұсыныстар мұның алдында талдап өткен құзырет пен артықшылықтың тек бір ғана билік өкілінің айналасында шоғырлануының алдын алу үшін қабылданбақ шаралардың жалғасы десек те болады.