Жаңалықтар

Балалардың болашағы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды

ашық дереккөзі

Балалардың болашағы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды

25 мамыр күні «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Бұл орган партияның Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын бағалау мен бақылауға мақсатында құрылғаны мәлім. Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау мен білім беру салалары үшін бір-бірінен бөлек екі  кеңес болған еді. Тек 29 наурыз күнгі партияның саяси кеңес бюросының қаулысы бойынша екі бағыт біріктіріліп, ортақ бір құрылым жасалды. Ал кеңестің төрағасы болып Мәжіліс депутаты, партия мүшесі Саясат Нұрбек тағайындалды. «Ел арасында әлеуметтік мәселелерге деген сұраныс пен талап жылдан жылға күшейіп келе жатыр. Бұл біз үшін өте жауапты жұмыс. Ол әсіресе партияны өзгерту, трансформация кезінде аса маңызды болып отыр. Ашықтық және тиімділік, әрі партияның қызметінде сервистік принцип, яғни халыққа қызмет көрсету тұжырымы алдыңғы қатарға шықты»,– деді жиында алғаш болып сөз алған саяси ұйымның хатшысы Ринат Кертаев. Ринат Кертаев жұмыс тобының отырыстары алдын-ала құрылған жоспары бойынша үйлестірілетіндіктен, екі бағыттың арасында қарама қайшылық пен бір-біріне кедергілік болмайтынын ескертті. Ол бұл керісінше білім беру мен денсаулық сақтау салаларының түйіскен тұсындағы ортақ проблемаларды шешу үшін тиімді жұмыс атқарады деген ойын жеткізді. Кеңес төрағасы Саясат Нұрбек бүгінгі жиынның мән-мағынасына тоқтала келіп, оның биылғы жылға арналған жұмыс жоспарын назарға ұсыныды. Мұнан кейін барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерін қалпына келтіру мәселесі қаралды. Ол бойынша, жалпы партияның Білім мен ғылымды дамыту тұрғысындағы Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады. Бүгінде республика бойынша 7 569 мектепте 3 597 159 бала оқиды (2306 қалалық мектепте – 2 060 369 оқушы; 5263 ауылдық мектепте – 1 536 790 оқушы). Олардың ішінде шағын жинақталған 2 748 мектепте 192 оқушы білім алады. «Министрлік қосымша білім беруді дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарып жатыр. Бұл жұмыстар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде және жеке ұйымдарда жүзеге асырылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балаларды секциялармен және үйірмелермен қамту ауқымын қысқа уақытта 90 пайызға дейін жеткізуге болады»,– дейді Ғ.Бейсембаев. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі күні 59 бағыт бойынша құрылған 7223 үйірмеде жалпы саны 250,7 мың бала шұғылданады. Ал сәуір-мамыр айында спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалардың саны 600 мыңға жеткен. Жалпы, Жол картасы аясындағы жоспар бойынша 2025 жылға қарай 70 мың спорттық секцияда 1 млн 765 мың бала спортпен шұғылданады деп болжанып отыр. Сонымен қатар спорт мектептері мен арнайы интернаттардың жаттықтырушы-мұғалімдерінің жалақысын 2 есеге көтеру көзделген. Биылғы оқу жылында орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында сабақтан тыс мезгілде дене шынықтырудан сабақ беретін педагогтарға 100% үстемақы енгізілді.