Жаңалықтар

Шымкенттегі перзентхана жанында жарылыс болып, 1 адам қаза тапты (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

Шымкенттегі перзентхана жанында жарылыс болып, 1 адам қаза тапты (ВИДЕО)

Бүгін Шымкентте №1 Облыстық перинаталдық орталықтағы дәрі сақтайтын ғимаратта жарылыс болып, күзетші қаза тапты. Алдын-ала болжам бойынша, жарылыстың себебі газдың жиналуынан болған деп хабарлады turkystan.kz. Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама күндізгі сағат 11:36-да түскен. Өрт сөндірушілер жеткен кезде жарылыс салдарынан «Меж госпиталь 138 дәріхана» ЖШС-не қарасты 2 қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны анықталған. Ғимараттың жалпы ауданы 360 шаршы метрді құраған. Қабырғалары кірпіштен, шатыры гофр картонмен қапталған. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимарат ішінара опырылып, 5 қабатты тұрғын үйдің жанындағы пәтердің балконы мен терезелері, 7 автокөлік зақымданған. Жалынды ауыздықтауға ТЖД 37 қызметкері және 9 бірлік жұмылдырылған. Өрт сағат 12:06-да сөндірілді. «Өрт сөндіру кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің күштері өрт орнынан жанып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оның кім екені анықталып жатыр. Адын-ала болжам бойынша, күзетші болуы мүмкін. Қазір жарылыстың себебі анықталып жатыр»,- делінген хабарламада. Оқиға орнына, сондай-ақ, Шымкент қаласы Полиция департаменті басшылығы мен жедел-тергеу тобы шыққан. Жарылыс болған ауруханааралық дәріхана ғимаратының толық жойылғанын анықтап, онда тұзды ерітінді өндірілетіні анықталды. «Жарылыс нәтижесінде пайда болған өртті ТЖД қызметкерлері толығымен сөндірді. Алдын-ала мәліметтер бойынша, жарылыстың себебі газдың жиналуынан болған. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», - делінген Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда сол ғимараттардың маңында тұрған көліктерге зақым келгені түсірілген. Сондай-ақ, жарақат алған адамдарды алып кетіп бара жатқанын көруге болады.