Жаңалықтар

Ультрамарафоншы Алтай мен Атырау арасын жаяу жүгіріп өтпекші

ашық дереккөзі

Ультрамарафоншы Алтай мен Атырау арасын жаяу жүгіріп өтпекші

Елордалық әуесқой ультрамарафоншы Марғұлан Ермағанбетұлы Алтай мен Атырау арасындағы ұлан ғайыр атырапты жүгіріп өткісі келеді деп хабарлады turkystan.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. Ол 22 күн ішінде Қатонқарағай асуларынан өтіп, Ерейментау арқылы бас шаһарға жетті. 26 мамырда таңғы уақытта бағытын жалғастырып, Арқалық арқылы батысқа бет алады. Айтуынша, басты мақсаты - ішкі туризмді және салауатты өмір салтын насихаттау. Солтүстіктен оңтүстікке және шығыстан батысқа дейінгі бірнеше мың шақырым қашықтықты жүгіріп емес, көлікпен жүріп өтудің өзі бір мұң. Алайда ультрамарафонның денсаулыққа берер пайдасы мол. Адам өз мүмкіндігінің шексіз екенін түсініп, ерік-жігері артады. Марғұлан Ермағанбетұлы халық арасында әуесқой спортты насихаттап жүргеніне 3 жыл болған. «Өскемен мен Екібастұз қаласында біраз аялдадым. Өйткені өз өзіме келу керек болды. Қалған уақыттарда күніне 40-80 шақырымға дейін жүгіріп отырдым. Қазағымыздың қонақжайлығы әлі жоғалмағанына көзім жетті. Өйткені 22 күннің 5 күнінде ғана қонақүйде жаттым. Қалған 15 күні қазағымның дастарханынан дәм татып, сол қонақжайлығына көзім жетті», - деді әуесқой ультрамарафоншы. Марафоншының сөзінше, Шығыс Қазақстан облысынан елордаға дейінгі аралықта интернеті жоқ ауыл болмаған. Бірақ ішкі туризмді дамытуға кедергі келтіретін жағдайлардың барын айтты. Сондай-ақ трасса бойында асхана аз екенін де жеткізді.  «Жоспар бойынша, қазір Арқалық қаласы деп отырмын. Жалпы, Қостанай облысы, одан кейін Ақтөбе облысы, одан кейін Атырау облысы», - деді Ермағанбетұлы.